Қазақстандағы қымбатшылыққа Ресей әсер етіп жатыр – Eurasianet

0
1229

Қыркүйекте Қазақстандағы инфляция бес жылдағы рекорд көрсеткішке жетті, деп жазады Азаттық.

Ресми мәлімет бойынша, өткен айда инфляция жылдық өлшеммен 8,9 пайыз болған. Мұндай көрсеткіш соңғы рет 2016 жылы тіркеліпті. Былтыр инфляция 7,5 пайыз, ал пандемияның алдындағы жылы 5,4 пайыз болған еді. Соңғы кездері әсіресе азық-түлік ерекше қымбаттаған.

Eurasianet-тің жазуынша, Қазақстандағы инфляцияның жеделдеуіне әсер еткен екі фактор бар. Соның бірі – Ресей экономикасымен байланыс. Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының сарапшысы Ғалымжан Айтқазиннің сөзімен айтсақ, Қазақстан Ресейдің «жылдам өсіп жатқан инфляциясын импорттап» отыр. Мәскеу инфляция шегіне тамыз айында жеткен. Басылымның жазуынща, осы жылдың бірінші жартысында Қазақстанның бүкіл импортының 40 пайызы Ресейден келген.

Бағаның аспандауына тағы бір себеп – «Нұр-Сұлтанның дағдарысқа қарсы шаралары» деп жазады Euraisanet. Тіпті халыққа жолдауының өзінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиямен күреске бөлінген 14,8 миллиард доллар ақша массасының шектен тыс көбеюіне алып келді дегенді айтқан. «Инфляцияның бақылаусыз өсуі мәселесіне тап болдық. Ұлттық банк пен үкімет әлемдегі тенденцияларға сүйене отырып, бұған қарсы тұра алмады» деді Тоқаев.

Bne Intellinews басылымының жазуынша, Қазақстандағы бағаның артуына пандемияға байланысты шектеулер мен қуаңшылық та себеп болған. Инфляция ұлттық банк көрсеткен меже – 6 пайыздан 2020 жылғы наурызда-ақ асып кеткен, содан бері ол үздіксіз өсіп барады.