Қазақстанда коронавирустың британиялық және оңтүстік африкалық штамы анықталғаны хабарланды

0

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирустың британиялық және оңтүстік африкалық штамы табылғанын хабарлады.

Мекеме Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп COVID-19 вирусының жаңа штамдарын анықтау үшін экспресс-скрининг енгізген.

— Қазақстанның барлық аймағынан коронавируспен ауырған науқастардың зертханалық үлгілері тексерілді. Нәтижесінде Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облысынан басқа аймақтардан коронавирустың британдық, оңтүстік африкалық, бразилиялық штамдары анықталды. Алматыда британдық және оңтүстік африкалық штамдар кең тараған. Бұл мутацияланған вирустың таралуы өте тез, — деді елдің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 30 наурызда өткізген брифинг кезінде.

Министрдің сөзінше, британдық штам Египет және Біріккен Араб Әмірлігі елдерінен келген жолаушылардан анықталған.

Денсаулық сақтау министрлігі вирустың британдық штамы 70 процент тез тарайтынын ескертеді. Онымен ауырған науқас кемінде екі адамға жұқтыруы мүмкін.

Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, британдық штамды Түркия арқылы басқа елден келіп жатқан қазақстандық алып келуі мүмкін. Себебі «Стамбұл әуежайы жер бетінің оңтүстік бөлігінің негізгі хабы» дейді.

Қазір 24 180 адам коронавирустан емделіп жатыр. 364 науқастың жағдайы – ауыр, 76 пациенттің хәлі – өте ауыр, 46 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

2020 жылдың наурыз айынан бері 243 318 адамның коронавирус тесті оң шыққан. 218 031 адам жазылған. Содан бері 3029 адам қайтыс болған.

Қазақстан билігі 2020 жылдың 1 тамызынан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандарды бөлек есептеп келеді. Бірақ оған дейін қанша адамның коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққаны белгісіз. Денсаулық сақтау министрлігі оларды пневмонияның жалпы түрінен ажырату қиын болғанын айтқан.

Содан бері 50 443 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан, 684 адам қайтыс болған.