Қазақстан саяси баспана бермеген Сайрагүл Сауытбай Нюрнберг сыйлығын жеңіп алды

0
4064
Сурет: dw.com

44 жастағы Швеция тұрғыны Сайрагүл Сауытбай Қытайда «саяси қайта тәрбиелеу лагерлері» туралы айтқан алғашқылардың бірі болды. Оған Нюрнберг халықаралық адам құқықтары сыйлығы берілді, деп хабарлады Азаттық.

Әйел бұл марапат «оның Қытайдың қылмыстық әрекеттеріне қарсы күресінің және Еуропадағы, Түркиядағы, Қазақстандағы шындықты сүйетін адамдардың ортақ жеңісі» деп санайды.

– Сайрагүл Сауытбай ханымға Нюрнбергтің 2021 жылғы адам құқықтары жөніндегі халықаралық сыйлығын табыс ете отырып, Нюрнберг қалалық әкімшілігі тағдыры көп жағынан Қытайдағы этно-діни азшылықтарға үлгі болып саналатын құқық қорғаушыға құрмет білдіреді, деп хабарлады Нюрнберг адам құқықтары жөніндегі бюро.

Сауытбайдың айтуынша, сыйлық өмірін қатерге тігіп, адам құқығы үшін күрескендерге беріледі.

– Біздің күресіміз енді басталды. Менің ойымша, Батыс елдерінің қолдауымен біз Қытайдың қылмыстық әрекеттеріне ауыр соққы береміз.

Шешімді 28 ақпанда Нюрнберг мэрі Маркус Кенигтің төрағалығымен өткен халықаралық қазылар алқасы қабылдады. Сыйлық 1995 жылдан бастап екі жылда бір рет беріледі. Марапаттау рәсімі Нюрнберг опера театрында 2022 жылдың көктемінде өтеді.

Өткен жылы Сайрагүл Сауытбай «Ерлігі үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты болды. АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл сыйлықты бейбітшілік, әділеттілік, адам құқығы, гендерлік теңдік және әйелдер құқығы үшін өмірін қатерге тіккендерге табыстайды.

Сауытбайға 2019 жылы Швециядан баспана берілген. Ол әрі қарай Шыңжаңдағы лагерьлердің ішкі құрылымы туралы және Бейжіңнің «Батыс демократиясын құлату және бағындыру» жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарлары туралы айтты.

2017 жылы ҚХР-да әйелді ұйғырлар мен басқа да ұлттық азшылықтарды «қайта тәрбиелеу лагеріне» жіберді.

Сайрагүл Сауытбай «Бас куәгер» кітабын жазып шықты. Онда осы лагерлердің бірінде өзінің басынан кешкендері туралы баяндайды.