Қазақстан-Ресей еріксіз жымиған серіктестер

0

Қазақстан мен Ресей экономикалық тұрғыдан одақтас, әскери негізде бір ұйымда, ал саяси тұрғыдан серіктес.

Екі елді тек қана ресми байланыстардан бөлек жеті мың шақырым шекара, Ресейдегі миллион қазақ пен Қазақстандағы екі жарым миллион орыс, КСРО құрамындағы ортақ тарих пен өзге де байланыстырушы факторлар біріктіреді.

Алайда сол біріктіруші факторларды екі ел арасындағы достықты дамытушы сипатта қолданудың орнына, Кремль қысым жасаушы рычаг ретінде пайдалануды көздейді. Мысалы ортақ шекараны ресми мойындап, бірақ бейресми “біздің тарихи жеріміз” деген сандырақты айтады.

Орыс тіліне қысым мен орыстілділерге күн көрсетпеу дегенді ойдан шығарып, Ақордаға қысым жасағысы келеді. Бұл ескі әдістер болатын. Алайда Мәскеу жаңа әрі қауіпті әдіске көше бастады, ол — экономиканы қыспаққа алу.

Ресей аумағы арқылы Қазақстанның басты мұнай жолы өтеді. Ол Каспий құбыры. Бюджеттің 60 пайызын құрайтын қара алтынның 80 пайызы осы құбыр арқылы Ресейдің Новороссийск қаласына барып, ары Кәрі Құрлыққа жол тартады. Бұл басты мұнай экспорт жолы.

Оның маңызын Қазақстан билігі де, Ресей билігі де біледі. Білгендіктен де оны Ресей соңғы уақытта түрлі сылтаумен жауып, түрлі қиқарлықпен бітеп тастауда. Наурызда “дауыл соқты” деп жауып қойды, маусымда “су бетіне теңіз минасы қалқып шықты” деп жұмысын тоқтатты, шілдеде “құбыр экологияға зиян келтіруде” деп отыз күнге жұмысына сотпен тыйым салды. Әрине, бұл саяси қысым. Бопса, көндіру тәсілі.

Киліккенге илігу — бұға берсең, сұға бередіге әкеледі. Сондықтан да Қазақстан қарсы жауапты іздей бастады. Ол мұнай экспортын жаңа маршрутпен жеткізу. Қазақстан Иран және Әзербайжан арқылы Еуропаға мұнай жеткізуді талқылап, қарастыруда.

Ресей бұл қадамды өзіне қарсылық деп түсінері анық. Тоқаевтың Петербург жиынындағы сөзі, артынша Қазақстан Еуропаға энергоресурс беруге дайын екендігі жайлы мәлімет Мәскеуге ауыр тиді. Ашудан булығып отыр.

Бірақ бұл нақты қадам, қарсы жауап. Отыз жыл бұрын жасалуға тиіс қадамдар енді жасалуда. Балама жол мен балама экспорт маршруттарын отыз жыл ішінде тапқанда, дәл қазіргідей экономикалық қиындық болмас еді, бәлки.

Украинаға ашылған соғыс Қазақстан-Ресей қатынасына сұрақтарды арттырды. Ресейдің әр агрессиялық қадамы Мәскеуден серіктестерін алыстата түседі, оның ішінде Қазақстанды да.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ