Қазақстан Қытайда әзірленген вакцинаны да пайдалануы мүмкін

1
112
Сурет: WiR_Pixs

Елімізге коронавирусқа қарсы тағы бір шетелдік вакцина жеткізілуі мүмкін. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов мәлімдеді.

Марат Шоранов Қазақстанға ресейлік «Спутник V» вакцинасынан бөлек, көрші Қытай елінен де коронавирусқа қарсы екпе жеткізілуі мүмкін екенін айтты. Алайда, аталған вакцинаның қашан жеткізілетіні әзірге беймәлім.

«Қазір оның құжаттарын сұрастырып жатырмыз. Бәрін сол құжаттарды берген кезде жариялаймыз. Қолда бар ақпарат бойынша, ол белсенді емес вакцина. Ондай вакцина біздің елде жасалады. Қосымша ақпаратты тиісті құжатты алғаннан кейін жариялаймыз», – деді Марат Шоранов.

Сонымен қатар, елде салынып жатқан ресейлік вакцинаны күштік құрылым қызметкерлері де ала бастады.

«Күш құрылымдарының 270 қызметкері вакцина салдырды. Аталған сала бойынша бірде бір қызметкер екпе салдырудан бас тартқан жоқ. Айта кетерлік жайт, екпеден кейін дене қызуының көтерілуі немесе екпе салынған орынның ісінуі – қалыпты әсер. Ондай әсерлер 2-3 күннің ішінде жойылады. Одан қорқудың қажеті жоқ», – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағабетова.