Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 5 млрд долларға жеткен
Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен Ташкентте өтіп жатқан екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 20-отырысы қарсаңында келіссөз жүргізді.
Тараптар қазақ-өзбек өзара іс-қимылының бірқатар өзекті мәселесін, оның ішінде сауда, өнеркәсіп кооперациясы, инвестициялық қызмет, энергетика, логистика, трансшекаралық су нысандарын пайдалану, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және т.б. салалардағы бірлескен қадамдарды талқылады.
Әлихан Смайылов Өзбекстан еліміздің сауда саласындағы ірі серіктестерінің бірі екенін айтып өтті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы жоспарланған $5 млрд-қа жетті.
«Бұл ортақ күш-жігердің арқасында мүмкін болып отыр. Енді алға қойылған жоғары деңгейдегі міндеттерге сәйкес орта мерзімді перспективада өзара тауар айналымының көлемін $10 млрд-қа дейін ұлғайту керек», – деді Қазақстанның Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов қазақ-өзбек Үкіметаралық комиссиясының екіжақты өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін шешудегі ерекше рөлін атап өтті.
Өз тарапынан Абдулла Арипов екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту үшін әлеуеттің зор екенін айтты.
«Өзара саудада оң динамика байқалады. Экономиканың көптеген саласында өнеркәсіп кооперациясының маңызды жобалары іске асып жатыр. Өзбекстан сауда, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы мен су шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті. Жалпы біз бауырлас Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз», – деді Абдулла Арипов.