Қазақстан халқының жартысының ай сайынғы кірісі 50 мың теңгеден аспайды

0
372

21 қаңтарда ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде бай мен кедей арасындағы алшақтық «жол беруге болмайтын» деңгейге жеткенін айтып, қаңтардағы оқиғаның бір себебі ретінде соны атады. Президент жыл басындағы оқиға «елде жылдар бойы қордаланған мәселелерді» ашып көрсеткенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты azattyq порталына сілтеме жасап.

«11 қаңтарда парламентте айтқанымдай, бай мен кедей арасындағы алшақтық жол беруге болмайтын деңгейге жетті. Жемқорлық жағдайында табыс алшақтығы оқ-дәрі толы бөшкеге жаққан сіріңкедей әсер етті. Оны террористер, содырлар мен оқиға артында тұрған адамдар пайдаланып кетті» деді Тоқаев.

Ол оқиға бойынша тергеу амалдары жалғасып жатқанын айтып «тергеу нәтижесі сіздерге де, халықаралық қауымдастыққа да белгілі болады» деді.

Тоқаев халық табысының азаюын ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер деп атады. Президенттің айтуынша, Қазақстан халқының жартысының кірісі 50 мың теңгеден аспайды, мұндай ақшаға өмір сүру мүмкін емес.

«Халықаралық сарапшылар, атап айтқанда KPMG Қазақстан байлығының жартысынан астамы 162 адамның қолында деп тұжырымдайды, ал Қазақстан халқының жартысының ай сайынғы кірісі 50 мың теңгеден аспайды. Яғни, жылдық табыс 1,3 мың доллар деген сөз. Мұндай ақшаға өмір сүру әрине мүмкін емес» деді Тоқаев.

Ол жағдайды дереу өзгерту қажеттігін атап өтіп, кәсіпкерлерге қарата «жағдайдың көбі сіздерге байланысты» деді.

Тоқаев жұма күнгі жиында елдегі ірі бизнес өкілдері «Қазақстан халқына» қорына табысының белгілі бір бөлігін құйып отыратынын айтқан. Қанша бөлігін құйып отыруды үкімет анықтайды.

Тоқаев мұндай мәлімдемені кемінде 227 адам қаза болған, 4 мыңнан астам адам зардап шеккен Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы ең ірі қантөгіс – қаңтар оқиғасынан кейін шамамен екі аптадан астам уақыт өткеннен кейін айтып отыр.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінің халыққа күш қолдануын айыптап, Еуропарламент қаңтар оқиғасы бойынша қарар қабылдаған.