Қазақстан қазаққа қалмайды
Түркиядан досым келді қонаққа. Қазақстанның бірнеше қаласын аралатып, қыдырттық. Жол бойы түрлі тақырыптарда өрбіген әңгімемізден біраз нәрсені жадыма түйдім.
Түрік баласының киелі Түркістанға табан баспай кетуі мүмкін емес қой. Ең бірінші түрік досым да Түркістанға апаруымды өтінді. Түркістаннан шығып Шымкент, Арыстанбап, Отырар жаққа да жол түсті. Айналасына жіті назар аударған досымның бірінші сұрағы: «Байқаймын, бұл аймақта көпбалалы отбасылар жетерлік сияқты. Басқа да аймақтарда да көрсеткіш осылай ма?»- болды. «Иә, Оңтүстік өңірі бала туу көрсеткішінен ең алдыңғы орында әрқашанда. Өкінішке қарай, басқа өңірлерде бұл көрсеткіш төмен»,- дедім.
«Неге?»- деген досымның даусы саңқ ете қалды. «Бала табуды қазіргі кезде кәдімгідей жоспарлайтын болдық қой. Мысалы, менің өзім екі баладан әрі асыруды жоспарлап отырғам жоқ. Себебі, мемлекет тарапынан көрсетілетін жәрдем ауыз толтырып айтарлықтай емес. Тапқан балаңды балабақшаға орналастыру, оны жақсы мектепте оқыту, балаңды қатарынан кем қылмай өсіріп, жетілдіру сияқты әлеуметтік сұраныстарды атқару өте қиын. Саны көп, сапасы жоқ деп көп бала табуды қазір екінің бірі дұрыс көрмейтін болды»,- дедім.
Менің бұл жауабым түрік досымның ұнжырғасын түсіріп қана қоймай, ренжіткендей. «Менің қазір 4 балам бар. Иә, әлеуметтік проблемалар бізде де жеткілікті. Төрт баламның сұранысын қанағаттандыру үшін үш жерде жұмыс істеймін. Сонымен қатар төрт баламен тоқтап қалуды ойлаған емеспін. Неге? Себебі, қандай жағдай болғанда да, бала санын көбейту ең алдымен қарапайым халықтың өзі үшін керек деп түсінемін. Біз көбейген үстіне көбейе түспесек, жау жағадан жармасып, бөрі етектен шалар. Мысалы, біздің Түркияда күрд ұлты мен арада қайшылықтар, келіспеушіліктер барын білесіздер. Сол күрд үлтының өкілдері ең алдымен бала санын көбейтуді ойлайды. Неге?
Көп бала демек, халықтың санының еселеп артуы демек. Ал халық саны артқан сайын үлы күшке айналары хақ. Көптің жеңетіні секілді, халықтың санын арттыру арқылы ғана біз Түркияны сақтай аламыз. Өзге ұлт өкілдерінен қалыспай, бала санын арттыруымыз керек деп санаймыз. Мен сияқты менің танитын дсотарым да осындай пайымда. Ал ең бастысы, әлемді тітіретіп, тізесін қалтырату үшін Тұран халқының күн санап көбейгені дұрыс.
Түркі халықтары көптігімен әлемді аузына қарата алады. Сондықтан Түркілер бала санын шектемесе екен деймін. Ұлан-ғайыр жеріңізді күні ертең кімге қалдырасыздар? Сырттан келген өзге ұлт өкілдерінің әрбірінің үйінде кем дегенде 5 баладан өсіп жатыр. Ал қазақтар екі баламен шектеліп отыр. Мұның ақыры қалай болмақ, ойлаудың өзі қорқынышты емес пе?»- деп барып тоқтады.
Ойландым. Сөзінің жаны бар. Біз бұлай бала санын шектей берсек, ақырында қазақ деген ұлттан санаулы адам қалары сөзсіз. сол кезде бұл елді басқарудың тетігін кім ұстайды? Қорқынышты.
Асыл БАЛАБИ, Kznews.kz ақпараттық порталы.