Home Басты тақырып Қазақ жігіті АҚШ, ОАЭ, Еуропадан көлік әкелудің қыр-сырымен бөлісті

Қазақ жігіті АҚШ, ОАЭ, Еуропадан көлік әкелудің қыр-сырымен бөлісті

0
8514

Достар, кеше еліміздегі автокөлік бағасына қатысты постым өздеріңізден зор қолдау тапты. Ол үшін бәріңізге рақмет! Онда мен 2019 жылы өз басымнан өткерген жағдай туралы баяндаған болатынмын. Сол постта мен келесі жазбаларымда Қазақстанда көп қолданылатын көліктерді Қазақстанға әкеліп, рәсімдеуге толық тоқталам деп уәде бергем. Енді соған кірісейін.

Негізінен, Еуразиялық Одақтан (Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан) тыс шет елдерден (АҚШ, Еуропа, ОАЭ, Корея, т.б) келетін көліктер маркасынан гөрі мынадай параметрлер бойынша рәсімделеді:

  1. Шыққан жылы. Яғни, көлік неғұрлым жаңа болса, оған төлер алым соғұрлым арзандау болады. Осыны ашып жазайын. Яғни, 2021 жылы шыққан автокөлік, осы жылы кірсе 1 жылдық болып есептеледі. Яғни, есептеу келесі 2022 жылдан емес, шыққан жылынан басталады. Мұны неге айтып отырмын. Біздегі көлікті алғашқы тіркеу алымы “первичная регистрация” осыған байланысты.

2016 жылдан бастап, елдегі автоөндірісті қолдау мен ішкі нарықтағы автопаркті жаңартамыз деген желеумен бізде осындай заң қабылданып, соның “жемісін” жеп келеміз. Мынау мен келтірген кесте бойынша, биылғы көлікті әкелсеңіз 730 тг, 2019-2020 жылғы көлікті әкелсеңіз 145 850 тг, ал 2018 жылдан басталатын “ескі” көлік әкелетін болсаңыз, 1 458 500 тг қосымша “Первичная регистрация” үшін төлейсіз.

Енді осы жерде тағы бір ескеретін жайт бар. Посткеңестік елдерден бөлек көптеген алпауыт автодержавалық мемлекеттердің көліктің жылын есептеу тәртібі бөлек. Оларда көлік белгілі бір жылдың екінші жартысында шығатын болса, келесі жылдық болып есептеле алады. Яғни, сіз Корея немесе Америкадан көлік іздесеңіз, әлгі “Первичкаға” ұрынып қалмас үшін жыл соңына таяу шыққан көлік іздейсіз.

Мысалы, сіз “Первичка” үшін 145 850 теңге төлеуге мақұл болып, дәл қазір Америкадан көлік іздеп жатырсыз делік. Қазір мамыр айы. Көлік, табылып, жіберіліп, келуімен кемі 2 ай уақыт кетеді дейтін болсақ, сонда сіз биркасында (есіктегі қаңылтыр) 2019 жылғы тамыздан кейін шығарылған көлік іздейсіз. Бұл көлік ол жақтағы құжаты бойынша 2020 жылғы болып есептеледі. Осылайша әлемнің көлік өлшеу тәртібі бір бөлек, біз бөлек болып “қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ” болып өмір сүріп жатырмыз.

  1. Сырттан келген көлік рәсімделгенде қаралатын екінші параметр – оның қозғалтқышының көлемі (яғни ауызекі тілде “объемы”). Біздің сериялық жазбаларымыздың “қаһармандары” ҚР Экология министрлігі, біздің үкімет халықты тонауға (басқаша сөзім жоқ) “картбланш” беріп отырған “Оператор РОП” ЖШС (иә дұрыс оқып отырсыздар, Жауапкершілігі шектеулі серіктестік) секілді мекемелердің қос қолдарын ысқылап шыға келетіні осы тұс. Солар қойған талап бойынша, қозғалтқыш көлемі неғұрлым кішкентай, “көтерем” болса, соғұрлым аздау алым төлейсің.

Кешегі постымда 2019 жылы өзімнің Kia Morning секілді “жабағым” үшін 380 000 тг төлегенім туралы жазған болатынмын. Биыл ондай көлік үшін 438 000 тг, қозғалтқыш көлемі 1,0 литрден асатын Toyota Corolla, Hyindai Accent, Hyundai Elantra, Kia Rio, Kia Cerato, Chevrolet Cruze секілді көліктерге 1 021 000 тг, ал, Toyota Camry, Hyundai Sonata, Kia K5 секілді автокөліктерге 1 459 000 тг төлейсің. Ал, Toyota Sienna, Kia Carnival, Toyota Highlander, Toyota LC Prado, Nissan Patrol секілді минивендер мен жол талғамайтын көліктер үшін 3 355 000 тг көлемінде утилизациялық алым төлеуге дайын болуыңыз керек. ЕҢ ҚЫЗЫҒЫ – МЕМЛЕКЕТ ҚАЗЫНАСЫНА ЕМЕС, ЖЕКЕ КОМПАНИЯНЫҢ ЕСЕБІНЕ!

Ал, мемлекеттік экономиканың локомотиві болуы тиісті ауылшаруашылығы мен логистика саласына қажетті көліктер мен техникалардың утилизациялық алым-салығы тіптен сорақы! Ол туралы да жазайын ба, достар? Жалықпасаңыздар, лебіз білдіріп, төмендегі петицияға жаппай қол қойып, бөлісіп, таратып жіберсек!

https://www.otinish.kz/ru/petition/73

Автор: Нұраддин Садықов