«Қазақ — құл емес!» деп ұрандатты митингке жиналғандар

0
528

Бүгінгі митингке жиналғандар негізінен «Демпартия» жақтастары мен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын қолдайтындар.

Олардың кейбіреулерінің қолдарында  Қазақстан шенеуніктеріне жеке санкция салуды сұраған плакаттар бар. Кейбірі «саяси тұтқындардың»  суреті басылған плакаттар көтеріп, оларға бостандық сұрады.

Жанболат Мамай мінберде тұрып қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтан ұсталғандарды босатуды талап етті.

Белгілі белсенді Гүлжан Ерғалиева сөзін: «Ақыр заман келерде – қара қытай қаптайды», деп бастады.

— Мына қара қытай біздің жерімізге қаптамасын! Қазір бір-бірімізді жамандап, сөз аңдитын заман емес, бірауыздан ереуілге шығайық. Мен жерім, елім деп ет жүрегі елжіреген қазақ қыздарының бірі ғанамын. Жастар елімізді, жерімізді қоғауда бірігейік, – деді 20 жассар ҚДТ белсендісі Аружан Дүйсебаева.

Бір кезде жиналғандар мінберден айтылған сөзді қайталап:  «қазақ құл емес, қазақ қүл емес!» деп ұрандата жөнелді.

Олардың арасында  «журналистер мен саяси оппозициялық қозғалыстарды саяси себеппен қудалауды тоқтату, жұрттың саяси, діни және басқа да көзқарастарын еркін білдіруіне кедергі жасамау, бейбіт жиындар туралы заңдарға өзгеріс енгізу, саяси тұтқындарды босату»  талаптарын айтқандар  бар.