Қасым-Жомарт Тоқаев – Nur Otan партиясының төрағасы болып сайланды
Партияның кезектен тыс XXI Съезінің шешімімен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірауыздан «Nur Otan» партиясының Төрағасы болып сайланды.
Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі Twitter-де жазды.
Қ. Тоқаев: «Nur Otan» партиясына төрағалық ету – аса жауапты жұмыс. Осы міндетті атқаруды маған ұсынып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.
Өздеріңізге мәлім, қаңтар айының басында халқымыз қайғылы оқиғаларды бастан өткерді. Өкінішке қарай, бейбіт митингілерді радикалды күштер өз мақсатына пайдаланып кетті. Лаңкестер мемлекетімізге шабуыл жасап, ел тыныштығын бұзды. Олар билікті басып алуға тырысты.
Біз шұғыл шаралар қабылдап, лаңкестерге, қарақшыларға тойтарыс бердік. Заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қалпына келтірдік. Мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалдық.
Бұдан былай мұндай қасіретке жол бермейміз. Халқымыз бірлігінің арқасында осы сын-қатерге төтеп берді. Қазір алдымызда барлық саланы қайта жаңғырту міндеті тұр. Бұл – мемлекеттік аппаратты ғана жаңарту деген сөз емес».