Қай тілге де қазақша жауап беруді бастап кету керек! – Қазыбек Иса

0

Бірер күн сырттап қалып, интернет қарай алмап едік, тілімізге тас атқан оқиға орын алған екен!

Ақша санауды жақсы білгенмен, саяси сауатсыз, өз елінің мемлекеттік тілі туралы заңын білмейтін миллионер Рамиль Мухоряпов деген кәсіпкер “Орысша сөйлегенге қазақша жауап беру — ұлтшылдық және мәдениеті төмендік” -деп оттапты…

Естеріңізге түсе кетті ме, осыған ұқсас сөзді бұрын да естіген едік қой?!.

Қазақша сөйлегенге Елбасысы қарсы сөз айтып қорқытатын, ел кәсіпкері ғайбаттап, қорлайтын бізден басқа мемлекет бар ма әлемде?!.

Осы сөзін Мухоряпов көрші Өзбекстан, Қырғызстанда немесе өзі аузының суы құрып, мақтап, қолдап отыратын Ресейде, тіпті Қазақстан секілді Тәуелсіз емес, автономиялы республика Татарстанда осылай айтып көрсінші, не боларын?!.

Біз сол кезде-ақ, осыдан 6 жыл бұрын, 2016 жылы қазақ тіліне қарсы айтылған Елбасы Н.Назарбаевтың сөзіне жауап ретінде “Қазақ үні” газетінде: “Қай тілге де ҚАЗАҚША жауап беру заңды болады”-деген мақала жариялаған болатынбыз.

Қазақ тіліне қарсы кім көрінгенді оттатып отырған Қазақ билігінің отыз жылдық бейшаралығы!

Тәуелсіз Қазақ Елінің Мемлекеттік тілі -Қазақ тілін ғайбаттау — Қазақ халқына қарсы қорлық!

Қазақ Елі Тәуелсіздігін жоққа шығару!

Сондықтан, қазақ тіліне қарсы шыққан кәсіпкер Рамиль Мухоряповты қатаң жазаға тарту керек! Егер біздің елде Бас прокуратура мен Жоғары сот аттарына сай болса?!. Ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін жауапқа тартатын әйгілі 174 бап тек ұлттық мүддесін қорғаған қазақтар үшін ғана қолданылатынын теріске шығару үшін осы бапты Мухоряповқа да қолдану керек! Бұл өзгелерге де сабақ болады! Кешірім сұрасақ, құтылып кете береді екенбіз деген ойдан аулақ болады.

Қазақ тілін қорлаған Мухоряповты қатаң жазаға тарту туралы қалың елдің талабы, әріптестерім Е.Жаңбыршин, А.Паяев, Г. Шиповских, С. Мұсабаевтардың және тб ұсыныстары өте дұрыс, қолдаймыз.

Билік бір нәрсені есіне қатты ұстасын — енді отыз жылдағыдай елді алдай беруге және қазақ тілінің есебінен, яғни ұлттық мүдденің ұпайын жей берудің есебімен бейқам өмір сүре беруге болмайды! Олай ойласа, қатты және қатерлі қателеседі! Сол үшін Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң керек деп жүргеніміз! Әйтпесе, мұндай оқиға қайталана береді! Ал оның арты үлкен дауға айналып кетуі мүмкін!

Сондықтан да биыл, 2022 жылы 27 сәуірде “Мемлекеттік тіл туралы заң” қабылдау керек деп, ол үшін Атазаңдағы 7 баптың 2 тармағын өзгертіп, қазақ тіліне жекедара мемлекеттік мәртебе беруді талап еткен депутаттық сауал жасағанымыз, ол қоғамдық резонансқа айналғаны! Еговтағы петицияда жарты миллионнан асып кетті қолдағандар!
Ал дәл осы талаптарды қойған 2020 жылы “Қазақ үні” ұлттық порталындағы есімдері әлемге әйгілі ұлт тарландары бастаған Президентке жазылған Ашық хатқа қол қойғандар саны жарты айда 100 мыңнан асып, бір айда 130 мыңдай рекордтық деңгейге жетті!

Ал осы “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалына келген Үкімет басшысының жауабы ешқандай да сын көтермейді…

Сонда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылы 2 қыркүйектегі Жолдауда айтқан: “Қазақ тілі Ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек!” деген тапсырмасы қашан іске асып, орындалады?

Осы Мухоряпов оқиғасынан біз өзімізге тиімді қорытынды жасап, сабақ алуымыз керек!
Ол үшін енді барлық жерде Қай тілге болса да, ҚАЗАҚША жауап беруді, тек Мемлекеттік тілде сөйлеуді жаппай бастап кетуіміз керек!

Балтық бойы елдері дәл осындай талапты іске асырып, мемлекеттік тілдерін орнықтырып алғаны бізге де үлгі болуы тиіс!

Ал Мемлекеттік тілді міндеттеу — Мемлекеттің міндеті болуы тиіс!
Сол үшін енді көп созбай, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек!

Қазыбек ИСА