Президент Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының арнаулы сессиясына қатысты

0

Қазақстан Президенті ДДСҰ-ның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының арнаулы сессиясына қатысты, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы арнаулы сессиясының қатысушыларына ілтипат білдіріп, COVID-19 пандемиясына қарсы күрестің аса маңызды екенін атап өтті. Арнаулы сессия ДДСҰ тарихында екінші рет өткізіліп отыр. Бұл аталған проблеманың өзектілігін көрсетеді.

«ДДСҰ қоғамдық денсаулық сақтау жолындағы осы аса күрделі жаһандық күресте жетекші рөл атқарды. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрі және олардың денсаулық сақтау жүйелері ауыр жағдайды бастан өткерді және қиындық әлі де жалғасып жатыр. Коронавирустың жаңа әрі қауіпті штамдары әлем бойынша тез тарала бастағандықтан, алдағы апталарда COVID-19 індетін жұқтырғандар саны айтарлықтай өседі. Жуырда Оңтүстік Африка ғалымдары анықтаған «Омикрон» штамы жаңа қауіп төндіріп отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, пандемия халықаралық қатынастарда көптеген кемшілікті анықтаған. Сондай-ақ дағдарыстың әлеуметтік-экономикалық салдары барлық деңгейдегі әлеуметтік құрылымдарды жан-жақты қайта зерделеуге мәжбүрледі. Пандемия ынтымақтастыққа және биологиялық сын-қатерлерге қарсы іс-қимылдардың мейлінше тиімді жүйесіне негізделген жаңа жаһандық әдіс керек екенін көрсетті.

«Ең алдымен, індет алдында бізді дәрменсіз қылған кемшіліктерімізді жою қажет. Сондықтан біз осы Арнаулы сессияға бір ғана мақсатпен, яғни ДДСҰ конвенциясын әзірлеу қажеттігі мен оның тетіктерін немесе пандемияға және оған төтеп беруге дайындықты қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық құжатты қарастыру үшін жиналып отырмыз. Дайындық жұмыстары мен баяндамалары үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 74-отырысының жұмыс тобына алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Қазақстан пандемияға дайындықты арттыруға және тиісті шараларды қабылдауға бағытталған ДДСҰ конвенциясына жолданған ұсыныстарды қолдайды», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ДДСҰ-ны толық қолдайтынын атап өтіп, бұл ұйымды сенімді әріптес ретінде қарастыратынын айтты. Мемлекет басшысы әлемдік қауымдастықтың коронавирусқа қарсы күресіне Ұйымның Бас директорының қосқан жеке үлесін жоғары бағалады.

«Қазіргі пандемия денсаулық сақтау саласындағы ерекше төтенше жағдай болып саналмайды. Дағдарыс мемлекеттердің және ұлттық денсаулық сақтау жүйелерінің ішкі құрылымдық кемшіліктерін көрсетіп қана қоймай, жаһандық деңгейдегі күрделі әрі қордаланған теңсіздіктерді айқындап берді. Сондықтан Қазақстан вакциналардың әлем бойынша әділ таратылуын қолдайды және оған белсенді түрде атсалысады. Біз 2022 жылдың ортасына қарай жаһандық вакциналауды қамтамасыз ету жөніндегі ДДСҰ-ның COVID-19 індетіне қарсы стратегиясын толық қолдаймыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына QazVac вакцинасының әзірленуі және оның жаңа «Дельта» штамына қарсы сәтті модификацияланғаны жөнінде айтты. Қазақстандық вакцина өзінің тиімділігін елімізде ғана емес, Орталық Азияның басқа да мемлекеттерінде дәлелдеді.

«Кез келген ауыл немесе қаладағы сияқты жаһандық деңгейдегі біздің өркендеуіміз, игілігіміз денсаулық жағдайымызға байланысты. Ал біздің денсаулығымыз ынтымақтастыққа және ортақ сын-қатерге үйлесімді төтеп беруге байланысты. Мен барлық елді көзделген мақсатқа қол жеткізу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аясына бірігуге шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.