Павлодар облысында қар жауғанын видеоға түсірген әйел кешірім сұрады (видео)

0
702

Павлодар облысының Баянауыл ауданы мен Екібастұзда апта басында қар жауа бастады. Ауылдардың бірінде әйел адам табиғи құбылысты видеоға түсіріп, оны туыстарының мессенджердегі чатына жіберген. Әжейдің бұл әрекеті әкімнің шамына тисе керек, шенеунік тұрғынға көпшіліктен кешірім сұратып тағы да видео түсірткен деп жазады Kznews.KZ тілшісі. Зейнеткер Егіндібұлақта жауған қалың қарды видеоға түсіріп, туыстарына жібергенін, немересін мектепке жібергенде қар басқан есікті әрең ашқанын айтады. «Екі күн бойы қар жауды, көшеге шыға алмадық. Павлодарда қар жоқ дейді, мен бұл видеоны күйеуімнің туыстарына жібердім. Олар бұл видеоны таратқан шығар. Мен үйде жалғыз болғанмын», – деп ақталды әйел ауыл әкіміне. Ал ауыл әкімі Самат Ибраев ауылдасына көмек ұсынғанын, бірақ ол бас тартқанын айтты.

«Оған видеоға түсініктеме беруді ұсындық, кейін аудан әкімінің әлеуметтік желілердегі өтініштерге ден қою туралы тапсырмасын орындай отырып, ол видеоны ватсаптағы әкімдік тобына жібердім. Бірақ түсініктеменің орнына ол кешірім сұрады», – деді әкім. Ал Самат Ибраевтың бұл әрекеті аудан әкімін таңқалдырған. Дегенмен, Қанат Кәрімов ауыл әкімдерінен атқарылған жұмыстар туралы фото және бейне есепті талап ететінін растады. «Қардың қалың түсуіне байланысты біз техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияладық, ауыл әкімдеріне әлеуметтік желілердегі жағдайды бақылап, шаралар қабылдау туралы тапсырма бердік», – деді аудан басшысы. Қанат Кәрімовтің айтуынша, Құндыкөл ауылдық округінің әкімі тәртіптік жазаға тартылады. «Бүгін таңғы сағат 8-де мен Майя Манашеваның үйінде болдым, оның алдында кешірім сұрап, күйеуімен сөйлестім. Самат Ибраев дұрыс істемеді. Егіндібұлаққа біз техника жібердік, ол осы әйелдің ауласын ғана емес, бүкіл ауылды қардан тазартады», – деді Қанат Кәрімов.

Айта кетейік, Самат Ибраев Құндыкөл ауылдық округін 2016 жылдан бастап басқарады.