Oyan, Qazaqstan белсендісі феминистік шеруден кейін қоқан-лоқыға шағымданды

0

8 наурызда Алматыдағы феминистік шеруге қатысқан Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсендісі Дархан Шәріп шарадан кейін әлеуметтік желіде өзіне қоқан-лоқы жасала бастағанын айтады. Бұл туралы Vlast сайты хабарлады.

— Біз марштан видео жарияладық, сол кезде біреу мені танып қалса керек. Постыма комментарий қалдырып, көршім екенін жазды. Содан кейін-ақ басталды. 15-тей адам маған жекеге шығып, мені тауып алып, өлтіретінін, ұрып-соғатынын айтты. Қазақ тілінде неше түрлі жаман сөздер айтып, ЛГБТ-ны балағаттады, — деді белсенді сайтқа.

Дархан Шәріптің айтуынша, олардың көбі жеке аккаунттарынан шығып, қоқан-лоқы жасаған. Белсенді жазбалардың бәрін скриндеп алған. Полицияға шағымдануы мүмкін екенін айтса да, бұл әрекеттің заңмен реттелетініне күмәні бар. Қозғалыс өкілі бұл реакцияның өзі елдегі әйел құқығының ахуалынан хабар береді деп санайды.

— Бұл мұндай шерулердің қаншалықты қажет екенін дәлелдей түседі. Осы адамдардың реакциясына қарап-ақ елдегі әйел құқығы ахуалын аңғаруға болады. Меніңше, қоғамда резонанс болып, қызу пікірталас жүруі үшін жыл сайын осындай шеру өткізу керек. Сондықтан жыл сайын шеруге шығамын, — деді белсенді.

8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні Алматыда феминистік қозғалыс белсенділері гендерлік теңдікке үндейтін шеру өткізген. Онда әйелдердің жиі зорлық-зомбылық құрбаны болатыны, білім алу, еңбек ету, саяси құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселелері көтерілген. Бұл шара әлеуметтік желіде қызу талқыланды.