«Орташа тозу деңгейі 65%»: Еліміз жылыту маусымына дайын ба
Қазақстанда ЖЭО қысқы жылыту мауысымына дайын ба? Мамандар биыл жылыту маусымына дайындық толық әрі тез өтіп жатқанын жеткізді. Алайда ЖЭО-ның тозығы 65%-ға тең. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі 31- арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары тұтынушылар үшін жыл соңына дейін әзірленетінін жеткізді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, жылыту маусымына дайындық алдын ала басталған. Алайда бүгінде ЖЭО-ның орташа тозу деңгейі ел бойынша 65%-ға тең. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2% жақсарған.
“Ел бойынша үлкен мәселе тудырып тұрған ЖЭО жоқ. Теміртау, Жезқазған, Кентау, Риддер және Екібастұз ЖЭО-ға Энергетика министрлігі, әкімдіктер тарапынан жылу беру маусымына дайындауға аса назар аударылған”, – деді ҚР Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Илья Рожков.
2022 жылы Екібастұз ЖЭО-да болған ірі апаттан кейін Мемлекет басшысы проблемалық энергия активтерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарауды тапсырған еді. Қазір Екібастұз, Риддер, Ақтау және Маңғыстау облыстарындағы ЖЭО коммуналдық меншікте. Әзірге Екібастұз ЖЭО-ны жөндеуге үкімет резервінен 30 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
“Үкімет резерві есебінен 15 қазандыққа, сондай-ақ «Самұрықэнерго» қаражаты есебінен 12 қазандыққа жөндеу жасалып жатыр. Жұмыс кестеге сәйкес, артта қалмай үлгерудеміз”, – деді Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Ержан Салханов.
Ал синоптиктер қыста, әсіресе елдің солтүстік және шығыс аймақтарында ауа райы тұрақсыз және желді болатынын болжады.