«Өлікпен бірге тұрған соң оның иісін сезбей қалдым» — Аида Ақберліқызы
Нағашы ағасының мәйітін 7 ай сақтаған атыраулық Аида Ақберліқызы марқұмның жанында тұрса да оның иісін сезбей қалғанын айтты. Бұл туралы КТК арнасының «Астарлы ақиқат» бағдарламасына сілтеме жасап kznews.kz сайты хабарлайды.
Ауылдастары үркіп отырған мұғалім нағашы ағасының 2 шілде күні қайтқанын айтты. Алайда көрші-қолаңның айтуынша, қария сәуір айынан бастап көрінбеген. Ал мамыр-маусым айларында үйдің айналасынан жағымсыз иіс шыққан. Ал өліктің денесімен 7 ай бірге тұрған Аиданың өзі ешқандай иіс сезбегенін алға тартты.
«Иіс шықпаған сияқты. Өзім ішінде жүрген соң ба?! Қазір жалғыз қалғанымды енді түсініп жатырмын. Бұрын атаға қарап, жалғыз екенімді білмейтін едім.
Себебі үйге кіргенде, осы жерде атам жататын. Неге уақытылы айтпадым, ел ұқсап жерге көмбедім деп өкінемін. Ол кісінің алдында кінәлі сияқтымын», – дейді Аида Ақберлі.
Аида Ақберліқызының айтуынша, нағашы ағасы Сағынғали Ақберлиев 2011 жылдан бері бронхиалды астма және жүрек ишемиясы дертімен ауырған.
Ағасының мәйітімен 7 ай бір үйде тұрған Аида Ақберліқызы марқұм көз жұмған күні қасында болмағанын айтады.
«Ол күні шарбақта болдым. Қолымда 30-ға жуық қойым, сиырым бар. Шамамен 15:30-да үйден шығып, 17:00-де қайтып келдім. Ұйықтап жатқандай болды. Ол кісі күндізгі уақытта ұйықтайтын. Қозғаған жоқпын. Өзімнің шайымды іштім. Одан кейін қайта шаруашылыққа шығып кеттім. 20:00-де қайтып келдім.
Ас дайын болғанда, оятуға бардым. Сол кезде қайтып кеткенін білдім. Демалмай жатты. Қасына барып, көйлегінің алдын шешіп, үрлеп, массаж жасадым», – дейді Аида Ақберліқызы.