Олигархтар қорқып отыр: «Самұрық-Қазынаның» келешегі не болмақ?

0
3533

Президенттің «Самұрық-Қазына» қорына қатысты мәлімдемесі мен одан кейін Берік Уәлидің сол турасында жазбасы қоғамда біршама талқыланып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz сайты ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап.

Экономистердің бірі бұл қор мүлде керегі жоқ десе, енді бірі оны таратуға асықпау керектігін айтады.

«ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІ ЖАНДАНДЫРУ»

11 қаңтарда мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына қорының активі жалпы ішкі өнімінің 60 пайызына жуықтайтынын, осы ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикаға әсер ететінін мәлім еткен еді. Расында да ұлттық әл-ауқат қорының құрамындағы еншілес компаниялардың тізіміне көз жүгіртсеңіз (ҚазТрансГаз, ҚазМұнайГаз, ҚТЖ, Самұрық – Энерго, KEGOC, Қазақтелеком, Біріккен химиялық компания, Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығы, Эйр Астана, Қазпошта, QAZAQ AIR, Қазатомөнеркәсіп, Samruk- Kazyna Construction, Samruk-Kazyna Trust, Самұрық-Қазына Инвест), бұл компаниялар экономиканың барлық секторының тиімділігін айқындайтынын байқауға болады.

«Алайда қор негізгі міндетін орындап отыр ма? Яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген сұрақ туындайды. Қордың қомақты қаржы алатын қызметкерлері, директорлары немен айналысады? Шетелдік мамандарды тартқаннан пайда барма? Қорға үкіметпен бірге квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалауды тапсырамын. Егер қорда реформалау мүмкін болмаса, ондай қордың экономикамызда мүлде болмағаны жөн», — деген еді президент.

Арада бір аптаға жуық уақыт өткеннен кейін президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысы тарапынан ««Самұрық-Қазына» қорының активтерін жекешелендіру ісін жандандыруы қажеттігі» айтылғанын тағы хабарлады.

«Осыған орай жекешелендіру кезінде ашықтықты сақтау маңызды. Онсыз экономиканы құрылымдық тұрғыдан қайта құру мүмкін емес. Президент Үкіметтен және Жекешелендіру жөніндегі мемлекеттік комиссиядан нақты ұсыныстар мен іс-әрекеттер күтеді», — дейді Берік Уәли.

ҚОРДЫҢ ЕНШІЛЕС КОМПАНИЯЛАРЫН КІМ САТЫП АЛАДЫ

Қордың келешегі жөнінде белгілі экономист Расул Рысмамбетовтың пікірін білмек болғанбыз. Сарапшы жалпы президенттің қорға қатысты саясатымен келісейтінін айтады.

«Шынында да, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын реттеп алу керек. Сол себепті менің ойымша, асықпаған абзал. Жарты жылдың ішінде жіті түрде ол қорға аудит жүргізген дұрыс. Өйткені қордың тиімсіздігі туралы сарапшылар тарапынан біршама сын айтылған. Міне, сондықтан, бәрін тексеру керек. Содан кейін ғана қорға қарасты компаниялардың қайсысы сатылуы, қайсысы сатылмауы керектігін шешу керек», — дейді экономист ulysmedia.kz порталының тілшісіне телефон арқылы.

Экономистің айтуынша, мемлекет тарапынан көмек-қолдауды қажет етпейтін компанияларды сатқан жөн.

«Дәл қазір олигархтардың бәрі қуғындаудан қорқып отыр. Олигархтардың тағы бір бөлігі осы сәтті пайдаланып, реванш алғысы келетіні де бар. Сол себепті қордың еншілес компанияларын сатып алуға кім асығуы мүмкін? Әлбетте, шетелдіктерге сатпау керек! Алайда кім осы бағытта ақша жұмсағысы келеді — ол үлкен сұрақ. Ел ішіндегі активтерге сенетін кім бар? Осы сұрақтардың бәріне менің ойымша, кемінде алты айдың ішінде жауап берілуі тиіс», — деп түйді Расул Рысмамбетов.

ПАЙДАСЫЗ КОМПАНИЯЛАР КӨП

Ал экономист Мақсат Халықтың пікіріне сүйенсек, ұлттық әл-ауқат қорының еншілес компанияларының бір бөлігі шетелдік компанияларға сатылуы да мүмкін. Алайда стратегиялық маңызы бар компаниялар бәрібір мемлекеттің меншігінде қала беруі тиіс.

«Еш пайдасы жоқ компания бар. Олардың бәрі сатқан дұрыс деп есептеймін. Болмаса жауып тастау керек. Жабылуы керек деп мен есептейтін компаниялар көп. Ал жабылмауы тиіс, жекеменшікке сатылмауы керек деп есептейтін компаниялардың қатарына Қазақтелекомды, Қазатомөнеркәсіпті жатқызар едім. Яғни монополиялық компаниялар бар да, мемлекеттің қолында қалуы тиіс компаниялар бар», — дейді Мақсат Халық.