Нұржан Әлтаев: «Тоқаев қорықса неге президент болып отыр?» (ВИДЕО)

0
13126

Экс-депутат, «Ел тірегі» партиясының Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Нұржан Әлтаев Orda Life каналының «Ар ұждан» жобасына сұхбат берді. Нұржан Бауыржанұлының айтуынша, Әділет министрлігі әртүрлі сылтау айтып партияны тіркеуден өткізбей жатыр. Алайда ол егер билік партиясын тіркемесе алаңға шығуға дайын екенін ескертті. Сұхбаттың қысқа нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

– «Nur Otan» мүшелері саналатын «Ел Тірегінің» жетекшілері елде реформа жүргізу қажет екенін мәлімдеді. Әйтсе де елде саяси реформа жүрмегені белгілі. Бұған сіз кімді айыптайсыз? Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевты ма, жоқ әлде президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ма?

– Ең біріншіден Коституция бойынша Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы мұндай мәселелермен айналысуға құқылы емес. Конституция бойынша президент өзінің функционалдық қызметтерін атқару керек. Президенттен бастап Үкіметке дейін реформа жүргізуге жауапты. Өзінің аузыңмен айтқан уәдеңді орындауың керек. Әйтпесе оның бәрі көзбояушылық болып жатыр. Үкімет пен әкімдер де өзгеріп жатқан жоқ. Әкімдер халықтың көкейінлегі мәселелерді шешкісі келмейді. Тек қана президентке қарап, президенттің көзін бояп, құлағынан теуіп жүр. Президент келгенде өтірік зауыттарды ашып, жолдары жамап жатады.

Сондай-ақ халық не ойлап, не тұрмыс кешіп жатыр деген сұрақ әкімдерге маңызды емес. Осылай жұмыс істеп жатқан әкімдер өзгермейді. Мұның бәріне түбегейлі саяси реформа керек. Халық депутаттардан бастап әкім мен министрге дейін сайлауы қажет. Сонда ғана әкімдер мен шенеуніктер халықтың мүддесін қорғап, халықтың алдында абырой іздей бастайды.

– Жұрт арасында «Президент Тоқаевқа экс-президент Назарбаев жұмыс істетпей отыр» деген сөз айтылып жатады. Сіз Тоқаевқа жұмыс істетпей жатқан Назарбаевты неге айыптамайсыз.

– Менің ойымша, Тоқаевтың жұмыс істеуіне Назарбаев кедергі болып отырған жоқ. Бірақ Тоқаевқа қол астындағы қызметкерлер кедергі болып отырған секілді. Олар өзгергісі келмейді. Көбісі жемқорлықпен айналысып жүрген азаматтар. Олар бұрынғы жүйенің сақталғанын қалайды. Оларға ешқандай өзгеріс керек емес. Шет елде шоттары бар азаматтар жақсы өмір сүреді. Сондықтан да оларға өзгеріс керек емес. Менің болжамым бойынша, Тоқаев реформа туралы айтқанда солар тоқтата бастайды. Жалпы Назарбаев емес қалыптасқан жүйе реформаларды жасауға кедергі болып отыр.

– Өзіңіз сынаған Мамин туралы бір күн бұрын экс-президент «Мен Тоқаевқа Асқар Маминнің кандидатурасын қолдауды ұсынамын» деп айтты. Бір күн бұрын Елбасы бәрін шешіп қойып отыр. Тоқаевтың экс-президенттің ықпалынан шыға алмай отырғанына Назарбаевты кінәламайсыз ба? Саясаттан кеткен адам қазіргі президенттің жұмыс істеуіне кедергі келтірмеуі керек қой…

– Тоқаев мырза президент ретінде шешім қабылдауы керек қой. Конституция бойынша оған өкілдік берілген. Жарайды, Елбасы келіп өзінің ұсынысын берді. Бірақ ол тек қана ұсыныс болатын. Ол «Менің ойымша Асқар Мамин тағы Премьер-министр болып тағайындалғаны дұрыс» деді. Ал енді бұл ұсынысты қолдау, қолдамау Тоқаевтың құзыретіндегі шаруа. Егер ол қорқақ президент болатын болса, онда бір мәселе. Негізі Конуституция бойынша берілген құқықтары бойынша өзі шешім қабылдауы керек еді.