Нұрлан Қоянбаев басқа режиссерлерге өкпелі

0
Нұрлан Қоянбаев неліктен өзі түсіретін фильмдерде тек өзі басты рөлді сомдайтынын түсіндірді. Сондай-ақ ол «Қазақстанның кинонарығында комедиядан басқа түк жоқ» деп сынайтындарға өз жауабын берді. Қоянбаев Ұлттық арнаның «Таңшолпан» бағдарламасында қонақта болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Джеки Чан өзінің киноларына өзі түседі. Ол жерде өзім ойнаймын, өзім атақты боламын деген ой емес. Ол қандай кино шығуы керек екенін өзі біледі.

Мен де комедияны өзім жазып, түсіріп жатқаннан кейін, осылай болу керек шығар деп өзім көремін», – дейді Қоянбаев.

Нұрлан Қоянбаев – бүгінде еліміздегі ең табысты киногерлердің бірі. Әр Жаңа жылда қазақ көрерменін қуантатын «Бизнес по-казахски» картинасының бөлімдері кассалық жиын бойынша үнемі алғашқы орында тұрады. Танымалдылығы жер жарып тұрса да, отандық өзге режиссерлер Қоянбаевты актер ретінде өз жобаларынан көргісі келмейтін сыңайлы.

«Басқа режиссерлер мен продюсерлер мүлдем шақырған емес. Бір қызығы, телефоныма бірде-бір қоңырау түскен жоқ. Олар көтере алмайтындай гонорар менде жоқ қой. Өзімнің киномда өзіме гонорар қоймаймын, сондықтан қанша екенін де білмеймін», – деп күлді Нұрлан мырза.

Бұдан өзге, Қоянбаев «Қазақстанның кинонарығында комедиядан басқа түк жоқ» деп айыптайтындарға өз жауабын берді.

«Кинотеатрлар күніне 10, жылына 150-160 кино көрсетеді екен. Оның ішінде 120 голливудтық, шетелдік кинолар. 20 қазақстандық, 5-6 ресейлік т.б. фильмдер бар. Соның ішінде біз білетін 5-6 комедия бар. 160-тың ішінде 5-6 комедия көп емес.

Неге комедия көп сияқты? Өйткені көзге көрініп қалып, талқылануда. Комедияны жеке меншік компаниялар түсіреді. Олар өз ақшасын салғаннан кейін, барын салып жұмыс істейді. Халықтың көңілінен барынша шығуға тырысады», – дейді продюсер.Қоянбаевтың сөзінше, комедия түсіру сырт көзге жеңіл болып көрінгенімен, қиын іс.