«Қазақстан Футбол федерациясы» қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі сайлау комитетінің жиыны өтіп, федерация президенттігіне үміткерлердің тізімі тіркелді. Бұл туралы футбол федерациясының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазды kznews.kz сайты qamshy.kz порталына сілтеме жасап.
Тізімде федерацияның осы күнге дейінгі басшысы болған Әділбек Жақсыбековтың кандидатурасы жоқ. Ол сайлауға қатысудан бас тартқан.
Жақсыбеков арнайы үндеуінде федерацияның көптеген мүшелері өзін қолдап отырғанына қарамастан, президент орнын босату туралы шешім қабылдағанын жеткізген.
Жиын қорытындысы бойынша алдағы сайлауға төмендегідей үміткерлер тіркелді:
Барменқұлов Әділет Назарбайұлы – ҚФФ Атқару комитетінің мүшесі, «Қазақстан Футбол федерациясы» қауымдастығы» ЗТБ президентінің кеңесшісі;
Жарылқасынов Ерлан Еркінбекұлы – «Қазақстан әуесқой футбол лигасы» ҚБ төрағасы;
Қаниев Берік Сералыұлы – ҚФФ Атқару комитетінің мүшесі, «Lancaster Group Kazakhstan» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы;
Лория Давид Григорьевич – «Нұр-Сұлтан қаласының Футбол федерациясы» қауымдастығы» ЗТБ президенті;
Оразбеков Қайрат Айтмолдаұлы – ҚФФ Атқару комитетінің мүшесі, «Қайрат» АФК президенті;
Сайлау 2022 жылғы 28 ақпанда ҚФФ конференциясында өтеді.
Жақсыбеков федерацияны 2007 жылдан бері басқарған.
Ол әр жылдары билікте көптеген жоғары лауазымды қызметтер атқарған. 20 жылдан астам уақыт экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың маңында қызмет етті. Ел астанасын екі рет, президент әкімшілігін екі рет басқарған. Индустрия және сауда, Қорғаныс министрі, мемлекеттік хатшы болған.
2017 жылы 63 жасқа толған кезінде Н.Назарбаев оның өкілеттігін 2022 жылға дейін созған. Алайда 2018 жылғы қыркүйекте зейнетке шыққан.
«Цесна Корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің, «ҚазТрансГаз» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болған.
Қаралым саны: 64