Назарбаевтың 2005 жылы Ресеймен шекара келісімі туралы сұхбаты

0
2529

Нұрсұлтан Назарбаев журналист Сауытбек Абдрахмановқа берген сұхбатында 2005 жылы Ресейге сапары барысындағы шекара келісіміне қол қоюы жайлы баяндайды («Егемен Қазақстан» газеті, №104(28582). 5 маусым 2015 жыл).

«Екі жақ та мәселені кейінгі ұрпақ­тарға шешілмеген мәселе қалмайтындай етіп қарастыруға тырысты. Кешегі кеңестік кезеңдегі басшылардың респуб­ликалар, олардың шекаралары деген ұғымдарды тіпті елеусіз етіп жібергені соншалық, Қазақ КСР-і мен РСФСР арасындағы республикааралық шекара, КСРО Конституциясына қайшы күйде, көршілес облыстардың өзара келісілген кезекші карталарына, жер орналастыру мен орман орналастырудың кереғар материалдарына ғана негізделген болып шықты. Соның салдарынан шекараның біраз жерінде шаруашылық даулары туындап, бір территорияның қағаз жүзінде екі республикаға қарап келгені сияқты жайларға дейін анықталды.

Ал Қа­зақ­­станның жеті облысы – Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Сол­түс­тік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қа­зақ­стан облыстары Ресей Федера­циясының он екі субъектісімен – Астра­хань, Волгоград, Саратов, Самара, Орын­бор, Челябі, Қорған, Түмен, Омбы, Новосибирск облыстарымен, сондай-ақ Алтай өлкесі мен Алтай Республикасымен шектесетінін еске алсақ, бұл шекараның әлемдегі ең ұзын (7591 шақырым!) құр­лықтық шекара екенін айтсақ, мәселелердің қан­шалықты қордаланып қалғанын шама­лауға болады.

Бұл құжатты жеріне жеткізуге Ре­сей Президенті Владимир Путинмен ор­тақ тіл табыса, бүгінгі және болашақ ұрпақ­тарымыздың мүддесін ойлай оты­рып, бірлесе атқарған жемісті жұмы­сымыздың шешуші әсері болды. Владимир Владимирович осы мәселені ұдайы назарда ұстап отырды. Мемлекеттер басшыларының бұл іске тікелей араласуы көп түйінді тарқатты дей аламын.

2005 жылдың қаңтар айында менің Ресей Федерациясына ресми сапарымның барысында біз бұл шартқа қол қоюдың шын мәнінде тарихи оқиға екендігін атап айттық, қадап көрсеттік. Мен бұл шарт бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ең ірі екі елдің ынтымақтастығын сапалы жаңа белеске шығарады дедім. Ресей Президенті шекарадағы қарым-қатынасты реттеу өзара сенімді арттыратынын айта келіп, мұның өзі Қазақстанның егемендігін Ресей тарапының толықтай тануы екендігін жеткізді, шарт бауырлас халықтардың жан-жақты кемелденуіне бағытталған стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңінің басы, деді.

Иә, расында да, сол күні біз аса үлкен тарихи оқиғаның куәсі болған едік. Өйткені, қадым замандардан қазақ-орыс елдері арасында шекара бірінші рет заңды түрде тартылды. Қазақстан мен Ресейдің ортақ тарихы қалыптасқан. Біз қай кезде де қуаныш пен қайғыны бірге бөлістік. Жарты бидайды жарып, бүтін бидайды бөліп жедік. ХХ ғасырда әлем тарихындағы ең зұлмат соғыста бірге шайқастық, жауды бірге жеңдік. Сондықтан да рухани жағынан аса жақынбыз.

Шекараны белгілеу шарасы Ресей үшін де тарихи оқиға, бұған дейін империялық Ресей деген идеология енді түп тамырымен жойылып, халықтар арасындағы сенім бекітіле түсті. Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының өзара сенімге негізделген жаңа кезеңі бас­талды» дейді Назарбаев.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету