Назарбаевтың 2005 жылы Ресеймен шекара келісімі туралы сұхбаты
Нұрсұлтан Назарбаев журналист Сауытбек Абдрахмановқа берген сұхбатында 2005 жылы Ресейге сапары барысындағы шекара келісіміне қол қоюы жайлы баяндайды («Егемен Қазақстан» газеті, №104(28582). 5 маусым 2015 жыл).
«Екі жақ та мәселені кейінгі ұрпақтарға шешілмеген мәселе қалмайтындай етіп қарастыруға тырысты. Кешегі кеңестік кезеңдегі басшылардың республикалар, олардың шекаралары деген ұғымдарды тіпті елеусіз етіп жібергені соншалық, Қазақ КСР-і мен РСФСР арасындағы республикааралық шекара, КСРО Конституциясына қайшы күйде, көршілес облыстардың өзара келісілген кезекші карталарына, жер орналастыру мен орман орналастырудың кереғар материалдарына ғана негізделген болып шықты. Соның салдарынан шекараның біраз жерінде шаруашылық даулары туындап, бір территорияның қағаз жүзінде екі республикаға қарап келгені сияқты жайларға дейін анықталды.
Ал Қазақстанның жеті облысы — Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары Ресей Федерациясының он екі субъектісімен — Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор, Челябі, Қорған, Түмен, Омбы, Новосибирск облыстарымен, сондай-ақ Алтай өлкесі мен Алтай Республикасымен шектесетінін еске алсақ, бұл шекараның әлемдегі ең ұзын (7591 шақырым!) құрлықтық шекара екенін айтсақ, мәселелердің қаншалықты қордаланып қалғанын шамалауға болады.
Бұл құжатты жеріне жеткізуге Ресей Президенті Владимир Путинмен ортақ тіл табыса, бүгінгі және болашақ ұрпақтарымыздың мүддесін ойлай отырып, бірлесе атқарған жемісті жұмысымыздың шешуші әсері болды. Владимир Владимирович осы мәселені ұдайы назарда ұстап отырды. Мемлекеттер басшыларының бұл іске тікелей араласуы көп түйінді тарқатты дей аламын.
2005 жылдың қаңтар айында менің Ресей Федерациясына ресми сапарымның барысында біз бұл шартқа қол қоюдың шын мәнінде тарихи оқиға екендігін атап айттық, қадап көрсеттік. Мен бұл шарт бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ең ірі екі елдің ынтымақтастығын сапалы жаңа белеске шығарады дедім. Ресей Президенті шекарадағы қарым-қатынасты реттеу өзара сенімді арттыратынын айта келіп, мұның өзі Қазақстанның егемендігін Ресей тарапының толықтай тануы екендігін жеткізді, шарт бауырлас халықтардың жан-жақты кемелденуіне бағытталған стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңінің басы, деді.
Иә, расында да, сол күні біз аса үлкен тарихи оқиғаның куәсі болған едік. Өйткені, қадым замандардан қазақ-орыс елдері арасында шекара бірінші рет заңды түрде тартылды. Қазақстан мен Ресейдің ортақ тарихы қалыптасқан. Біз қай кезде де қуаныш пен қайғыны бірге бөлістік. Жарты бидайды жарып, бүтін бидайды бөліп жедік. ХХ ғасырда әлем тарихындағы ең зұлмат соғыста бірге шайқастық, жауды бірге жеңдік. Сондықтан да рухани жағынан аса жақынбыз.
Шекараны белгілеу шарасы Ресей үшін де тарихи оқиға, бұған дейін империялық Ресей деген идеология енді түп тамырымен жойылып, халықтар арасындағы сенім бекітіле түсті. Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының өзара сенімге негізделген жаңа кезеңі басталды» дейді Назарбаев.