Назарбаев? Енді сол аждаһаның апанынан ысқырынып сіз шықтыңыз ба — журналист

0

Ұлттың ұлттық намысына тию — қамысқа сіріңке тигізумен бірдей, Даурен Абаев! Нұрсұлтан Назарбаев та талай басымызға т-н! Оның қызы да қазақты “мәмбет” деп келеке еткен! Бір ұлтты салафизм дертіне тұншықтырып, қазақты қазаққа айдап салып тағы бір ағаң тасада тас атып отыр. Енді сол аждаһаның апанынан ысқырынып сіз шықтыңыз ба? Қазақты түк білмейтін миғұла ұлт санамаңыз! Бәрін көріп біліп отыр. Назарбаев деген көкеңіз өз билігін бекемдей түсу үшін талай рет қазақтың қақын өзгеге жегізіп, талай рет ұлттың мүддесін өзгеге жығып берген.

Империалистердің арынын басу үшін солай айтып-істеуге мәжбүр болдық деп өтірік мәймөңкелеудің қажеті жоқ. Сендердікі елдік емес, тайпалық инстинкт. Ендігі жерде бұл кландық ойындарың қазаққа өтпейді! Иә, Тәуелсіздік пен территориялық тұтастықты сақтап қалу ұдайы күрес пен төзімді талап етеді. Бәрі түсінікті. Ресейдің алдында ұпай жинаудың да түрлі әмбебап әдісі, дипломатиялық жолы бар. Бірақ тұтас ұлттың ұлттық намысын қорлап-таптау арқылы саяси ойынсымақ жүргізіп отырған қай елді көрдіңіз? Ұлт жанашырларын жауының астына салып берген қай елдің идеологтарын көрдіңіз? Талағыңыз тарс айырылса да айтайын, бұл барып тұрған — “пещерная идеология”!

Кешегі Маралтайға берген жауабыңыз да мардымсыз екен. “Қазақ бірнеше тіл білсе несі айып?” депсіз. Құдай-оу, басқа тіл білмесін деп отырған бір қазақ бар ма? Орыс, ағылшын, қытай тілін меңгерсін, тіпті Әл-Фараби секілді 70 тіл білсін. Бірақ осы 70 тіл білуге ұмтылған ел тұрғындары неге қазақтың жалғыз- ақ тілін білуге қауқарсыз? Орыс пен ағылшынша зуылдаған билік неге ұлттың тілінде сайрамайды? Неге алқалы жиындар тек орыс тілінде өтеді? Неге Премьер ұлт тіліне шорқақ? Президенттің докладтары неге қазақша жазылмайды? Неге ұлт заңдары аударылып беріледі? Неге қазақ журналистері аудармашы болуға мәжбүр? Неге біздің қоғам әлі күнге орыс тіліне тәуелді? Мемлекеттік тіл үшін сіз неғып шырылдамайсыз? “Ел тұрғындары өзге тілді біледі деп емес, неге қазақша білмейді” деп мәселе көтеріп отырған жоқ па қазақ? Осы сауалға нақты жауап берудің орнына, айдалаға лағып кетіпсіз!

“Қазақ мектептерінің саны 70 пайыз” депсіз? Елімізде 3726 қазақ мектептері бар. Орыс мектебінің саны 1181 екен. Ал енді 50-ге жуық өзге тіл мектептері мен 2043 аралас мектептерін қайда жібересіз??? Таза орыс пен аралас мектептерді қоссаңыз, 3270 мектеп шығады. Енді қазақ мектептерінің үлес салмағы 70 пайыз деген ертегіңізді есептей алмай отырған жайым бар. Аралас мектептер ұрпақты не қазақ, не орыс емес дүбәра ететіні жөнінде ұлттың баспасөзі талай рет дабыл қаға жазған жоқ па? “Рухани жаңғыру” ұлттық бағдарламасы аясында ұлттық аударма бюросы нендей ғажап жұмыс жасады. Оны өзіңіз де жазыпсыз. Қаншама әлемдік әдебиет ұлт тіліне аударылды. Керемет екенсіздер, онда дәл осы “Рухани жаңғыру” жобасына бөлінетін қаржыны 5 есеге қысқартып, ал ұлттық аударма бюросының мемлекеттік қаржыландырылуын неге тоқтатып тастадыңыздар? “Әліппені” қайтарып алдық деп мәз боласыз, ал неге сіз “Әліппенің” жоғалып кетуіне жол бересіз?! Бұл іске қоғам араласпағанда “Әліппенің” қазақпен табысуы екіталай еді ғой…

Жалған байбалам салуды доғарыңыз! ҰҚҚ-де Кәрім Мәсімов отыр. Парламентте Нұрлан Нығматулин көп жылдан бері төрелік етуде. Премьер министрдің орынбасары — Роман Скляр. Денсаулық сақтау министрі — Алексей Цой. Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин.

Халықтар Ассамблеясын асырау қазақтың мойнында! ФОРБС-тың тізімінде өзге ұлт өкілдері отыр. Орыстан әкім, депутат, бизнесмендер өріп жүр. Қазақ ешқашан өзге ұлтты табалаған емес! Өзгені өзге ұлт болғаны үшін ұрып-соғып, көшеде қансырап жатқан қай орысты көрдіңіз? Қай жерде олардың құқы тапталыпты? Қай жерде жұмысқа алмай, шеттетіпті? Ондай дерек жоқ! Құдай-оу, басқа-басқа бірақ дәл орыстың қазаққа өкпесі жоқ. Біздің елде қарым-қатынас та, құжат та, БАҚ- та орыс тілінде! Қазақ толлерантты екенін дәлелдеп келе жатқан ұлт! Жала жауып, жоқ жерден проблема шығармаңыз!

“Пещерный национализм” жайлаған елдің қандай болатынын білмейді екенсіз, өзге елдерге көз жүгіртіп, тарихты таразылап көріңіз…

30 жылда ұлттық мемлекет құрып, деколонизация жасаудың орнына, кландық иерархия қалыптастырдыңыздар! Қазақстанды өзге діни — мәдени идеологиялық ағымдардың плацдармына айналдырдыңыздар! Тағы айтам, ұлтшылдықтың миссиясын толық іске асырған ұлт қана мемлекетшіл де, жаһаншыл да бола алады!

Басқа ұлттың жүрегіне жол табам деп, өз ұлтыңның жанына түкіру — сатқындық. Сатқындықтың түр-түрі болуы мүмкін. Соның ішінде ұлтына жасалған сатқындық ешқашан кешірілмейді…

Дина Елгезек, Facebook парақшасынан