«Митингіден басқа жол қалмады». Белсенділер Ақордаға петицияны тапсыра алмады

0

9 маусымда өздерін ұлттық мүддені қорғау кеңесінің мүшелеріміз деп атаған он шақты белсенді Ақордаға барып, билікті диалогқа шақырып, петиция мен кеңестің қарарын тапсыруға тырысты. Бірақ президент әкімшілігінен ешкім шықпады.

Петицияда президенттің Конституция кепілі ретінде адамдардың еркін бірігуіне мүмкіндік беруі тиіс екені, референдум арқылы саяси партиялар туралы жаңа заң қабылдап, партияны тіркеуді жеңілдету қажеттігі туралы талаптар жазылған. Петицияның соңғы тармағында талаптары орындалмаса, азаматтарды жаппай ереуілге шақыратынын ескерткен.

Жиналғандар арасында тіркелмеген «Ел тірегі», «Қазақстанның демократиялық партиясы», «Алаш» партиясы және бірнеше тіркелмеген көп балалы аналар ұйымы мен қоғамдық ұйым өкілдері болды.

Алдымен көшеде жиналып, петицияға қол қойған белсенділер кейін оны президент әкімшілігіне апарып, құзырлы орган өкілдерін диалогқа шақырғысы келген. Бірақ полиция оларды Ақордаға апаратын аспалы көпірмен жүргізбеді. Олардың жолын бөгеген полиция қызметкерінің түсіндіруінше, «Нұр-Сұлтан әзірге қызыл аймақтан шықпаған және аспалы көпірмен тек мемлекеттік қызметкерлер ғана жүре алады».

Бұған жиналғандар наразылық білдіріп, «дискриминация» деп айқайлады. Сәлден соң олар петицияны президент әкімшілігіндегілерге тапсыру үшін ол жаққа басқа жолмен барды. Президент әкімшілігі наразы топты сағаттап күттіріп, кейін айналадағы полиция арқылы тек үш адамды қабылдайтынын хабарлады. Бұған жиналғандар келіспеді.

– Бұл кеңеске 24 ұйым кіріп отыр. «Ел тірегі», ҚДП, көп балалы аналар ұйымы бар. Мен «Көше партиясы» атынан Арқалықтан келіп тұрмын. Жүргізушілер келе алмай қалды. Сонда қалай үш адамды қабылдайды? Бұл жеке адам мүддесі емес, елдің мүддесі,- деді азаматтық белсенді Нұрлан Алтыбаев.

Оның сөзін қоштаған ұлттық мүдде кеңесінің үйлестірушісі Болатбек Біләлов Ақорда өздерін қабылдамай, пікірлесуге шықпағандықтан «петицияның төртінші тармағына сай, жаппай митингіге шығудан басқа жол қалмады» деп мәлімдеп, тарқап кетті.

Жиналғандарды полиция мен арнайы жасақ бақылап тұрды, бірақ тиіспеді.

2020 жылы Қазақстанда саяси партиялар туралы заңға өзгертулер енгізілді. Егер бұрын саяси партия тіркету үшін кемінде 40 мың адамның қолы қажет болса, жаңа өзгертулерге сай 20 мың адамның қолы жеткілікті. Билік бұл өзгертулерді «демократиялық реформа» деп сипаттағанмен, оппозиция мен тәуелсіз құқық қорғаушылар – «косметикалық сылап-сипау, болмашы өзгеріс» деп атады.