Мектептерді мешітке айналдырмақ па?

0
3804

Қазақстандық 1640 ата-ана ел президенті Қ.Тоқаевқа арнайы хат жолдады. Мыңдаған ата-ана үшбу хатында президенттен мектептерде намазхана ашуды және қыздарына кимешек киюге рұқсат беруді сұраған.

Хат авторлары алыстан орағыта отырып, мектептерде балалары уақытылы намазын оқитын бөлмелер ашып беруді сұрайды. Алыстан орағытып деуімізге себеп, хатта БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінің өзінде 2 намазхана барын, әз азаматтың діни рәсімдерін орындауына кедергі жоғын кәсіби маманның аузымен айтқызады. Сонымен қатар  қыздарға хиджаб деп емес, кимешек киюге рұқсат беруді сұрайды. Кім кімді алдап отыр? Қай қазақ өрімдей қызына әжелер киетін кимешек киюді сұрайды? Нағыз қазақ ақбосаға аттамаған қызына кимешек былай тұрсын, орамал таққызбайтынын ескерсек, бұл хат авторларының кім екенін бағамдау қиын емес. Сол баяғы хиджаб дауының иелері екені айдан анық. Әр мектепке дәрет алатын, намаз оқитын арнайы орын ашып берсе, мектептеріміз мешітке, ал Қазақстан зайырлы емес, кәдімгі Ислам мемлекетіне айналмай ма? Бұл ата-аналардың көксегені не? Хатта жазылған жайттарға назар аударып көріңізші:

«Қасым-Жомарт Кемелұлы, БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінде жұмыс істеген кәсіби маман ретінде айтарым, онда екі үлкен намазхана бар, діни рәсімдерді орындау үшін инфрақұрылымға ие болу мәселесі «маңызды» емес. Сондықтан, заңнамаға кимешек киюге рұқсат беруді және білім беру мекемелерінде, тіпті жуынатын бөлмесі жоқ жертөлелерде намаз оқитын орындардың болуын қарастыратын түзетулерді енгізуді сұраймыз»

«Елде толерантты ұрпақ тәрбиелеу және ұлтаралық келісімді сақтау үшін, ең алдымен, балалардың таңдауына құрметпен қарау керек. Ата-аналардың айтуынша, діндар отбасында тәрбиеленетін балалар үшін «мүмкіндіктің болмауы немесе намазды орындауға кедергі жасау терең күйзелістің себебі болады».

Балалар намаз оқымадым екен деп күйзеліске түседі екен. Бәлкім, сол бала ата-анасы күштеп намаз оқытқаннан күйзеліске түсіп жүрген болар, қалай ойлайсыз? Балалардың таңдауына құрметпен қарау ең алдымен отбасыдан басталуға тиіс. Он жасар ойын баласына құдайың кім, намаз не үшін екені маңызды ма? Өзімізді алдамайықшы, осы мақаланы оқып отырған әрбіріміз он жас межесінен өттік қой. Қайсымыз он-он екі жаста әлдебір жаратушы барын ойлап бас қатырдық? Қайсымыз күнәларымыз үшін сәждеге бас қойып, кешірім сұрау туралы ойландық? Он жас былай тұрсын, 15-20 жасында да өзін күнаһар санап, Алланың сынағында жүрміз деп уайымдай қоятындар саусақпен санарлық.

Күнә мен сауап, парыз, намазды «қатты ойлайтын» балалар осы соңғы 10-15 жылда «пайда болды» емес пе? Діни сауаттары артып кетті ме, әлде басқалай себептер әсер етті ме, әйтеуір қазіргі қазақ отбасыларында білім алуды емес, дінді білуді міндеттейтін ата-ана саны көбеюде. Рухани тазаруды емес, бес уақыт дәрет алып, тәнін тазартуды үндейтіндер қаптап барады.  Қазақстанда медицина дамымай тұр, энергетика саласында маман тапшы, тау-кен саласы кенжелеп, мұнайымызды шетел мамандары уысында ұстап отыр. Неге? Себебі қазақ жастары ғылым-білімге емес, діндар, намазхан болуға ұмтылуда. Таңнан кешке дейін тәспісін тартып, намаз оқып, бос уақытын мешітте уағыз тыңдауға жұмсайтын бала реаниматолог, хирург немесе ортодонт болуға ұмтылмайды. Бұл әрбіріміздің көзіміз жеткен шындық. Олай болса, онсыз да тұралап тұрған білім саласын ендігі жерде діни атрибуттармен безендіріп, бүгінгі мектепті ертеңгі мешітке айналдырудың қаншалықты қажеті бар? Ал ең бастысы, президентке хат жолдаған ата-аналардың мектепте намазхана ашуды, қыздарға кимешек киюге рұқсат сұраудағы басты мақсаты не?

Осы мәселеге байланысты  «Демос» ҚБ төрағасы Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ: «Қазақстан республикасында Конституция негізінде азаматтарға ар-ождан бостандығы және наным сенім еркіндігі беріліп отыр. Осы себепті кез келген Қазақстан азаматы өзінің діни сенімін айқындау құқына толықтай ие.

Екі жыл бұрын Франция үкіметі мемлекеттік мекемелерде хиджаб киюге қатысты шектеу қою туралы қаулы шығарған кезде елдегі денесін толық жауып киінген әйелдердің саны үш есе артып кетіпті.Сол үшін Францияның  шенеуніктері заңмен шектеудің еш нәтижеге әкелмейтінін түсінген еді.

Бірақ бір нәрсені естен шығармау керек, хиджаб-орамал яки кимешек деген униформаның мұсылмандардың қасиетті кітабы Құранда жоқ екенін баса айтқым келеді.

Киім кию үлгісіндегі бұл  діни униформа араб-парсы мәдениеті мен фольклоры немесе әрбір көшпенді тайпалардың географиялық яки климаттық жағдайға байланысты амалсыз,яғни  дәстүр ретінде қалыптасқанын ескеруіміз керек»,- дейді.

Ал сіз не дейсіз, құрметті оқырман? Мектепте намазхана ашып, қыздарымыз кимешек кигенін қолдайсыз ба?

Асыл БАЛАБИ.