Мәжіліс депутаты Тұран одағын құруды ұсынды

0

Соңғы жылдары Тұран одағын құру мәселесі тым жиі айтылатын болды.  Тіпті бұл мәселені ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса да көтерген екен. Сауысқаннан сақ депутаттардың Тұран одағы туралы айта бастағаны нені білдіреді? Шынында аталған одақты құруға мүмкіндік бар ма?

Қазыбек Исаның айтуынша, Тәуелсіз Түркі елдері үшін қазір ең басты мақсат – Түркі Одағын құру! «Ақымақтың айтқаны келеді» дегендей, ақыр «Тұран одағы құрылады» деп айқайлап жүрген Жириновскийлердің сөзін шындыққа айналдырайық» депті мәжілісмен.

«Тұран елдерінің тұтастығын ойласақ, шұғыл Түркі елдері одағын құруымыз керек!

Шығысымызда Қытай, солтүстігімізде Ресей мемлекеттерімен құдайы көрші болғасын, олармен бірнеше экономикалық және ынтымақтастық одақтарда мүше болып отырмыз. Алыстағы алпауыт АҚШ-пен де сәлеміміз түзу.

Бірақ дүрбелеңі көп дүние күнде дүрлігіп тұр. Оңтүстік Азиядағы таяуда тәліптер билікке келген Ауғанстан да әлем назарын аударып, шекарасы жақын елдерді қатты алаңдатып тұр.

Біз Ресей бастаған ТМД-ның біраз елдерімен Еуразиялық Экономикалық одақта бармыз. Енді сол секілді Түркі елдері одағы да іргемізді бекемдей түсуге берік негіз болар еді.

Екпіні қатты Ердоған ер бастаған ел басшыларының мойнында түгел түркі мемлекеттерінің Тәуелсіздік тағдыры, территориялық тұтастық қауіпсіздігі тұр!

«Ақымақтың айтқаны келеді» дегендей, ақыр “Тұран одағы құрылады” деп айқайлап жүрген Жириновскийлердің сөзін шындыққа айналдырайық. Ол кеше ойға сыймайтын оттауын тағы да жариялап, Орта Азия елдері өздерін тәліптерден қорғайтын Ресейдің губернияларына айналуы керек деп соқты…

Тағы да қадап тұрып, қайталап айтамыз, Тәуелсіз Түркі елдері үшін қазір ең басты мақсат – Түркі Одағын құру!

Ең болмаса, туыс елдердің тұтасуын өзгеден сұрамай өзіміз шеше алатын шығармыз деп үміттенеміз.

Ел аман, жұрт тыныш болып, Тәуелсіздігіміздің Көк туы көкте мәңгі желбірей берсін!», – дейді Қазыбек Иса.

Алайда бұл қауымдастық Ресей мен Қытайға өте тиімсіз. Өйткені, алда-жалда Тұран одағы құрыла қалған жағдайда осы бірлестікті арқаланып, қос алып державаны мекендеп отырған түркітілді халықтар мен ұлыстар Тұран одағына бет бұрып кетеме деп қауіптенетін көрінеді.

Әсіресе, территориясында 20 миллионан астам мұсылман мекен ететін Рессей қарсылық етуі бек мүмкін. Былтырғы жылдан бері думма депутаты, ЛДПР париясының жетекшісі Жириновский «Түркі жұртына біз түбі бағынышты болып қаламыз. Орыс халқы қиын жағдайда» деп дабыл қағып жүргені бекер емес.

Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ