Мәселе, шешім, даму: Соңғы 5 жылда не өзгерді?

0

   Жүсіп Баласағұни өзінің бір сөзінде “Басшы қабандай қайсар, қасқырдай күштi, сауысқандай сақ, қаршығадай қырағы болсын. Бастық елдi билеу, шаруашылықты ұйымдастыру туралы жазылған ғылымның негiзiн жақсы бiлуi қажет. Халықты дұрыс басқару үшiн басқару ғылымын меңгермей болмайды” деген екен.
Билік басына келген жаңа Президент халықтың сенімін иеленіп, үмітін ақтап, армандарын орындауға талпынатыны сөзсіз. Қасым-Жомарт Тоқаев та ел басшысы болғалы үздіксіз ізденіс пен талпыныстың, қажырлы еңбек пен терең білімнің нәтижесінде халықпен бірге биіктерді бағындырып, жетістіктерге жетті.
Саясаттанушы Ерлан Саиров бір сөзінде «Кез келген елдің дамуындағы басты мәселелердің бірі – биліктің арақатынасы мәселесі. Бүгінгі таңда біз әлемнің тұрақсыз екенін және геосаяси турбуленттілік кезеңіне кіретінін көріп отырмыз. Мұндай сәттерде елде биліктің біртұтас вертикалы болуы керек. Қазақстан Президенті еліміздің Конституциясына сәйкес уәкілетті тұлға болып табылады, ішкі және сыртқы саясатты жүргізеді», — деген еді.
Бүтіндей бір мемлекеттің жауапкершілігін сезіне алған адам ғана жақсы нәтижеге қол жеткізетіні сөзсіз. Мәселен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікке келуімен Қазақстан демократия негізіндегі мемлекеттік жүйені саяси жаңғыртуды, трансформациялауды жалғастырды. Ол сондай-ақ «күшті президент — ықпалды парламент — есеп беретін үкімет» формуласы бойынша биліктің вертикалын нығайтуға және сонымен бірге биліктің халық алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Маңызды стратегиялық мәселелер бойынша шешімдер халықтың көпшілігінің көзқарасын ескере отырып, сауалнамалар арқылы, ал ең бастысы референдумдар арқылы қабылданатын болды.
Президент билікке келгелі бізде қоғамды түсінетін, халықты түсінетін жеткілікті күшті азаматтық қоғам бар екенін дәлелдеп келеді. Қаңтар оқиғасынан кейінгі бейбіт жиналыстар туралы Заң, сондай-ақ қазан айында қабылданған қоғамдық бақылау туралы заң, петиция беру сияқты ережелердің барлығы мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының бар екенін дәлелдеді.
Соңғы 5 жылда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саясатының маңызды элементтерінің біріне айналды және жаңа әділ Қазақстанды құруда маңызды рөл атқаруда.
Біз 2019 жылдан бастап осы Тұжырымдаманы жүзеге асырып жатқанымызды бәріміз білеміз. Бұл туралы Президент сұхбаттарының бірінде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» халық пен мемлекет арасында әлеуметтік лифтілер құрған кезде, бізде жеткілікті күшті азаматтық қоғам,  түсінікті және ашық сайлау жүйесі болған кезде жүзеге асатынын айтқан еді. 2022 жылғы 5 маусымда өткізілген Ұлттық референдумнан кейін Қазақстан халқы Мемлекет басшысына жоғары сенім білдірді. Осы аралықта саяси жүйеде де, әлеуметтік, экономикалық жағынан да реформалардың өте үлкен векторы жүргізілді. Қазақстанның сыртқы саяси шекараларында өте жақсы позиция белгіленді.
Сонымен қатар 2023 жылдан бастап Конституциялық сот өз жұмысын бастады. Жаңа ережелер бойынша мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті. Алғаш рет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдер сайлауы болды. Аудандық маңызы бар ауылдар мен қалалар басшыларының сайлауы жалғасты, олардың қорытындысы бойынша өткен жылы 700-ге жуық ауыл әкімдері сайланды. Біз әділ және бәсекеге қабілетті экономикалық жүйені құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиясыздандыру, инфрақұрылымды жаңарту, бизнесті қолдау және инвестициялар тарту мәселелерімен айналысып жатырмыз. Әлеуметтік саланың өзекті мәселелері дәйекті түрде шешілді. Бүкіл ел бойынша мектептердің, оның ішінде «жайлы мектептердің» құрылысы басталды, ауылдарда медициналық нысандар салынуда. Азаматтардың осал санаттарын кешенді қолдауға бағытталған әлеуметтік кодекс енгізілді. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарға арнайы төлем бекітілді. Табиғат қорғау қызметтерінің қызметкерлеріне өмір мен денсаулыққа қауіп төндіргені үшін қосымша ақы белгіленді. Медицина қызметкерлерінің, мектеп, колледж, балабақша педагогтарының жалақысы көтерілді.

Ұлттық қордан балаларға аударымдарды реттейтін заң қабылданды. Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескеретін ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесі қабылданды.
         Ал экономикалық дамуға тоқталатын болсақ, ЖІӨ құрылымында өнеркәсіптің өсуі 13,2%-ды құрады, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 24,2%-ға, тау-кен өндірісі 4,5%-ға өсті. Қызмет көрсету саласында 5 жыл ішінде Ақпарат және байланыс секторы  37,5%-ға және сауда 26,2%-ға артты. Құрылыс жоғары қарқынмен өсті. 2019-2023 жылдары құрылыс 70,8%-ға көбейді.
Барлық үш халықаралық рейтингтік агенттіктер (S&P, Fitch, Moody ‘ s) Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингін және экономиканың инвестициялық сенімділігін растады. Рейтингке оң әсер ететін Қазақстанның ең мықты тұстарына фискалдық теңгерім, төмен санкциялық тәуекелдер, экономиканы әртараптандыру және институционалдық реформаларды жалғастыру болып табылады.
Жұмыссыздық деңгейі 2018 жылғы 4,9%-дан 2023 жылғы 4 тоқсанда 4,7%-ға дейін төмендеді. «Ұлттық қор-балаларға» жобасы іске қосылды. БЖЗҚ-да ашылған 7 млн-ға жуық шотқа 18 жасқа дейінгі балаларға алғашқы қаражат жинағы түсті.
2019-2022 жылдар кезеңінде 93,4 млрд. тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар соңғы 5 жылда 143,5%-ға өсті (12,6 трлн теңгеден 18 трлн теңгеге). 2022 жылдан бастап жаңа құрал – инвестициялық міндеттемелер туралы келісім енгізілді, оның шеңберінде 600 млн АҚШ долларынан кем емес соманы инвестициялау кезінде ҚР салық заңнамасының 10 жылға тұрақтылығына кепілдік беріледі.
Бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту және әкімшілік кедергілерді қысқарту, сондай-ақ кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Салық және кеден мәселесінде соңғы 5 жылда шоғырландырылған бюджетке түсетін салық түсімдері 12,1 трлн.-нан 1,9 есе өсті. 5 жыл ішінде өңдеу өнеркәсібінің өндірісі 11,5 трлн теңгеден 21,6 трлн теңгеге дейін 1,8 есеге көбейді. Бұл салаға 6,9 трлн теңге инвестиция тартылды. Соңғы 5 жылда жалпы мұнай өндіру 436,2 млн тоннаны құрады.
ҚР аумағы арқылы транзиттік тасымалдар 66%-ға немесе 13 млн. тоннаға ұлғайды.
Дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың үлесі 30,6% — дан (5,7 млн адам) 40,4% — ға (8,1 млн адам) дейін артты. 4 жаңа мемлекеттік театр құрылды. Театрларға арналған 4 жаңа ғимарат салынды. «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы қайта пайда болды. Жалпы таралымы 4,3 млн. кітаптан тұратын 1183 шығарма шығарылды.
Еріктілер ұйымдарының саны 740-қа дейін және белсенді еріктілер саны 240 мыңнан асты.
         Небәрі бес жылдың ішінде осыншама жұмысты атқарып, мәселенің шешімін табу — үлкен ерлік. Халықтың пікірімен санасу — үлкен даналық. Өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жол табу — үлкен еңбек. Жақсы адам ғана жақсы басшы болары сөзсіз.