Ләззат Асанованың анасы: Қарғадай баламды Алматыға алып келгеніме өкінемін…

0

Алтынай Асанова қаралы хабар келген күнді көзіне жас алып еске алды. Ләззаттың мерт болғаны туралы суыт хабар 1986 жылдың 25 желтоқсанында келген, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Сөйтіп бес жылдан кейін, 1991 жылдары ғана желтоқсан құрбандарының тағдыры ашыла бастаған.

«Ләззат ұшып өлді» деді. Бірақ ұшып, мерт болған баланың басы ғана ойылуына қатысты көңілімде әлі сол бір күмән жатыр. Кейіннен 18 жыл өткеннен кейін «Ана тілі» газетінде «Ләззат көтеріліске қатысқан жоқ» деген мақала шықты. Сол кезде соттасуға дейін бардым. Ең соңында Ләззатпен бірге оқыған курстастары шындығын айтып, жеңіске жеттік.

Сөйтіп артынша Рамазан деген курстасынан «Қалай болды? Сен көрдің бе? Шындығыңды енді айтсаң» деп өтініп сұрадым. «Ұшып өлді. Қатысқанымыз да рас. Барғанымыз да рас. Бірақ Ләззатты үш-төрт күндей жоғалтып алдым, оны көре алмадым. Сосын келіп, «Маған жала жауып жатыр. Барған 4-5 адамның тізімін берсең, біз сені еркіңе жібереміз» деп мені қинады. Бірақ мен айтпадым» деді» деп шындықты айтты Рамазан. Сөйтіп кішкене де болсын жеңілдеп қалдым. Жарайды, ұшса ұшып өлген шығар. Бірақ Ләззат — желтоқсанның құрбаны. Жаланың бәрін көтере алмай кетті ме? Оған не көрсетпеді? Оны мен білмеймін ғой. Неге ол 3-4 күн жоқ болып кетеді? Азапқа қор болған бала мүмкін өз-өзіне қол жұмсаған да шығар. Бұл үлкен құпия. Басында «ұшып өлуі мүмкін бе? Неліктен басы ғана жарылады?» деп ойладым. Бесінші қабаттан секірген баланың бір жері сынып, не көгерер еді ғой. Осының бәрі әлі күнге дейін мен үшін үлкен құпия», — дейді Алтынай Асанова.

Анасы мен қызының арасындағы махаббат ерекше болған.

«Ләззат мені қатты жақсы көрді. Мен оны қатты жақсы көрдім. Екеумізді құдай бір-бірімізге сондай жақын етіп қойды. Ауылға келгенде сабағы туралы әңгімелейтін. Оған ауыр жұмыс істетпей, домбырасын шерткізіп отыратынмын. Өнер жолын таңдауына қарсы болсам, оны Алматыға жетектеп әкелмес едім ғой. Қарғадай баламды алып келгеніме өкінемін…» — деді Алтынай Асанова.