Латвия орыс тілді «Бірінші Балтық арнасын» лицензиясынан айырды

0
301

Латвияның электрондық БАҚ Ұлттық Кеңесі «Бірінші Балтық арнасының» лицензиясын жойды, деп хабарлайды kznews.kz сайты novayagazeta.ru сілтеме жасап.

«Бір жыл ішінде Латвия ББА-ның жұмысында электронды БАҚ туралы үш елеулі заң бұзушылық анықталғандықтан осындай шешім қабылданды», – деді латвиялық реттеуші мекеме.

Бірінші, телеарнаға басқа БАҚ-ның құрған бағдарламаларын таратқаны үшін айыппұл салынған. Екінші, ББА Еуропалық өнімнің эфир уақытының 51%-ын қамтамасыз етуі керек деген ережені сақтамағаны үшін айыппұл арқалаған. Үшінші, телеарнаның қоғамдық денсаулыққа қауіп төндіретін ақпаратты таратуы ББА-ның жұмысын тоқтатуына себеп болып отыр. Толығырақ айтар болсақ, Бірінші Балтық арнасы көрсеткен бағдарламалардың бірінде COVID-19 өте жұқпалы емес және майшабақты жеу арқылы аурудың алдын алуға болатындығы айтылған.

ББА хабар таратуын 26 қазанда тоқтатуы тиіс, арнаның бұл шешімге сотта қарсы шығуға құқығы бар.

Еске сала кетейік, Бірінші Балтық арнасы 2021 жылдың қыркүйегінен елдегі ең танымал орыс тілді арнаға айналған болатын. Ал 2019 жылы Латвия Юрий Ковальчукке қарсы санкцияларға байланысты ол иелік ететін тоғыз орыс тілді телеарнаның жұмысына тыйым салды. Айталық, «Дом Кино», «Дом Кино Премиум», «Музыка Первого», «Телекафе» және «Петербург-Пятый канал» арналарына.

Аударған,

Оралбай Мергенбайұлы