Көшербаев Сталинді мақтаған ақынды жастарға қалай үлгі етпек?

0

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын атап өту жөніндегі мемлекеттік комиссиясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы елдігімізді айшықтап, бірлігімізді көрсететін айтулы оқиға екенін, алдағы жоспарланған іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу қажеттігін айтты.

«Ақынның мерейтойы жас ұрпақты тәрбиелейтін, ұлтымызды ұйыстыратын, жұртшылыққа ой салатын тағылымы мол, тәлімі зор, тәрбиелік мәні бай шара болуы тиіс, – деді Қырымбек Көшербаев.

Комиссия отырысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сонымен қатар, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ақын мерейтойын атап өтуге қатысты жоспардың орындалу барысы жөнінде баяндады.

Жиын соңында Мемлекеттік хатшы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспарды орындау жөніндегі жұмысты жалғастыруды және белгіленген іс-шаралардың сапалы өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Мемлекетші хатшының ақынның мерейтойы жас ұрпақты тәрбиелейтін, жұртшылыққа ой салатын тағылымы мол  болуы тиіс дегенін түсіне алмадық. Өйткені Жамбыл Жабаев қазақ халқын аштықтан қырып, Алаш арыстарын атып тастаған Кеңес үкіметінің көсемдерін жырлаған болатын. Сталин мен Ежовты мақтап өлең жазған ақынның шығармашылығы қалайша «жас ұрпақты тәрбиелей» алады? Жоқ әлде қазіргі билік Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарын қынадай қырған Сталиннің әрекетін қолдап отыр ма?

Әлихан Бөкейхан демекші биыл ұлт көсемінің 155 жылдық мерейтойы. Өкінішке қарай Қазақ тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғаның 155 жылдығы тап Жамбыл Жабаев секілді аталып өтілген жоқ. Мысалы Қырымбек Көшербаев Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын кең көлемінде атап өту жөнінде бір емес, бірнеше жиын өткізді. Ал Алаш Орда Үкіметінің премьер-министрі болып, Азаттық үшін күрескен тұлғаның мерейтойы назардан тыс қалды.

Кейбір азаматтар «Жамбыл Жабаев Кеңес үкіметін жырлаған өлеңдерін өзі емес, жанындағы әдеби хатшылары жазды» дегенді айтады. Жаны бар сөз. Себебі жыр алыбы Кенесары ханды сатқан Сыпатайдың әрекетін сынап «Дулатта батыр Сыпатай

Жаудан қорқып сенделіп.

Сарбұлақтың басына,

Аңрақайдың тасына.

Түнде барып тығылды» деп айыптайды.

Осындай сыни көзқарастағы ақынның бас-көз жоқ Сталин мен Ежовты мақтауы мүмкін емес. Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығында ақынның өзі жазбаған өлеңдерінен арашалап алған жөн-ау. Әйтпесе жыр алыбының өлеңдері Қырымбек Көшербаев айтқандай жас ұрпақты тәрбиелей алмайды.

Серғали Асланбек

kznews.kz ақпарат агенттігі