«Кеңес Одағы деңгейінде тоқтап қалдық»: Елеусінов боксшыларға қатысты ойын айтты

Бірақ ол қалған боксшылар медаль алады деп үміттенетінін айтты.

0
819

2016 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов пен әлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызайбай қазақстандық боксшылардың Токио Олимпиадасындағы сәтсіз өнері туралы пікірін бөлісті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі «Жетінші арнадағы» «Студия 7» бағдарламасына сілтеме жасап.

Айта кетейік, қазір Олимпиаданың жарыс жолында төрт боксшымыз қалды. Бұған дейін Абылайхан Жүсіпов, Василий Левит, Серік Теміржанов, Бекзад Нұрдәулетов пен Надежда Рябец 1/8 финалда жеңілген болатын.

«Басқа елдерде боксшылардың деңгейі әлемдік үрдістермен бірге өсіп келеді. Ал біз Кеңес Одағы деңгейінде тоқтап қалдық. Мысалы, біздің спортшылар қашықта қалай жұдырықтасу керегін біледі, бірақ көбіне қарсылас жақындаған кезде не істерін білмей қалады. Мұндай жағдайда біздің боксшылар құшақтасып алады. Бұл техника емес. Соққы жасау үшін техниканы шыңдау керек, секірмеуді және тепе-теңдікті жоғалтпауды үйрену маңызды. Төзім мен жылдамдық керек», – деді Данияр Елеусінов.

Бірақ ол қалған боксшылар медаль алады деп үміттенетінін айтты.

«Біз әдетте үлкен жарыстарға тауда дайындалмаймыз. Бірақ карантинге байланысты барлық спортшы сол жерде жаттықты. Менің ойымша, бұл да әсер етті. Біздің боксшыларымыз мықты екенін бәрі біледі. Олармен жекпе-жекке жігерленеді, қатты дайындалады, бірінші раундтан күшін салады. Ал бізде көбіне тактика мынадай: бірінші раундта күтеді, қарсыласты зерттеуге уақыт жоғалтады. Салдарынан аз соққы жасайды. Бүкіл әлем Олимпиаданы тамашалап отыр, және, әрине, ешкім жеңілгісі келмейді. Сондықтан басынан бастап барынша күш салу керек», – деді Назым Қызайбай.

Еске салайық, бүгін 14:15-те (Нұр-Сұлтан уақытымен) 75 келіге дейінгі салмақта Әбілхан Аманқұл өзбекстандық боксшы Фанат Кахрамоновпен кездеседі. Ал 15.51-де бокстан құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабаев 91 келіден жоғары салмақта мысырлық Есри Мостафа Резкпен жұдырықтасады.