Халыққа дұрыс жағдай жасай алмаған Үкімет масыл – Сарапшы

0
757

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы дәстүрлі жолдауында халықтың әлеуметтік көмекке иек артып, масыл болып бара жатқанын айтқан болатын. Бұл ойды ҚР Президент әкімшілігінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев та қайталады. Мұның алдында тап осындай ойды экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқаны белгілі.

Осы ретте халық масыл ма, жоқ әлде 30 жылда халықтың әлеуметтік жағдайын жасай алмаған жемқор шенеуніктер ме деген заңды сұрақ туындайды.

Сарапшы Қазыбек Бейсебаевтың айтуынша, Үкімет түрлі әлеуметтік бағдарламалар арқылы халыққа көмек көрсетіп жатыр. Өйткені бюджет шығынының негізгі бөлігі әлеуметтік төлемдерге жұмсалады.

«Осы тұрғыдан алып қарасаңыз Үкіметтің халықты масыл деген пікірмен келісуге болады. Ал осы мәселенің екінші жағын алып қарайықшы. Билік халықты өзіне қол жаймау үшін қандай әрекет жасады? Жасаған күннің өзінде ол қаншалықты нәтижелі болды? Бірер жыл бұрын Елбасы екі сиыр алып сүтін ішіп, артылғанын сатып тіршілік жасауға болатынын айтты. Мейлі жұмысы жоқтар осы «әдіспен» күн көре қойсын. Биылғыдай құрғақшылық, жұт кезінде екі сиырының шөбін қамдай алмағандар қайтеді? Күллі «бизнес жобасымен» қоса құрдымға кетпей ме?

Осындай да халыққа балық емес, қармақ берудің қамын ойластыра алмаған Үкіметті де масыл деп сипаттауға болады. Үкімет ауысып, депутаттар корпусы жаңаланар сәтте олар уәдені үйіп төгеді де, соңында сөзінен айнып шыға келеді. Бір мысал. Кеше картоп пен сәбіз бағасының көтерлуіне қатысты пікір білдірген Ұлттық Банк төрағасы Үкіметтің дер кезінде шешім қабылдай алмауынан аталған тауарлардың шетелге сатылып кеткенін айтты.  Бұған не деуге болады?», – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, дәл қазіргі сындарлы шақта үлкен өзгеріс керек. Нақтырақ айтсақ ол халыққа берген уәдесінде тұра алмайтын Үкіметтің отставкаға жіберген жөн деген пікірде.

«Әлгіндей факторлардың әсерінен қазір көпшіліктің Үкіметке деген сенімі жоғалды. Халықтың сенімінен айырылып қалған билік ұзаққа бармайды. Адамдар арасындағы қарым-қатынас секілді мемлекет пен билік арасындағы сенімнің жоғалуы өте қауіпті құбылыс, – дейді сарапшы.

Иә, масылдық жақсы қасиет емес. Бірақ бұл масылдықтың жең үшынан жалғасқан жемқорлық жайлаған елде болуы қалыпты дүние. Өйткені халық «Билік бюджетті тонап жатқанда менің 42500 теңге алғаным тек емес» деп ойлайды.

Болат  МЫЛТЫҚ