Ғалымжан Жақиянов: «Болашағыңызды ойлаңыз деді, Тоқаевтан сол кезде көңілім қалған…»
Ғалымжан Жақияновтың «Өмір белестері» атты кітабын оқып шығып, Тоқаевқа қатысты мынадай екі дерек ұшыраттым:
- Мысалы, 2000 жылғы республикалық бюджетте қарастырылған қаржының көлемі бар-жоғы 92 млн теңге. Астананың құрылысына бөлініп жатқан жүзден артық миллиардпен салыстыруға да келмейді. Ал қазақ тілінің, яғни мемлекеттік тілдің дамуы — ол да стратегиялық міндетіміздің бірі, еліміздің тәуелсіздігін сақтауымен тең тұрады. Сондықтан бұл салаға мұнайдан түскен қаржының қомақты бөлігін жұмсасақ артық болмас. Алтынбек екеуіміздің көзқарасымыз бір боп шықты. Өкінішке орай, ол кездегі үкімет басшысы Тоқаев мырза ана тілінің қамқоршысы ретінде өзін көрсете алмады.
- «Премьер-министріміз жаңадан келген, экономикадан хабары шамалы адам ғой, дұрыстап түсіндірсем бәрі де орнына келер» деп өзімді-өзім жұбаттым.
Тоқаевпен әңгімелескенімізде жағдайды жан-жақты түсіндіріп, бюджетіміз қаншама қаржыдан қағылатынын, қаншама мектеп мұғалімдері мен аурухана дәрігерлері еңбекақысыз қалатынын кеңінен баяндадым. Үкіметтің бұл қаулысы жергілікті билік өкілдерінсіз қабылданғаны, олардың пікірін елемегені, елдің заңдарына қарама-қайшы келетінін де айттым. Әлемдегі ең алып кешенді, ондаған миллиард құны бар қазба байлықтарымызды бар-жоғы жиырма миллион долларға сатып алған, оның өзін бірден бермей, аздап, сол көмірді сатқан ақшаның есебінен беріп келеді. Бұрындары кеншілерге арнап салынған оншақты балабақша, аурухана, мәдениет ошақтарын керек қылмай, жекешелендірудің ертеңінде-ақ мемлекетке өткізіп тастаған. Енді шығынның барлығын бюджеттен, яғни халықтың қалтасынан өтеуіміз керек. 53-қаулыны орындайтын болсақ, салық төлемдері бірнеше есе азаяды, жердің құны жүз есеге кемітіліп, басқа да жеңілдіктер орынсыз беріледі. Сондықтан қаулының күшін жоюды, не болмаса тоқтатуды талап еттім. Ал келешекте бұндай әрекеттерді жасар алдында жергілікті жердегі біздермен ақылдасуды өтіндім.
«Жарайды, айтқаныңызды түсіндім. Бұл жағдайды түзету жағын ойластырайын» деген Тоқаевтың сөзі мені біраз үміттендіргендей болды.
Бірақ шығарып саларда айтқаны: «Сіз болашағыңызды ойлаңыз. Бұл жебекеңдермен кетісу қауіпті, байқаңыз». Бұл сөзден кейін әлгідегі көтеріңкі көңілім су сепкендей басылды. Бұл кісінің де сыры белгілі болды.
Бөлмесінен шыққанымда, көмекшісінің өз бөлмесінен Карпуховичпен телефон арқылы сөйлесіп,» қазір сізді Қасымжомарт Кемеловичпен қосамын» деген сөздерін құлағым шалып қалды.
@Ғалымжан Жақиянов, «Өмір белестері» кітабы.