Ерлан Төлеутай: Билік пен дін бірауыз, халықты құл қылу жолында – одақтас

0
2094

Жуықта «Фейсбук» желісінде танымал талантты әнші, өнертанушы, публицист-қаламгер Ерлан Төлеутайдың «Молдада ұлттық мұрат, халықтық арман жоқ» деген тақырыптағы жазбасы жарияланған еді. Желідегі осы постқа пікір айтқан комментаторлар көп болды. Ал елге етене белгілі дінтанушы қайраткер Зікірия Жандарбек Ерлан мырзамен сырттай сөзсайысқа түсті.

Біз осы екеуара пікірталастың пайымды бөлігін іріктеп алып, «Қабыл болсын оразаң, ұстайтын жан!» деген тілекпен газет оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз. Бұл пікірсайыстан өзінің тобықтай тұжырымын құрметті халайықтың өзі түйіп алады деген ойдамыз.

Ерлан Төлеутай:

– Жат ағымдарға уланып, зомбиге айналған дүмше молдалардың санасында саудиялық шейхтардың садақасына семірген миссионерлік мүдде ғана бар. Ел дүдәмал дінге ессіз елтіген сайын, қожа молданың қабақтай қарны тоқ, шұбатылған сарт көйлегі көк бола түспек. Өзінің қарнын тоқ қылу, сол жолда қазақтың еркіндігі мен ұлттық дүниетанымын құрбандыққа шалып, жатқа ақыл-есін байлап жығып беріп, құлақ кесті құл қылу – һәр молданың «асқаралы» арманы һәм «мұсылмандық» мұраты. Сондықтан оның әр улы уағызы Аллаға құлшылықтан басталады.

Ал аса мейірімді һәм жарылқаушы Жаратқанға өз перзентінің құлақкесті құлшылығының түкке керегі жоқ. Жаратушы – өзінің жаратқанын өзіне құл қылу үшін жаратпайды Бұл Ұлы Жаратушының жасампаздығына қайшы. Бұл – сол заманда үстем болған құл иеленушілік (формацияның) сананың сандырағы болса керек. Мұндай құлшылықтың ар жағында Құдай атын жамылған өзіңнен үстем отаршылдарға – жерің мен рухыңды жаулаушы жатқа құл болу, одан қалды жемқор билікке басыбайлы болу қитұрқысы жатыр.

Естеріңізде болсын, қай заманда болсын, билік пен дін бірауыз, екеуі де халықты құл қылу жолында – одақтас һәм табақтас. Екеуінің тұсағаны – халықтың еркіндігі, аңдығаны – еркін ой мен жарқын өнерге бас көтертпеу, тонағаны – халықтың несібесі. Екеуінің сондағы сүйенгені мен сүйгені – семиттік діндердегі басты қару – құл болу идеясы. Қазақтың әлі күнге дейін билікке бір ауыз сөз айта алмай, қор болып отырғандығы – сол сүйегімізден өтіп кеткен құлдық сананың «арқасы». Егер жат біткеннің улы уағызына осылай ұйый берсеңдер, бұл құлдықтың шегі болмайды, қазағым!

Семиттік діндерді қазақтың тілі мен ділінен артық көріп, сол қалпында қазақтың санасына тықпалағасы келетін зомби «ғұламалар» мынаны түсінсін: Авраам балаларының діні басқыншылық сипат пен ұлттық мәдениетті қиратушы күшке ие. Ол бұл жолда ешбір ұлт пен ұлысты аяған емес, бұдан былай да аямайды. Кешеден бері арабтың тілін қызғыштай қорып, қиқынып жатқан адасқан бауырларыма айтарым осы!

Зікірия Жандарбек:

– Ереке, дін семиттік немесе басқа болып бөлінбейді. Тәңір Тағаланың адам баласына бергені бір ғана дін. Ол – Ислам. Ол түрлі атауларға ие болуы мүмкін. Бірақ негізі біреу болып қала береді.

Бірақ шариғат көп. Себебі әрбір халыққа Тәңір Тағала пайғамбарлар жібере отырып, әрбір халықтың тілін, әдет-ғұрпын, дәстүрі мен мәдениетін қалыптастырды. Сол салт-дәстүрмен халықтардың генетикалық коды қалыптастырылды. Сол себепті әрбір халықтың салт-дәстүрі киелі, қасиетті болып саналады.

Алғашқы адам баласына келген діндердің бірі – бір Жаратушыға мойынұсындырған дін – ол түркілерге келген Тәңір діні болатын. Ол тәңірлік дін де Исламға жатады. Біздің генетикалық кодымыз да, салт-дәстүр, мәдениетіміз де сол кезеңде, осыдан 4000 жыл бұрын қалыптасты. 951 жылы Қарахандық билеуші ислам дінінің Ахл ал-Хадис бағытын қабылдағаннан кейін, түркілер де арабтана бастады.

Оны қайтадан қалпына келтіріп, түркі мәдениетінің қайта түлеуіне ықпал еткен Қожа Ахмет Йасауи болатын. Ол кісі Исламнан бес парызды ғана алып, бүкіл түркінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, мәдениетін қайтадан қалпына келтірді. Оның бұл еңбегі Шыңғысхан шапқыншылығынан кейін түркілердің әлемге ықпалын жүргізе алатын халыққа айналуына мүмкіндік берді. Тарих сахнасында Алтын Орда сияқты ұлы мемлекет дүниеге келді.

Абсолюттік билікке ұмтылған Өзбек ханның ұлы Жәнібек хан Йасауи жолына қарсы шығып, оның орнына қазіргі біздің имамдардың ұстанған бағытын әкелгенде, Алтын Орда сынды алып империя 14 жылдың ішінде күйреді. Одан кейінгі кезеңде Йасауи жолынан шегінген әрбір қадам түркі мемлекеттігін күйретуге әкеліп отырды. Ең соңғы күйреген мемлекет – Қазақ хандығы болды. Себеп – Йасауи жолынан шегіну болатын. Бүгін біз тағы сол қателікті қайталап отырмыз.

Ерлан Төлеутай:

– Зікірия аға, алғыс сізге! Түркілер заманында біздің өз дініміз болған. Арабқа дінін сатқан Алтын Орданың ақымақ хандары Дешті Қыпшақтың түбіне жетті. Біз қалай аруағымыздан айырылдық – әлемді тітіретіп тұрған ұлы жауынгерлік рухымыздан солай айырылдық. Өйткені алаштық жауынгерлік кодымызды авраамдық діннің миссионерлері Алтын Орданың сатқын хандарымен астыртын келісіп, арабтық құл болу кодына ауыстырып жіберген еді.

Содан кейін жеңілуден көз ашпай келеміз. Өйткені біздің Тәңірлік кодымыз айырбасталып кеткен. Біз Құдайы ұрланған халықпыз. Кодымыз айырбасталып, Құдайымыз ұрланып кеткендіктен, әркім кеп бір қорлайтын, тонайтын, мазақ қылатын қор ұлтқа, күллі әлемнің құлына айналып отырмыз.

Құдайы бар халықты ешкім құл қыла алмайды әйтпесе.

Зікірия Жандарбек:

– Ереке, саған тағы бір ойландыратын мәселені ойыңа салмақпын. Тәуке ханға дейін Қазақ хандығы теократиялық мемлекет болды. Пәленше былай деп жазыпты деп, қате тұжырым айта беруге болмайды.

Рас, қазақтар анау татарлар сияқты Ислам дінінің арабтық бағытын ұстанған жоқ. Сопылық бағытты ұстанды. Қазақ қоғамын ірітуді көздеген Орыс империясы заказной молдаларды жіберіп, қазақ арасына жік салды. Сондықтан халқымыздың өткеніне топырақ шаша беруге болмайды. Біздің халықтың діни танымы нашар болса, анау Абай, Шәкәрім, Мәшһр Жүсіп, Балмағамбет сияқты ойшылдар қайдан шықты? Солардың барлығы Йасауи мәдениетін бойына сіңірген, сол бағыттың өкілдері.

Ерлан Төлеутай:

– Зікірия аға, Керей мен Жәнібек, Мұрындық пен Қасым хандар тұсында Қазақ хандығы теократиялық мемлекет болған жоқ. «Қасым ханның қасқа жолы» шариғаттан ада болған соң, халық Қасым ханның соңынан ерді. Ал теократиялық деспотияға жол берген Моғолстан мемлекеті ыдырап кетті. Ақыры өмір салты бір тайпалас Қазақ хандығының құрамына қосылды.

Зікірия Жандарбек:

– Ерлан, діннің әр халықта өмір сүру формасы деген болады. Егер де сол формадан айнитын болсаң, бас тартсаң, Құдай ұрды деп есепте. «Қасым ханның қасқа жолы» Йасауи жолының негізінде дүниеге келген заң болды. Ол Қазақ хандығының дамуына ықпал етті. Бірақ қартайған шағында жіберген қатесі мемлекеттің күйреуіне тікелей себеп болды. Ол өзінің ұлдарын нақшбандийа тариқатының шайхы Абу Саадттың қолына тәрбиеге беріп, балалары қазақ руханиятынан алшақтап, қазақтың дәстүрлі мәдениетіне қарсы күресті. Нәтижесінде мемлекет күйреді.

Шығай хан болса, мемлекет билігінен бас тартып, Шайбанилер ханы Абдуллаға барып мойынұсынды. Тек оны ұлы Тәуеккел Мұхаммед қайтадан өзінің 120 туысқандарымен Йасауи жолына қайта бет бұрып, Қазақ хандығының шаңырағын қайта көтерді. Оның інісі Есім хан болса, нақшбандийа тариқатында қалды. Оның нәтижесі Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы қақтығысқа ұласып, соңы Тұрсын ханның өлтірілуімен аяқталды.

Есім хан таққа жеке отырып алған соң, «Есім ханның ескі жолы» заңын қабыл етті. Бұл заң арабтардың салт-дәстүрі негізінде жасалған заң болатын. Нәтижесінде Түркістан халқы қазақ-өзбек болып екіге бөлініп, этникалық жіктелуге түсті. Ол заң халықтың нақшбандийа тарқатына мойынұсынуды талап етті. Ол деген қазақ дәстүрлі мәдениетінен бас тартып, араб-парсының салт-дәстүрін қабылдауға мәжбүрлеу еді. Ең бастысы – некелік қатынас өзгеріп, ағайынды адамдар арасындағы некелік қатынастар талап етілді.

Одан кейінгі қабылданған Тәуке ханның «Жеті жарғысы» Йасауи жолын мемлекеттік идеология ретіндегі ролінен айырды. Билер институты әр рудың, әр тайпаның өзінен тағайындалған билердің қолына берілді. Нәтижесінде ру-тайпалар арасындағы қақтығыстар басталды. Мұның соңы «Ақтабан шұбырындыға» әкелді.

Ереке, бұл тарихтан хабар болмаған соң, бұрынғы өзгелердің жазып берген тарихымен жүрген кісі ешқашан тарихи шындықты біле алмайды. Сондықтан бұл мәселеде қазақ үшін әлі көп еңбектену керек.

Ерлан Төлеутай:

– Аға, «Қасым ханның қасқа жолын» Йасауи жолының негізінде дүниеге келді дейтін, дәлелдейтін қандай нақты айғақтар бар? Барлық тарихи деректер «Қасым ханның қасқа жолы» Шыңғыстың «Жасақ заңынан» алшақ кетпейтінін баяндайды. Меніңше, қазақтың түбіне Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» жетті. «Жеті жарғы» төрелер мен қожалардың дәрежесін шексіз көтеріп жіберді. Осы заңнан кейін бұрынғы біртұтас қазақ қоғамының ішіне жік түсіп, қазақ бір-бірінен ақсүйек, қарасүйек болып алыстай түсті. Мұның соңы «Ақтабан шұбырынды» нәубетімен аяқталды.

Одан кейін тарих сахнасына Абылай шықты. Ол діншіл емес, халықшыл хан болды. Абылай хан молдаларды өлердей жек көрді. Абылайдың тұсында халық қожа-молданың былшылынан құтылып, нағыз өзінің жауынгерлік рухымен табысты. Оның дәуірі ұлы Шоқан айтқандай «Ерлік дәуірі» болды.

Айбек Байтөре:

– Ераға, негізі нағыз қожалар біз – арғындар екенбіз, оны қазір генетик ғалымдар гаплогруппа арқылы дәлелдеп шықты. Ал енді өзіңіз қараңыз: Қодан тайшының әкесі – Қара қожа, баласы – Дайыр қожа, оның баласы – Мейрам сопы, оның баласы – Болат қожа. Ал қожаға қатысы болмаса, олардың есімдеріне «қожа» қалай қосылған?

Ерлан Төлеутай:

– Арғын тарихы арғы ғұн заманына кетеді. Одан әрі ишкуз – скиф тарихы, тіпті шумерлерге тіреледі. Мейрам сопы заманында Мұхамед пайғамбар әлі тумаған еді. Кейін араб экспансиясы басталды. Олар көз таңбалы арғынның ғажап тарихын жойып жіберді. Оны Мұхамедтен талай заман бұрын өмір сүрген Мейрам бабамызды сопы қылып жіберуден бастады. Арғынның шежіресі былай басталады ғой: «Бекарыстың екі қатыны бар екен, екеуінің де пұшпағы қанамай, Бекарыс бір шикіөкпеге зар болып жүргенде, үйіне ойламаған жерден алты қожа сап етіп кіріп келіпті. Әлгі қожалардың келгеніне есі шығып, қатты қуанған Бекарыс байғұс алты қожаны алты қой сойып, алты күн күтіпті. Қожалар Бекарыстың баласы жоғын көріп, әрі сый-құрметіне риза болып, Бекарысқа: «Көп ұзамай қатындарың ұл туады, оларға осы алтауымыз өз аттарымызды бердік, біздің атымыз Қарақожа, Аққожа, Ақтамберді қожа, Дарақожа, Есімқұлқожа, Қосымқожа. Әумин!» – деп аттанып кетіпті. Сөйтіп алты ұл туып, алты қожаның есімін иеленген бұлардан мұқым Орта жүз тарапты».

Ал енді осы ертегіге кім сенеді, Айбек? Бұл қазақтың жадын түбегейлі жойып жіберуге қолданған арабтардың жауыз тәсілдерінің бірі ғой. Қазақтың надандығы сол – осы ертегіге әлі сеніп келе жатқандығы. Қазақтың бабалары – сақтар бір Тәңірге сиынып, алтын киім киіп, алтынды үйде тұрып, әйелден Томиристей патша қойып жатқанда, арабтар сансыз пұтқа табынып, қыз балаларын тірідей жерге көміп жатқан жабайы азғын тайпалар еді. Бұл күнде сол сасық арабты қазақтың бабасы дейтін болыпты. Шәкәрім айтпақшы, өңшең жүлік!

О, тоба! Жерді тоқтатыңдаршы, түсіп қалайын! Арабқұлдар өздерің емін-еркін жайлаңдар.

Ерлан Төлеутай:

Қазақтардың арабқұл болу дәуірінің бір кезеңін көзімен көрген халқымыздың тұңғыш ұлы ғалымы Шоқанның жазбасы:

«Қырдың бірде-бір батыры Мұхаммедтің кім екенін жете білген жоқ десе де болады. Ұзынқұлаққа қарағанда, Орта жүздің атақты сұлтаны Барақ (1749 жылы қайтыс болған): «О, Мұхаммед! Алладан басқа құдай жоқ. Ал Мұхаммед пайғамбар оның елшісі» деп, татар мен бұқар молдалары қайта-қайта қақсай берген соң, сол сөздің мәнісін білейін деп, «Татарлар мен сарттар Мұхаммед, Мұхаммед деп сарнайды да отырады. Зайыры, оның өзі пысық жігіт болған-ау!» депті дейді.

Ал қазіргі жағдай мүлде басқаша.1822 ж. алғашқы округтер ашылғаннан бері ислам діні үкіметтің қамқорлығы арқасында қарыштап алға басты. Әрбір ауылда молда және жылжымалы медресе-мектеп бар. Кімде-кім отыз күн ораза ұстап, бес мезгіл намазын оқымаса, туысқандарының қадір-құрметінен айырылады. Бір сөзбен айтқанда, қыр қазағы фанатизм жөнінен Мавлеви әулетінен шыққан Стамбул биші дәруіштерінен кем түспейді.

Қырдағы жаңа діни бағыттың болашақта қайыры болып, оңғарылып кетуін бір құдай біледі. Далалықтарды бұрынғы наным-сенімінде қалдырған теріс болмас та еді. Қазақтар қырдың қызыққұмар ұлы сияқты ислам дініне басымен сүңгіп кетті. Енді құранға қайшы келетіннің ешқайсын да ілтипатқа алмайды. Ән-күйлер, ежелгі жыр-дастандар, әйел затының бостандық жолындағы күресі, олардың көпшілік жиын-тойға қатысып, ойын-сауық қызықтауы бұрынғыдай емес, күнделікті тіршіліктен ысырылып барады. Әйелді босағадан аттап бастырмауды белсене жақтайтын өрекпілер де табылды. Сондықтан киіз үйге қамалған бейшаралар жарық дүние мен өткен-кеткенге көз салу үшін, туырлықты тесіп қарайтын болды. Әйелдердің қазіргі жағдайы осындай.

Тыйым салынған жемісті қашан татып, дәмін алғанша, олардың осылай азап шегіп, қайғы жұта берер сыңайы бар. Қариялар әсіре жаңалыққа реніш айтады. Әйелдер іштей олардың пікірін құптайды. Жастар көбінесе үйленгенге дейін әрі-сәрі болып, бұрынғы күнін көксейді. Ал үйленіп алған соң-ақ тәубасына келіп, ежелгі әдетіне басады. Алланың құлы, пайғамбардың үмбеті деген өсиет-уағыз айдалада қалады. Сондықтан қазақтарды бұрынғы қалпында қалдырса болар ма екен? Олардың табиғи таланты –табандылығы, алғыр ақыл-ойы. Өз қарекет-қимылында сенімнің бұлжымас тірегіне айналған бұл қасиеті дінге келгенде күл-талқан болады. Сондықтан да бұқараның алға басуы байқалғанымен де, олардың кейбірі қарама-қайшы бағытта кері жүріп келе жатқан сияқты.

…Таяуда ғана барымталап, қазақтардан мал айдап әкелетін ноғайлар мен башқұрттар да осы кепті киіп, татарланып барады. Қырдың атақты күйшілері – башқұрт сыбызғышылары бұрынғыдай жыр жырлап, батырлардың ерлігі туралы тыңдап, таң-тамаша болып, көзден жас парлатпайтын болды. Бұрынғыдай Алтын Орданың құлауын ешкім жоқтап жырға қоспайды. Осымен олардың ерлігі тәмамдалды.

Қазақтар да өзгеріп барады. Қарақалпақ тайпасы құрып бітуге айналды. Татарлардың көне салт-дәстүрі құлдырап құлап, жер бетінен мүлдем жойылып кетуге жақын. «Бәрі де алланың ісі. Барлығымызды да құдай жаратқан, соған қайтып оралуымыз керек» дейді…

  • От әулие киелі болып саналады… Ошақтағы отты басуға немесе түкіруге болмайды. Қарғыс ұрады.
  • Аруақ – ата-баба рухы, басқа қиын-қыстау күн түскенде, жан қиналғанда: «Аруақ, қолдай гөр, қолтығымнан жебей гөр!» деп айтады.
  • Тіршіліктің ішкі-сыртқы жағдайларын жақсартуға талпыну – адам баласына тән нәрсе.
  • Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін, ең алдымен азаттық пен білім қажет.
  • Тек ақиқат білім ғана күдік туғызбайды, ол өмірді бағалауға, тұрмыс құруға үйретеді.
  • Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ.

Авторы – Шоқан Уәлихан (1835–1865жж.). Қазақтың ұлы ғалымы, XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы. (Кітаптан ғаламторға көшірген – Aibol Saparbek).

Зікірия Жандарбек:

– Ереке, сен білетін тарих қытайдың, парсының, арабтың, европалықтардың деректері негізінде, орыстың қорытып берген рецепті негізінде жазылған. Ол тарих – бізге тарих емес.

Ал Шоқанның айтқандарына сене беруге болмайды. Оның дүниетанымы орыс тәрбиесі негізінде қалыптасқан. Ол қазаққа орыстың көзімен қарады. Қазақтың болмысын енді түсініп, қазаққа бет бұра бастағанда, орыстар тарапынан өлтірілді. Сондықтан оқыған деректеріне мен күмәнмен қараймын. Абылай хан Йасауи жолын мемлекеттік идеология деңгейіне қайта көтермек болғаны, өзі сол жолда құрбан болғаны – тарихи шындық. Ол туралы «Жеті жарғыға» қатысты менің арнайы жазылған мақалам бар.

Ерлан Төлеутай:

– Жақсы, Зікірия аға. Шоқанға Құдай ғалымдық көз берген. Қас ғалымда «орыстық көз», «қазақтық көз» деген болмайды. Ақиқатқа бастайтын бір-ақ жол бар, ол – әділдік пен ізгілікке негізделген ғылым жолы. Мен Шоқанға сенемін. Ол сол дәуірдегі діни қараңғылықты көзімен көрді, өзге жұрттардың озып, қазақтың діни мешеулікте қалып бара жатқанын жан-тәнімен сезді және ашына жазды.

Жарияланымды ықшамдап дайындаған – Ермұрат БАПИ

«DAT». 08.04.2021.

 

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету