Ердоғанның дәуірі бітуге жақын ба?

0
1224

Ердоғанның бір басында пендешілігі жетеді.
Тіпті оның Ақ партиясы келесі сайлауда жеңілуі мүмкін.
Себебі түріктердің оған деген өкпесі қара қазандай;
– Ердоған діншіл автократ
– Ердоған Ататүріктің жолынан ауытқыды
– Ердоған мыңдаған адамдарды түрмеге тоғытты
– Ердоған елге келімсектерді қаптатты
– Ердоған ұзақ отыр, шаршадық
– Ердоған шетелдіктерге жерді сатып жатыр
– Ердоғанның тұсында лира құлдырады
– Ердоғанның тұсында әлеуметтік жағдай нашарлады
– Садат Пекер айтты
Тағысын тағы….
Бұл енді Түркияның ішкі мәселесі, оны түріктер өздері біледі. Өз басшысының бағасын Түрік халқы өз сайлауында бере жатар.
Бірақ бір нәрсе анық:
Режеп Тайып Ердоған бүгінгі Түркияның сыртқы саясатында өте белсенді рөл атқарды. Меніңше ол сыртқы саяси алаңда өз елінің мүддесін керемет қорғай білген лидер.
Түркияны геосаяси, әскери держава ретінде жаңа белестерге көтерді. Қазіргі Түркия осыдан жиырма жыл бұрыңғы Түркия емес, қазіргі Түркия геосаяси алаңда мықты ойындарын жүргізіп отырған беделді бір ел.
Жалпы, дүние халықтарының арасында қазір әлемде ел билейтін қайсар, дана басшыларға бір зәрулік сезіледі.
Әлем жұртшылығы қазір Тэтчерлерімен Ататүріктерін аңсайтын тәрізді.
Өкінішке орай қазіргі ел басқарған басшылардың көбі;
тым гуманист, босбелбеу, жұмсақ немесе былыққа белшеден батқан, сорлы халықтары құдайдан зарыға тілеп пәлен жыл құтыла алмай отырған дарынсыз, боркемік басшылар қатарына жататын саясаткерлерден тұратыны да рас.
Сондай кезеңде ел билеушілері осы Ердоғаннан бірдеңе үйренсе болады.
Соңғы кезде геосаяси тақырыпқа талдау жасаудың шебері, Ресей либералдарының бірі – Андрей Пионтковский эфирден түспей жүр. Пионтковский жалпы жақсы аналитик, оған қосылуға да болады, қосылмауға да болады.
(өзімді таңғалдыратын бір жайт — 80 нен асқан осы Пионтковскийдің «ана басшы мынаумен мына күні, мына айда мына жерде кездесті» деп даталарды жатқа соғатын оның айқын жадысы).
Ол да кеше өз сөзінде бүгінде жарқын лидерлердің жоқтығын айтқандай болды.
Сол Пионтковский кешегі Ердоған – Путин кездесуіне де біраз назарын салған екен.
Сонымен сол Пионтковский бүй дейді:
«мен Путиннің соңғы американ президенттерін қалай арбап, басып, оларды өз айтқанымен жүргізіп қоятындығын түсіне алмай далмын. Өкінішке орай Обамадан бастап Трамп Байденге шейін Путиннің алдында жалпақтап оның диірменіне су құйғыш боп кетті. Оның қолында жаулықтай желпілдеп кетеді және бұл біздің трагедиямыз боп тұр.
Мысалы кеше Мәскеуге Ердоған келді.
Ердоған оның алдында БҰҰ мінберінен Қырымды Ресейдікі деп танымайтынын және онда болған сайлауды ешқашан мойындамайтынын күллі дүниеге шегелеп айтқан болатын.
Одан соң ол жолшыбай Украин – Түрік бірлескен «Байрактар» шығаратын кәсіпорынның негізін қалап келе жатқан болатын.
Осындай Мәскеудің зәресін ұшырған әрекеттерінен соң ғана Ердоған Мәскеуге келді.
Келді кездесті, кездесуде Ердоған өзіне өте сенімді, ұстамды, қайта Путин оның алдында қипақтаумен болды.
Ердоған тіпті оны екі рет кемсітіп беделін түсіргендей боп кетті.
Ердоған – Путин диалогы арасында Режеп Тайып оған «сенің антиденеңнің деңгейі төмен екен, менікі сенікінен көп» деп бір түсірді.
Бұған Путин «біздің спутникті егіп көріңіз» деп жалпақтап еді, Ердоған «жоқ, мен пфайзер салдырдым» деп бір ақ қайырды.
Оған Путин мәнсіз мағынасыз бірдеңе дегендей болды, Ердоған жалпы Путинмен қалай сөйлесу керек екенін біледі, онымен тек қана солай сөйлесу керек, ал ана АҚШ президенттері бір …. » деп қынжылды орыс саясаттанушысы.
Рас – рас, қазір желіде көптеген тәуелсіз сарапшылар да Пионтковскийдің айтқанын қосарлана қайталағандай боп жатыр.
Қалай деседе ешкімге дес бермей қиғылық салып отырған ядролық державаның басшысын қарсы алдында қипақтатып қойған Ердоған нағыз ер. Либералдар да бұны еріксіз мойындайды.
Режеп Тайып Ердоған ештеңеден қаймықпай, Путинмен Сирияда, Ливияда, Қарабақта ашық қарулы қақтығысқа, жанама түрде болса да қиян кескі шайқастарға барып, Суданда, Ауғанстанда жалпы Путин қылт еткен жерлерде батыл ойындарын жүргізіп отырған бірден бір өжет басшы.
Қазір батыс елдерінің иіні жұмсақ басшылары Ердоған мен Путиннің өзара ойындары қаншалықты ұзаққа баратынын сырттай ғана тамашалап оны жіті қадағалаудан аса алмай отыр. Біразы ол деңгейге жете алмай да қалды.
Жалпы, соңғы жылдары жұмсақ АҚШ президенттерінің солбыр сыртқы саясатының нәтижесінде бұрыңғы бір полярға, яғни Вашингтонға қараған кеңістік бұзылып кетті. Дүние өзгерді.
Қазір геосаяси сахнада осы Ердоған, Путин, Ши Жиң Пиндердің заманы туды.
Меніңше, тап қазір әлем халықтары ел басшылығына өжет басшыларын тағайындап өз сыртқы ұпайын түгендейтін заман.
Және маған осы мезетте бауырлас Түркияда Ердоған дер кезінде өз орынынан табылған басшыдай көрінеді.

Олжас ӘБІЛ, әлеуметтік желідегі жазбасынан.