Ерболат Беделхан: «Ninety one»-ды құрғаным үшін дау болды

0

Qazforum қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың V форумында «Ninety one» тобының продюсері Ерболат Беделхан қазақ тіліндегі контентті оқитындар саны көп екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты baq.kz порталына сілтеме жасап.

Әр адам кез келген нәрсені өзінен бастайды. Егер бір нәрсе ұсынғың келсе, біреуге үлгі болғың келсе, өзіңнен бастайсың. 1991 жылы Моңғолиядан көшіп келген кезде қазақ тілінде сөйлей алмадым, өйткені бала кезімнен моңғолша сөйлеп өстім. Қазақстанға келгеннен кейін орыс тілінің айтарлықтай үлесі бар екенін түсіндім, — деді продюсер.

Кейін ол музыка саласында жұмыс істеуге шешім қабалдаған. Себебі әке-шешесі де музыканттар.

Бала кезімізде біз де шетелдік музыкаларды тыңдадық. Әр адам музыка тыңдағанда өзінің ішкі дүниесіне байланысты белгілі бір жанрды таңдайды. Ол рухани қажеттілік. Негізі адамдар бір-біріне ұқсайды. Сондықтан қазақша аудиторияға заманауи дүние беруді 30 жыл бұрын бастап кету керек еді. Бірақ ол болмады. 22 жыл бұрын мұндай дүниені «Ордадан» бастап бөлістім. Ол кездері интернет болған жоқ, — деп айтты Ерболат Беделхан.

Айтуынша, ол кезде «Орда» тобы тек теледидар арқылы танымал болған.

Иә, «Ninety one»-ды құрғаным үшін дау болды. Мен оған дайын болдым. Басты мақсат қазақтың жастарына тенденцияға байланысты заманауи музыканы алып келу ғана болды. Мақсатым тек қана осы. Әлеуметтік, саяси проблемалар көтеріле бастады. Тіпті өзіміз мұндай дау болады деп күтпедік. Одан бөлек, біздің сырт келбетімізге тиісті. Неге екенін бірі білер, бірі білмес. Жүйені Кореяның K-POP жанрынан алдым. Музыкант болғандықтан осы нарықты зерттедім. АҚШ-та да, Ресейде де болдық. Олар бізге «атауларың «Орда», бірақ әндерің қазақша. Сендерді халыққа қалай ұсынарымызды білмейміз» деді. Яғни шетелдерде бізді қалай қабылдайтыны туралы концепция жоқ. Бұл 15-17 жыл бұрынғы әңгіме, — дейді «Ninety one» тобының продюсері форумда.

Беделхан кейін Кореяда K-POP субмәдениеті шығып, оны бүкіл әлем қабылдағанын, сөйтіп, бұрын «Ордада» болмаған концепция пайда болғанын айтты.

Сондықтан 2014 Кореяға барып, оның жүйесін қабылдадым. Ол кезде тіпті интернетпен қалай жұмыс істеу керегін үйрендім. Менеджментті түсіндім. Сөйтіп, «Ninety one» осы жүйе арқылы құралды. Нәтижесінде интернеттің арқасында «Ninety one» сәтті болды. Көпшілік неліктен орыс тілінде ән айтпайсыңдар дейді. Қазақ тілінде өлең айту – өз таңдауымыз. Қазақ тіліндегі контентті оқитындар өте көп. Оған сұраныс бар. Біз оны дәлелдедік, – дейді Ерболат Беделхан.

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА