Елімізде «Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институты» ашылды

0

Қазақстанда «Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институты» ашылды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев әлемдік тарихтағы Алтын Орданың рөліне арналған «Ұлық Ұлыс — Алтын орда: бастауы, тарихы және мұрасы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында мәлімдеді.

«Алтын Орда – біздің мемлекеттігіміздің тарихының бесігі десек асылық айтқандық емес. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2019-2020 жылдар Алтын Орданың 750 жылдығы белгісімен өтті. Біз оның мұрагерлері ретінде бүкіл әлем алдында көрініп, сол арқылы тарихи әділдікті қалпына келтірудің негізін қаладық. Бірақ бұл ретте Мемлекет басшысы айтқан «тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы тиіс» деген маңызды ұстанымды есте сақтау қажет.

Өз ұлылығымен рахаттану, тарихты мифтермен араластыру, өткеніміздің беттерін романтизациялау — өлі және пайдасыз жол. Жоқ, біз конъюнктурадан оқшау тарихты тыңғылықты зерделеп, оның ақ дақтарын бояп, тағдыршешті оқиғалардың егжей-тегжейлі деконструкциясын жүргізуіміз керек. Осы мақсатта Президенттің тапсырмасы бойынша Білім және ғылым министрлігі жанынан «Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институты» құрылады«, — деп мәлімдеді Абаев.

Оның айтуынша, институт атауынан-ақ оның немен айналысатыны түсінікті

«Біз 1269 жылғы Талас құрылтайынан бастап Кенесары қазасына дейінгі тарихи кезеңді үздіксіз біртұтас тұтастық ретінде қабылдаймыз. (…) Алтын Орда тарихын кең көлемде әрі кешенді түрде зерттеу  Қазақстандағы гуманитарлық ойдың өркендеуіне тың серпін береді деп сенемін», — деді ол.

Айта кетейік, «Ұлық Ұлыс — Алтын орда: бастауы, тарихы және мұрасы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына шетелдік және қазақстандық Алтын Орда кезеңінің маман-ғалымдары қатысты. Конференция жұмысында өзекті баяндамалар тыңдалып, Ұлұқ Ұлыс — Алтын Орда тарихына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды, онда ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбектері ұсынылды.