Home Басты тақырып Дүмше келіндер Алладан адамдарды бездіріп жатыр

Дүмше келіндер Алладан адамдарды бездіріп жатыр

0
15577

Соңғы кездері имандылық жолын таңдаған жастардың қатары артып келеді. Мектеп жасында болғанына қарамастан, намазын қаза етпей, оразасын ұстаған балалар жетерлік. Әрине, бұл да бір қуантарлық жағдай. Көшеде басына пәле іздеп, арақ ішіп, той-тойлағанша, ұл-қызымыздың иманды болғаны дұрыс деп те санаймыз.

Әйтсе де, дін мәселесінде де елімізде жүргізіліп жатқан бағыт-бағдар беру тәсілдері әзірге көңілден шықпай тұрғаны жасырын емес. Содан болса керек, дүмше жастар саны да күн санап артуда. Пәлен деген молданың айтуымен, түген деген имамның пәтуасымен мұсылман болып жүрген пенделер де елімізде өте көп. Бұл дүмшеліктің ұлттығымызға балта шауып бастағаны да ешкімді таңғалдырмас. Қазір әрбір отбасыда бір дүмше бар Қазақстанға айнала бастағанымыз бәрімізді алаңдатуға тиіс.

Таяуда ауылға барып қайттым. Былтырдан бері ат ізін салмаған ауылымда көп өзгеріс орын алыпты. Соның бірі – соңғы 4-5 жылда келін болып, босағамызды аттаған келіндердің бәрі жаппай дінге бет бұрыпты. Бір әулетте ең кемі 4-5 иманды келін бар жағдайға жетіппіз. Бастапқыда қуанғаным да рас. Алайда ауылда өткізген бір ай демалысымда сол иманды келіндерден көңілім қалып қайттым десем болады. Үйдегі кіші келіннің қылықтарын мысалға алып, басқаларының да әрекеттерін сипаттап беруге тырысайын.

Келініміз тұтастай жабық киіммен, яғни хиджаппен жүреді екен. Басына өзіміздің орамалды емес, мойнын, иығын тұтас жабатын жамылғымен орайды. Тобығына дейін түсетін кең көйлегіне сүрініп-қабынып жүргені тағы бар. Жә, бұларды да сөз етпей-ақ қояйық. Босағаны аттағанына 2-3 жыл енді толған келініміз үшін үй шаруаларынан гөрі намаз оқу, дәрет алу ең басты орында. Намаз уақыты кіргенде дүние күйіп кетсе, күйіп кетсін келін шырақ бөлмесіне кіріп, «ғайып болады». Мұндай сәтте келінді жылап жатқан баласы да, түбі күйіп жатқан тамағы да қызықтырмайды.

Бұл әрекетін Алла алдындағы парызымен байланыстыруға барынша тырыстым. Алайда ауылдағы иманы тасыған сондай келіндеріміздің қарапайым ғана дүниелерден хабарсыздығы қарын ашырды. Өздері бір жеке әлем, жеке мемлекет тұрғындары сияқты қарап отырсаң. Той-жиындарға мүмкін болса, бармауға тырысады. Бармау себебі – ондай жерлерде ішкілік болады екен. Намазын қаза еткенше, бүкіл жанып бара жатқан шаруаны шетке ысырып қоюға дайын. Себебі – Алла алдындағы ең басты парызы екен. Әлі тілі шықпаған балаларына күні бойы Ютубтан уағыздар мен діни мультфильмдерді ғана көрсетеді. Ал ең сорақысы – кез келген пайым-түсінігі әр-әр жерден жұлып жинаған діни түсінікке негізделген. Денсаулығы әлсіз үйдегі келін қазір төртінші баласына жүкті. Балаларының жас арасы бір жылға жетер-жетпес. «Үш балаңды өсіріп алып, біраз кейіндеу көтермедің бе? Денсаулығыңды құртасың ғой», – дегенімде «Аллаһ берген баладан бас тарту – күнә» деді. «Алла да дені сау ұрпақ пен дені сау ананың болуын қалайтын шығар.

Берді екен деп жыл сайын бала таппай, бәлкім біраз сақтану да керек емес пе?» десем, «Жүктіліктен сақтану – Аллаһтың бергеніне қарсы шығумен тең» – дейді. Неткен қарабайыр, надан түсінік! Үйде 80 жастан асқан шешеміз бар. Қарт кісі шүйіркелесіп шай ішкенді жақсы көреді емес пе? Келінге «шай дайындашы» десе, үнемі берілетін жауап мынау: «Қазір дәретімді алайын, сосын намазымды оқып алайын». Ал дастарқан басында үлкендер отыр ма, басқа ма дүмше келінді ешкім де, ештеңе де қызықтырмайды. Намазының уақыты келді ме, орнынан қарғып тұрып, шығып кете салады. Бұл көріністі дүмше келіндері бар басқа да ағайын-туыстардың үйінен көрдім. Бәрі бір дүмшелік мектебінің түлектері сияқты. Әрекеттері бір-бірінен айнымайды. Бәрі бірдей бір ұстаздан дәріс алғандай.

Тұтас дүниенің бәрін дінмен, Алла қалауымен байланыстыра салып отыра береді. Мынадай қызық оқиғаның куәсі болдым. Бір күні келін намазын оқуға бөлмесіне кіріп кетті. Ошақтағы пісіріп жатқан тамағы ол келгенше асты қазанға жабысып, күйіп кетіпті. Намаздан шыққан соң үлкен енесі «тамағың күйіп кеткен сияқты, иісі келіп жатыр» десе, «Аллаһтың қалауы осы болғаны да» деп бір қазан тамақты иттің табағына төңкере салды. Апырай, Алла бұлар бұл тамақты жемесін, итке берсін деп қазанның түбін күйдіретін болса, онда ондай ұлы күш иесінің қадірі қаншалықты болғаны? Сол күні келінім айтпақшы «Аллаһтың қалауымен» палаудың орнына дайын тұшпараны суға салып, қайнатып жедік. Намаз оқимын деп оттағы тамағын түсірмей, күйдіріп, жарамсыз еткенімен қоймай, тамақты Алла күйдіргендей әрекет еткен келініме «Алланың қалауы емес, дәп бір сенің тамағың күйгеніне Алла кінәлі сияқты көрінді ғой» дедім.

Осындай әрекеттерімен біздегі дүмше келін-кепшік болашағымызға балта шабуды бастап кеткендей көрінді. Сонымен қатар барлық дүниені Алланың қалауына ысыра салып, Жаратушының өзін кінәлі етіп көрсетіп жатқандай әсер алдым. Жалпы, еліміздегі иманға бет бұрдым деген пенделердің іс-әрекеттері, пайым-түсініктері өзгелерді Ислам дінінен осылай бездіріп жатқандай көрінеді кейде. Әр пенде дінді өз түсінігіне салып, солай пайдалануды жалғастыра берсе, алдағы 5-10 жылда Қазақстан дүмшелер жайлаған елге айналмай ма? Бұл қауіптің алдын алу үшін Діни басқарма бір ізділік тәсілімен діни сауатты халыққа бірдей етіп насихаттауы қажет. Әйтпесе, алдағы уақытта надан дүмшелер ұлттық құндылық былай тұрсын, қазақ деген ұлттың өзін жер бетінен жойып тынатыны сөзсіз.

Аида БАЛАҚАЙ,

Kznews.kz ақпараттық порталы.