Дулат Исабеков: Тоқаев мені қабылдасын, бетіне айтайын…

0
1391

Қолына қалам ұстаған ақын-жазушылардың ішінде бас көтеріп, пікірін ашық айтатындары некен-саяқ. Кешегі қымбатшылыққа қарсы наразылық бейбіт митингімен басталып, соңы бүлікке айналған кезде де елді ұйыстырып, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізетін зиялы табылмады. Бәрі әліптің артын бағып жатқанда, жазушы-драматург Дулат Исабеков қана ойын ашық білдірді.

«Ашынған адам Аллаға да жұдырық көрсетеді»

– Дулат аға, сіз әу баста Жаңаөзен халқы газдың қымбаттауына қарсы бейбіт митингіге шыққан кезде-ақ моралдық тұрғыдан қолдау білдірдіңіз. Өкініштісі, еліміздің әр өңірінде жалғасқан наразылықтың соңы қайғылы жағдайға алып келді. Мұның бәрі мүйізі қарағайдай қаламгерлердің ішінде сіздің ғана жаныңызға батқан сияқты? Шын мәнінде, көшеге шыққан кімдер? Билік айтқандай террористер ме, әлде ашынған халық па? Кеше Мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринмен өткен кездесуде осы мәселе сөз болды ма?

– Мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринмен кездестік. Қазіргі жағдайдың бәрін айттық. Алдымен мен сөйлеп, мәселенің ашығын айттым. Ештеңені жасырмайық дедік. «Қазір халық әрі-сәрі күй кешіп, кімге сенерін білмей қалды. 20 мың террорист біздің Алматыға келе қалыпты. Осы цифр дұрыс па? 20 мың деген – 20 дивизия! Екі самолеттен адам түссе, соның өзі қаптап кетеді. Ал 20 мың террористі бір Алматыға алып келу үшін қай жерде, қай қорада қамап ұстады? Оның бәрі Қазақстанға бір сәтте қалай бұрқ етіп келе қалды? Өскеменге, Талдықорғанға, Таразға, Алматыға, Шымкент пен Қызылордаға қайдан ағылды? Осыған сенейік пе, жоқ па?» дедім.

Тұңғыш президент Н.Назарбаев өткенде халық тынышталып қалғанда эфирге шығып, қайтадан елді дүрліктірді. Ол өз сөзінде: «Осыған кім кінәлі? Солардың бәрін тауып, қатаң түрде жазалау керек» деді.

Жарайды, ел алдына шығып, барлық телеарнадан сөйледі. Бұл не? Телеарнада істейтін кәсіби мамандар әр екі сөзден кейін монтаждалғанын айтты. «4 минуттық сөзді қырықжамау қылып эфирге шығарудың қандай қажеттілігі болды? Бұл кім үшін қажет? Елді қайтадан дүрліктіру үшін бе, бұл да біз үшін жұмбақ»,  – дедім Қаринге.

Сосын «Осылардың бәрін кім ұйымдастырды? Қайдан шықты? Тауып, қатаң жазаға тартайық» деп Тоқаев та айтты.

Шынында, олар қайдан шықты? Кім әкелді? Мұны жалғыз Кәрім Мәсімов ұйымдастырды ма? Бұл қалай? Бұл – бір.

Екінші, 20 мың террорист келген екен, оның 10 мыңы ұсталыпты дейді. Ал қалған 10 мыңы қайда? Олар қайтып кетті ме? Әлде, әлі жасырынып қалада жүр ме? Он мың адам ұсталғаны рас болса, қоғамда бір 100 террорист қолға түскен шығар-ау… Және олардың біразы арабша сөйлейді дейді. Олар Ауғанстаннан келді ме, Сириядан ба, әлде Пәкістаннан ба? Жалпы, қайдан келді? Тым болмаса, неге солардың он шақтысының бет-пердесін сыпырып, журналистер телеарнадан көрсетіп, сұрақтың астына алмайды? Тіпті болмаса, тергеушілер «Қайдан келдің? Қай жердің азаматысың? Кім алып келді? Басшыларың кім? Қару-жарақты қайдан алдыңдар?» деген сұрақты қойып, жұртқа көрсетіп, көңілін неге орнықтырмайды? Террористер дейді, бірақ оның біреуін де көрген жоқпыз ғой.

Өзім де телеарнаға шығып, талап қойдым. Интернетте де жұрт шулап жатыр. Бәрінің көкейінде «Неге олар көзге көрінбейді?» деген сұрақ тұр. Әншейінде біздің полицейлер өз қазағын ұстап алып, көкала қойдай тепкілеп, кәріп қылады. Ал оларды неге қинап, ел алдында сөйлеттірмейді? «Екі ойлы болып қалған халықтың көкейіндегі осы жұмбақты шешіп беріңдер?!» дедім.

Сосын жазушы Смағұл Елубай сөйледі. Ол тіл мәселесіне тоқталды. Шын мәнінде, біз қайтадан орысша сайрай бастадық. Қазір мекеменің бәрі, басшысының бәрі орысша сөйлейді. Назарбаев сияқты бес минут қазақша, қалғанын орысша айтады. Сосын олар тіл үйренгісі келмейді. «Қазақ тілін білмейтін адамды лауазымды қызметке қоймау керек» деп талай айтылды. Ендігі үлкен көтеріліс – тілге байланысты болады. Өйткені, қазақ тілі күннен күнге тұншығып барады. Билік орысша сөйлейді. Біз қай мемлекетте отырмыз? Біз Ресейдің филиалымыз ба? Басқа мемлекеттің тілінде сөйлеу қорлық емес пе?

1,5 млн халқы бар, жерінің көлемі Алматы облысындай  ғана Эстонияның өзі Еуропаның қақ ортасында отырып, баяғыда-ақ ассимиляцияға ұшырап кететін халық еді. Бірақ әлі күнге эстон тілінде сөйлейді.

Тағы бір жылдай уақыт өтеді. Қазақ тілінің халі осылай мүшкіл бола берсе, көтеріліс бұрқ ете қалады. Ал оны тоқтату қиын болады. Өйткені, көшеге тек қазақ тілді азаматтар шығады. Сосын тағы қазақ пен қазақ арасында жанжал басталады. Біздің елде адам өлмей, қасірет болмай ештеңені ойламаймыз. Қарапайым ғана ойық көшенің шұңқырында көлік аударылмай оны жасамаймыз. Көшеде қазандық қақпағына адам түспейінше бетін жаппаймыз. Себеппен емес, салдарымен ғана күресеміз.

– Шын мәнінде, қымбатшылық халықты қанап жібергені шындық қой?

– Әрине, аш адам не істемейді? Халық жоқшылықтан шықты. Ашынған адам аямайды. «Ашынған адам Аллаға да жұдырық көрсетеді» дейді ғой. Оны Аллаға емес, өзіміздің билікке неге көрсетпеске?

Біздің түбімізге жеткен – мақтангершілік. Отыз жыл бойы мақтанып келдік. «Түркіменнен, өзбектен озып кеттік, ТМД елдерінен асып түстік, Шығыс Еуропа мемлекеттерімен қатарласып қалдық, озық отыз елдің қатарына қосылдық» деп ресми хабарлап та жібердік. Қайда қосылғанымыз?! Халқымыз әлі қайыршының күйін кешіп келеді.

Кеше митингіге «бұзақы», «оңбаған» жастар шықты деді. Бірақ олар неге шықты? Олар әбден ашынғаннан шықты. Кедейліктің шыңына жетіп шықты. Не жұмыс жоқ, не алатын жалақысы аз. 50-60 мың теңгеге қалай күн көреді? Әлдеқандай етіп төменгі жалақыны 42 мың 500 теңгеден 60 мыңға көтердік деп жария етті. Айналайындар, 60 мың теңгемен кім өмір сүреді?!

Өткенде екі баласы бар, күйеуі жоқ көше сыпырушы әйел телеарнадан сөйлеп жатыр. Қара нан мен қара суды талғажау етіп отырғанын айтты. 60 мың теңгемен екі баланы қалай асырайды? Ертең күйініп екі баласын терезеден лақтырып жібермейтініне кім кепіл?  Бұған дейін үш баласын 9 қабаттан лақтырып, артынан өзі де секірген әйелдің өлімі бүкіл қазаққа қан жұтқызды. Сол отбасы 15 мың теңге кредит алып, қиындыққа тап болған. Өз халқымызға қалай жанымыз ашымайды?

Осыдан үш жыл бұрын жоқшылықтың салдарынан бес бала өртеніп кетті. Осының бәріне себеп – жоқшылық. Жоқшылық жұрттың шыңына жетті. Бай байыған сайын, кедей кедейленіп жатыр. Сол себептен де халық ашынды. Ашынған адам ештеңеден тайынбайды. «Мә, саған» дейді де, үйіңді де бұзады, көлікті де өртейді, дүкенді де тонайды.

Кеңес үкіметі кезінде үш бала туған анаға перзентхана үйінен шығарда үш бөлмелі пәтердің ордерін беретін. Қазір 3 бала тұрмақ, 10 бала туса да ешкімнің шаруасы жоқ. Ана мен балаға немқұрайлы боп кеттік. Әншейінде Ресей насыбай иіскесе, біз түшкіреміз. Солардың бүкіл реформасын қайталаймыз. Ұлтқа керек емес жағын аламыз. Бірақ Путиннің аналарға жасап жатқан жақсылығын «Ана капиталын» қабылдағымыз келмейді. 60 мың теңгені әлдеқандай қылып жатырмыз. Ал олар жаңа туған нәрестеге 250 мың рубль жәрдемақы төлейді.

Өзбек халқы сияқты ұлтқа жаны ашитын басшы келмеді. Олар демографияға сонау жылдары-ақ көңіл бөлді. Ал біздің мұнымен шаруамыз сол кезде де болған жоқ, тәуелсіздіктен кейін де болған емес. Қайта билік қазақтың көбеюіне қарсы болды.

«Жастар бірде-бір шенеунікке сыйластықпен қарамайды»

– Мемлекеттік хатшыға қандай ұсыныстар айттыңыз?

– Менің ұсынысым – халықтың тұрмысын шынайы зерттейтін әлеуметтік зерттеу институтын құруымыз керек. Бұл институт халықтың қал-ахуалын зерттеп, үкіметке айтып отыруы қажет. Ал Статистика агенттігі нағыз өтірікші органға айналып кетті. Билік не десе, соны айтады. Тіпті, халық санағының өзін бұрмалап жібереді. Мәселен, былтыр санақ өтті, біз үй-ішімізбен санаққа ілінген жоқпыз. Мен халық санағына да сенбеймін. Өйткені, менің төңірегім, бала-шағам, 20 шақты адамның біреуі де саналған жоқ.

Кешегі оқиғаның өзі осындай өтіріктердің су бетіне шыққанынан болды. Біз мақтанып-мақтанып, ең артында қалдық. Өзбекстанда үш газ байыту зауыты, төрт мұнай өңдеу зауыты салынды. Ал біз әлі күнге дейін баяғы ескі зауыттарды жөндеп келе жатырмыз. Оның біреуі егін егерде немесе орарда жөндеуге жабылады да, жанармай қымбаттап кетеді.

Бізде не көп, мұнай көп. Сондай мұнай өңдейтін зауыттар бізде салынуы керек еді ғой. Өзбекстанда ештеңе жоқ болса да, бәрі бар. Ал бізде бәрі бар, бірақ ештеңе жоқ.

Біз мақтанып жүргенде олар зауыттар салып, самолет шығарады. Өзбекстан он жылдан кейін Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея сияқты азия барысына айналады.  Ал біз бүкіл ақшаны астананы салуға жұмсадық. Оның ар жағында Назарбаевтың қалаға өз атын қоятынын білдік. Астананың аты «Астана» бола ма екен? Соның бәрін жазушы айтпағанда, кім айтады? Ең ақыры бізді қырғыздың өзі киіммен қамтамасз етіп жатыр. Бір шұлық шығара алмадық. Сөйте тұра бәрінен озып кеттік дейміз.

Осыған Үкімет қалай көз жұмып қарады? Біз бәріне балаша сендік. «2030 жылы жақсы өмір сүреміз, одан қала берді 2050 жылы бәрі керемет болады» деді. Ал аяғы не болды? Тәуелсіздіктен айрылып қала жаздадық емес пе? Алдау, арбау, жемқорлықтың салдарынан халық әбден кедейленіп, ыңыршағы шықты. Шетелден оқып келген жастарымыз жұмыс таба алмай, қайтадан шетелге кетіп жатыр. Осында қалғанының өзі 70-80 мың теңгеге жұмыс істеп жүр. Бұл айлықпен жастар қалай үйленіп, тұрмыс құрмақшы? Біз болашақты ойлаймыз ба? Таңертең тұрып, кешке ұйқтағаннан басқа не бітірдік?

Кадрда өзгеріс болады дейді. Көбі кешегі адамдар. Олар – жемқорлыққа батқандар. Көшеге шыққан ашынған жастардың бәрі аяусыздыққа бекінген. Өйткені, олар бірде-бір шенеунікке сыйластықпен қарамайды. Шенеунік атаулыны жемқорлықпен былғанған, халықтың қанын аш кенедей сорған адам ретінде иттің етінен әрмен жек көреді. Содан кейін де МАИ қызметкерлерінің көлігін ұрады, сындырады.

Ашынған адам – тобыр. Бір қозғалғаннан кейін тоқтамайды. Міне, сол ашынған адамның тобыры бәрін қиратты. Біз тобырды өтірік алдау, жалған айту арқылы өзіміз қолдан жасап алғанбыз. Біз ұрлыққа түскен адамды соттаймыз, бірақ ол ұрлыққа неге түскенін айтпаймыз. Оған терең үңілмейміз. Үкімет неге осындай жағдайды ойлап, халыққа білдірместен жасырын отырыс өткізбейді? Жастар арасында суицидке бару, соттан, басқадан әділдік таппай өзін-өзі өртеп жіберу фактілері көп. Қазақстан суицид бойынша екінші орында, жемқорлық бойынша бірінші орында.

«Халықтың жағында болған «Халық әртісін» көрген жоқпын»

 Жаңаөзенде басталған қымбатшылыққа қарсы бейбіт митингіні де тек сіз қолдаған сияқтысыз. Осындай кезде зиялы қауым неге басын бұғып қалады?

– Бүкіл Қазақстанның байлығы бір отбасына кетіп жатыр екен. 162 адам біздің байлығымызға ие болып отыр. «Шеврон» компаниясы игілігінің 15 пайызын ғана алады екенбіз. Біз неге байлығымызбен басқа біреулерді асырап жатырмыз?

Осыны біз айта бастасақ, оппозицияға қосады да, соңымыздан ҰҚК түседі. Мен мұны өткен жолы да айттым, қазір де айтам. Журналист Нартай Аралбайұлына бір жарым сағат берген сұхбатымда да айттым. Шындықты айтқаным үшін миллионға жуық адам көрді, мыңнан астам адам пікір жазды.

Шындықты айтамыз, ол үшін бізді жек көрмеңдер! Өткенде Жаңаөзенде басталған бейбіт митингіні жазушылар арасынан алғаш болып қолдаған менмін!

Жаңаөзендіктер мен маңғыстаулықтармен бірге екенімді айттым. Жазушылардың біреуі үндеген жоқ. Бәрі аңысын аңдып отырды. Алайда, олар жағымпаздықты, қорқақтықты, жасқаншақтықты сынайды, бірақ өздері сол топтың ішінде екенін байқамайды. Сол кезде неге біреуі үн қатпады?

Батырмын деп мақтанып отырған жоқпын. Бірақ жазушының сөзін айттым. «Мұнайға шомылып отырып – жанармайға жарымаймыз, қамба-қамба астықтың үстінде отырып – нан қымбаттайды, газдың үстінде отырып – газ қымбаттайды. Айлығы шайлығына жетпей жатқан халық ашынып көтеріліс жасамағанда қайтпек? Мен сіздерді қолдаймын. Барыс жылы барысша мінез көрсеттіңіздер! Мен сіздердің жағыңыздамын, құрметті мұнайшылар мен жаңаөзендіктер! Бірақ араларыңызға арандатушылар кіріп кетіп, бейбіт шерудің аяғын бүлікке айналдырмасын» деп едім, солай болды.

Одан кейін үш-төрт ақын, жазушы – Ұлықбек Есдәулетов, Смағұл Елубайлар үн қатқан болды.

Біз сырттай бақылап «Қай жеңгені менікі» деп үндемей отыра береміз. Жазушының сөзі қайда? Жазушы деген ең алдымен халықтың жағында. Анау «Халық әртісімін» деп жүргендер әншейінде «Мен халық жағындамын, өйткені «Халық әртісімін» дейді ғой. Өтірік!

Ешуақытта халықтың жағында болған «Халық әртісін» көрген жоқпын! Ешуақытта халықтың жағында болған «Халық жазушысын» көрген жоқпын!

Жазушы – халықтың жағына болса ғана жазушы. Жүр ғой, әне Олжастар! Қайда солар?! Үндемейді. Олардың өздері әбден жасқаншақ болып кеткен. Осының бәрін айттым. Мұны айтқаным үшін мені айыптамаңдар! Өйткені, халықтың ойын айттым. Біз айтпағанда кім айтады, айтыңдаршы ал? Биліктің айтқанына бас шұлғып, сөйлей алмасақ, сол биліктің жағымпаз, жақыбайларынан қай жеріміз артық?

Құдай бізге «Шындықты айтыңдар!» деп қалам берді. Ал біз айтқымыз келмейді. Немқұрайлымыз. Л.Толстойдың «Равнодушие – это душевная подлость» деген сөзі бар. Яғни, «Немқұрайлылық – адам жанының азғындығы». Міне, біз осыған байқамай еніп кеттік. Қой екеш қой да тұяғын серпиді ғой. Біз ондай да мінез таныта алмаймыз, үндемейміз. 30 жыл бойы немен айналыстық? Осыны талай айттым. Соңыма ҰҚК түскен, жұмысымнан алып тастады. Үш жыл жұмыссыз жүрдім. Сонда да тілімді тартқан жоқпын, құдайға шүкір.

«Назарбаев қылмысын жасырғысы келді»

 Сізді  академияны таратқан кезде де батыл пікір айтқан деп естіп едім…

– Академияда сөз сөйледім. Президент өзі жайлы бұйрық шығарыпты. Оның қызметі аяқталғаннан кейін, отбасы қудаланбайды, қаржы-мүлігі тексерілмейді деп бұйрық шығарыпты. Сол кезде он күн бұрын Қаныш Сәтпаев құрған академияны он минутта таратып жіберді. Бардым. Сөз берді. Қазақта «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» деген мақал бар. Академияны таратып жіберіп, енді неге жиналып отырсыңдар?» дедім. Сонда біреуі «Неге тараттың? Мемлекеттің қаржысы жетпей ме?» деп сұрақ қоя алмадыңдар. Не сендер өтірік академиксіңдер, не нағыз қорқақ академиксіңдер» дедім. Оларға да жеккөрінішті болдым.

Міне, Назарбаев өзінің қылмыстық әрекеттерін жасыру үшін пәлен жыл бұрын бұйрық шығарып қойды. Отанын сатқан жағдайда болмаса өзінің қызметіне жауап бермейді деген не сөз? Отанын сату – екі қап картоп сату емес қой. Отанды бірте-бірте сатады. Бірінші тілін сатады, саясатын сатады, жерін, жер байлығын сатады. Демек, қылмысы бар екенін білген соң осындай бұйрық шығарды.

– Президент Қ.Тоқаевтың саясатына көзқарасыңыз оң ба? «Жаңа Қазақстан құрамыз» деген бастамасына не дейсіз?

– Тоқаевтың жаңа бастамасын қолдаймын. Әзірге оның саясаты дұрыс болып тұр. Бірақ мына нәрсені айтпай кетпеуге болмас. Ол қаңтардағы оқиға кезінде екі қателік жіберіп алды. Бізде митингінің соңы бүлікке ұласқан кезде Еуропарламент Қазақстанның мәселесін қарап, келіссөзге келіп,  бейбіт жолмен шешу керегін айтқан еді. Алайда, Тоқаев «Еуропарламент солай деп жатыр. Бұл – ақымақтық» деді. Одан кейін «оларға ескертусіз оқ атуға бұйрық бердім» деді.

Біздің президент тумысынан дипломат емес пе еді?! Ол «ақымақтық» деген сөзді бекер айтты. Сөйтіп, бүкіл Еуропаны өзіне қарсы қойып алды. Мұндай сөз айту кешірілмейді. Егер ол сөздің орнына «Құрметті әріптестер! Мен кіммен келіссөз жүргізейін? Оларда белгілі бір басшы жоқ. Көшеден әр террористі ұстап алып, солармен келіссөз жүргізуім керек пе? Мен мемлекеттік төңкеріс жасап, билікті қолға алу ниетімен қырғын жасаған адамдарды, қарулы террористерді атуға бұйрық бердім» деуі керек еді.

Осының бәрін Мемлекеттік хатшы Е.Қаринге «Дулат Исабеков осындай екі қателігіңізді айтты» деп президентке жеткіз» дедім.  «Тоқаев мені қабылдасын. Осы сөздерді бетіне айтайын. Қайта оған бұл пайдалы болар еді» деген сәлемдеме айттым. 

Жарайды, елдегі ситуацияға байланысты оған да кешіріммен қарайық. Жол-жөнекей түзелетін шығар. Бірақ ол кісіге де жақсы кеңесші, ақылшы керек. Өйткені, ел қым-қуыт болып жатқанда адам байқамай артық сөзді айтып қалуы мүмкін. Оған Әбіш Кекілбаев сияқты абыз адам, жақсы кеңесші керек. Ел ішіндегі сөздерді айтып отыруы керек. Сондықтан Ерланға «өзің сияқты қазақтілді, ақылы бар адам кеңесші болғаны дұрыс болар еді» дедім.

Осындайды айтпасқа болмайды. Енді президентке сенбеске біздің қақымыз жоқ. Себебі, Тоқаевтың соңғы сөздерінің бәрі де Жаңа Қазақстанды жасаудың жолындағы үлкен тартыс екен. Қазірдің өзінде басталды. Көптеген адамдарды орнынан алды. «Самұрық-Қазынаны» тазалап, Қазақстан мен Қытай шекарасындағы кеденді қолға алды, көптеген олигархтарға шектеу қойды, шетелге ақша аударуды тоқтатып жатыр. Міне, айтқандарының 50 пайызы жүзеге асып, жемқорлықтан арылсақ, еліміздің жағдайы дұрысталады деп ойлаймын.

– Сіз осы уақытқа дейін Назарбаевпен талай мәрте кездестіңіз. Былтыр 13 желтоқсан күні де қолынан орден тақтыңыз. Сондай сәттерде де елдің мәселесін айтатын шығарсыз?

– Айтам ғой. Айтпай қоймаймын. Кейде сол үшін жеккөрінішті болып қаламын.

Сол орденді берерде Қырымбек Көшербаевпен ақылдасыпты. Оған дейін интернет порталға берген сұхбатымды ол кісі де, Көшербаев та көріпті. Сөйтіп, мені мемлекетке қарсы нөмірі бірінші фигура етіп қойыпты. Содан Қырымбекпен ақылдаса отырып, маған келгенде тосырқап, баяғы 1998 жылғы  мақаламды еске алыпты.

Сол жылдары ел-жұрт қайыршы болып, лай су ішіп жатты ғой. Балабақша жабылып, кітапханалар тоналды. Ертең бізге бұл өмір керек еместей болды. Колхоз, совхоз таратылып, қойшылар таяқ ұстап, механизаторлар тракторын сатып қолына балғасын ұстап қалған заманда «Аул уходит гнево» деп орысша мақала жаздым. Қазақ баспасөзі баспай қойған соң, Әбдіжәміл Нұрпейісов екеуміз «Казахстанская правда» газетіне апарып бердік. Әбекең оқып шығып, «мынауың керемет қой» деді. Газет редакторы Григорий Дильдяев оқып шығып «Да, это – переворот, это – сенсация. Бірақ мына мақаладан кейін мені орнымнан алып тастайды» деді.

Әбекең де қызық адам ғой. «Ну и что, сенің құйрығың креслоға жабысып қалып па еді, алса ала берсін» деген. Соны жариялады, шынымен редакторды орнынан алды. Міне, Назарбаев «Еліміз еңсесін көтеріп келе жатқанда қолдаудың орнына сондай мақала жазып еді» деп соны еске алыпты. Сол кезде де мені шақырып алып, «Мынау не?» деп сөйлескені бар.

«Назарбаев менің юморымды сағыныпты»

– Сол күні Нұрсұлтан Әбішұлымен жеке кездестіңіз бе?

– Иә, кездестім. Сол күні көңіл-күйі жақсы болды. 13 адамға орден тақты. Екі жыл бұрын аяғыма ота жасалған. Медаль тағуға шақырғанда аяғымды сылтып басып қалып едім, «Аяғыңа не болды?» деді. Менімен сол жерде кішкене сөйлесіп қалды. «Ота жасап еді, дұрыс болмаған сияқты» дедім. «Онда осыдан кейін өзіміз оңаша сөйлесейік» деді. Сөйтіп, жеке қабылдауына кіріп, амандық-саулықтан кейін әңгімелестік.

Бұрын алдына барғанда үнемі юмор айтатын едім. «Сенің юморыңды да сағындым» деді. Одан кейін ашық әңгіме басталды: «Жалпы сіз баяғыдан орныңызда отырсыз ғой. Сізді «президенттіктен кет» деп біреу қуды ма? Сол жерде отыра бермедіңіз бе?» деп, әңгімені содан бастадым. «Білесің ғой, 80-нен асқаннан кейін президент болып отыру – диктаторлыққа әкеледі. Халықаралық қауымдастық мұны жақсы қабылдамайды, содан кейін Тоқаевты өткіздім ғой» деді.

Сосын елдегі жағдайды, мәдениет саласын  айттым. «Мәдениет пен спорт министрлігін неге бірге қоямыз, балет пен футболды қалай қатар қоюға болады? Екеуін екі бөлу керек. Спортты өгейсітіп, содан кейін де олимпиададан 87-орын алдық. Жемқорлық қаптап кетті. Балабақшадан басталған жемқорлық барлық салада бар. Олигархтар көк тиын салық төлемейді екен. Кішкентай журналымның 1-2 мың теңге салығын төлемесем есепшотымды жауып тастайды. Олар миллиардтап Қазақстанды емір-еркін еміп, сорып жатыр. Осыларға тоқтау болу керек қой, олар әбден байып бітті ғой» дедім.

42 мың 500 теңгені 60 мың теңгеге көтердік деп мақтанып жатырмыз. Бұл мақтанатын нәрсе ме? 60 мың теңгеге кім өмір сүре алады? Сіз мені ылғи негатив нәрсе көреді деп ойламаңыз! Мен елдегі болып жатқан фактіні айтамын. Ал оны жасыру – трагедияны көбейту.

– Бұрын Назарбаевқа жағымпазданып, поэма арнап жүрген зиялыларымыз таяуда біздің сайтта жамандап шықты. Былайша айтқанда, маскасын теріс айналдырып киіп жатыр. Кімнің не дегенін естіген де шығарсыз…

– «Короля делает свита» деген орыстың мақалы бар. Осындай жағымпаздар президентті диктатураға алып келді

Мәселен, 2002 жылы Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайы Түркістан қаласында өтіп, артынан Дегересте үлкен жиын өтті. Сол кезде Мырзатай Жолдасбеков (өзі менің ұстазым) сөз сөйлеп: «Осы біз батысқа еліктеп, президентті сайлау мерзімін 4-5 жылға не үшін қоямыз? Олар өздерінше, біз өзімізше өмір сүреміз. Сондықтан осы президентті мәңгіге сайлап қояйық» деп алғаш боп ұсыныс айтқан еді. Ол кісі Назарбаев кеткенше осы пікірінен айныған жоқ.

Жолдасбеков сөйлеген сайын уайым қылып отыратын едім. Япыр-ай, Назарбаев жайлы айтқанда «елдің тәуелсіздігін сол кісінің арқасында алдық» деп қалай айтады? Олай емес қой, мұны бәрі біледі!

Біз Тәуелсіздікті ең сонынан алдық. Қысқасы, тәуелсіздік «көшеде» жатқанда алдық емес пе? Бізді Ресей рубль аймағынан итеріп шығарған соң амалсыз егемендік алдық. Әрі-беріден кейін тәуелсіздікті ұялғанымыздан алдық. Ең соңынан алғанын да мақтаныш көреді.

Тағы да біраз адамның үш сөзінің екеуі Назарбаев еді ғой. Қазір «Nur Otan» партиясы қатарынан 150 адам шығыпты. Солар кеше ғана осы партия десе, ішкен асын жерге қоятын адамдар еді. Енді келіп тайқып шыға келді. Қандай опасыздық?! Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып жүрген бейшаралар ғой. Ертең Тоқаевтың басына бұлт үйірілсе, бұлар тағы сөйтеді. Елді құртатын – жағымпаздар.

– Сұхбатыңызға рақмет!