Дос Көшім: Назарбаевтың атынан құтылуды жүйедегі өзгеріс деуге келмейді

0
7100

Ең алдымен сұхбатқа келісіп, уақыт бөлгеніңіз үшін алғысымды білдіремін!

– Желіде «Деназарбаизация» процесі жүріп жатқанға ұқсайды. Бұл үдеріс шынайы өмірде жалғасын табуы мүмкін бе? Салдары не болмақ?

– «Деназарбаизация» жүріп жатуы мүмкін. Бірақ жүйе Назарбаевтікі дейтіндей емес. Себебі жүйе сол баяғы кеңес үкіметінен келе жатқан тоталитарлық әкімшіл-әміршіл жүйе. Сондықтан «Деназарбаизация» процесі жүргенімен ештеңе өзгермейді. Мүмкін кландар арасында өзгеріс болуы ықтимал. Әйтпесе 1991 жылы коммунистік партия келген уақытта демократиялық қоғам құрамыз деп айтты. Ол мүмкін емес нәрсе еді. Өйткені коммунистік партия басшыларының келбеті демократ болу. Бұл еш уақытта жүзеге аспайтын дүние. Расында Тоқаев Назарбаевтан құтыла алмайды. Сондықтан мен бұны халықтың көңілін аудару деп ойлаймын. Назарбаевтың атынан құтылуды жүйедегі өзгеріс деуге келмейді.

– 1986 жылдың 6 ақпанында Қазақстан компартиясының 16-съезінде бірнеше делегат күтпеген жерден Дінмұхамед Қонаевты сынаған екен. Марқұм Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, бұл істе Нұрсұлтан Назарбаев айрықша ынта танытқан көрінеді. Соңғы оқиғаларға байланысты Назарбаевтың Қонаевқа жасаған әрекетін Тоқаев қайталады деп ойлайсыз ба?

– Меніңше, Назарбаев Қонаевқа ештеңе жасай қойғаны жоқ. Әрине, оны көкке көтере қоймады. Егер Тоқаев Назарбаевтың барлық ескерткіштерін алып тастап, қаланың атын өзгертіп, кезіндегі Хрущевтың Сталинге жасаған әрекеттеріне барса, онда белгілі бір өзгеріс жасап жатыр деуге болады.

Тоқаев екінші Қонаев болуы мүмкін бе? Әлде екінші Назарбаев?

Тоқаев еш уақытта екінші Қонаев бола алмайды. Әңгіме Қонаевты көкке көтеріп отырғандығымда емес. Қонаевтың да минустары болды. Мен басқа адамдар секілді Қонаевты өте тамаша адам болған деген нәрсеге еш уақытта келіспеймін. Оның кезеңінде 800-дей мектеп жойылды. Тоқаев екінші Назарбаев болуы мүмкін. Себебі ол Назарбаевпен бірге осы жүйені құрды.

– Соңғы сұрағым болсын, кезінде Елбасыны асыра мақтаған зиялы қауым өкілдері неге Назарбаевтан теріс айналуда? Әлде өздеріне жаңа лидер тапты ма екен? 

– Олар Назарбаевты ақылы, кемеңгерлігі не даналығы үшін мақтаған жоқ. Олар билікте тұрған орынды, креслоны мақтады. Креслоға кім келсе, соны мақтады. Ал оны мақтамаса, не өспейді, не ақшаға жақындамайды. Бұл – қоғамның ауруы, бұл – биліктегі адамдардың ауруы. Бұл жалпы авторитарлы жүйеде, өркениетті, мәдениетті елдерге сай емес. Биліктегі адамдарды мақтау зиялы қауым өкілдерінің өмір сүру принципі. Ертең олар Тоқаевты мақтайды. Біздің зиялы қауым – екіжүзді, бәрі бірдей емес, көпшілігі. Естеріңізде ме, 19-жылы Президенттік сайлау кезінде біз «Ұлт тағдыры» болып Тоқаевқа жалғыз қарсы шыққан қоғамдық күш болдық. Әміржан Қосановты сайлауға түсірдік. Сол уақыттарда Ұлықбек Есдәулет, Жүрсін Ерман тағы басқалар әлі Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы шықпай тұрып, соны қолдаймыз деп жиналыс жасады. Әлі шыққан жоқ. Мүмкін Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында айтыскерлер туралы бірауыз сөз жоқ шығар, бірақ мақтады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Оралбай Мергенбайұлы