Диктаторлардың өлімінен кейін демократия орнай ма?

0
891
Фото: qwerty.gdn

Биліктің ұшар басына жетіп, ондаған жыл бойы тізгінді ешкімге бермеген басшылар жетерлік. Өзін «құдай» сезініп алған басшылар халықтың әбден зығырданын қайнатып, ақыр аяғында биліктен абыройсыз қуылып жатады. Сондай-ақ билікте ұзақ отырған кейбір басшылардың ажалы кенеттен келіп, жұрт арасында әртүрлі әңгімелерге себепкер болады.

Биліктен абыройсыз қуылған басшылар туралы айтқанда Ливия басшысы Муаммар Кадафи еске түседі. Елін 1969 жылдан 2011 жылға дейін яғни 42 жыл басқарған адам туралы қоғамда әртүрлі пікірлер бар. Көпшілік азаматтар Ливия еліне жасаған көл-көсір жақсылығын айтып, «Халық оның жақсылығын түсінбеді» деп жатады.
Әйтсе де, мың жерден халыққа жақсылық жасағаныңмен биліктен шамадан тыс көп отыру, оның жасаған жақсылығын жуып-шайып кетеді екен. Сондықтан да «Жақсылық жасадым екен» деп билікте ұзақ отыру тағдырыңыздың аянышты аяқталатынын аңғартады.

Муаммар Кадафидің өліміне байланысты «Оны ұйымдастырған шет мемлекеттер ғой» деп әртүрлі мысалдар айтуыңыз мүмкін. Бірақ билікте 10-15 жыл отырып, орнын лайықты азаматқа тастап кеткенде, Кадафидің өлімі ит өліммен аяқталмас еді.

Грузияда Саакашвили билікке келді

Енді Таяу Шығыстан өзімізге таныс ТМД елдеріне назар аударайық. Бұрынғы Кеңес үкіметі құрамындағы елдердің ішінде ең алғаш 2003 жылы Грузияда «Раушан төңкерісі» болды. Билікке 1995 жылы келген Эдуард Шеварднадзеден халық 8 жылдан кейін жерініп, оны төңкеріп тастады. Билікке жас, әрі батысшыл бағытты ұстанатын Михаил Саакашвили келді. Саакашвили халықтың үддесінен шығып, елді жемқорлықтан тазартып, Грузияны әлемнің озық елдерінің қатарына қосты.
Қазіргі таңда Грузия билік уақыты ауысып отыратын демократиялы елге айналды. Алайда демократияның қас жауы – «Кремльдің» араласуымен Грузия Оңтүстік Осетия мен Абхазиядан айырылып қалды.

Виктор Янукович қалай биліктен қуылды?

Грузиядағы «Раушан төңкерісінен» кейін екі жыл өткен соң 2004 жылы Украинада қызғылт-сары революция болды. Төңкерістің тұтануына Виктор Ющенконы президенттік сайлауда ресейшіл көзқарастағы Виктор Януковичтің «жеңіп» кетуі болды. Алайда халық сайлаудың әділетсіз өткенін айтып, екінші тур ұйымдастыруды талап етті. Екінші турда Виктор Ющенко жеңіске жетіп, Виктор Янукович қапыда қалды.

Алайда ол 2010 жылы өткен сайлауда жеңіске жетіп, елді 4 жыл басқарды. Ресейшіл көзқарастағы Виктор Янукович Укриананы Еуропа Одақпен жақындастыратын құжатқа қол қоюдан бас тартқан соң елде Еуромайдан басталды. Киевтегі тәуелсіздік алаңында қанды оқиға салдарынан 100-ден астам адам қаза тапты. Осы жағдайдан кейін президент наразы топтардан жасырынып, өзінің жақтастарымен Ресейге қашты.
Виктор Януковичтен кейін билікке келген Петр Порошенко Украинаны Ресейдің ықпалынан арылтып, Еуропаға бет түзеді. Алайда демократиялы ел болудың өтемі ретінде Украина Қырым, Донецк және Луганск облыстарынан айырылды. Қазіргі таңда елді 42 жастағы Владимир Зеленский басқарып отыр.

Ақаевтан кейін Бәкиев елден қашты

1990 жылы билікке келген Асқар Ақаевтың түбіне 2005 жылғы «Қызғалдақ төңкерісі» жетті. Балаларын депутат еткен академиктің әрекетіне халық наразы болып, президентті тақтан тайдырды. Тіпті халық Ақаевтың «Осыдан кейін сайлауға түспеймін» деген уәдесіне де қарамады. 2005 жылдың 24 наурызында Қырғызстанда орын алған төңкерістің нәтижесінде Асқар Ақаев елден кетті.

Асқар Ақаевтан қалған орынтаққа Құрманбек Бәкиев отырды. Алайда ол 2010 жылы 7 сәуірде басталған қанды оқиғалардан кейін дәл Асқар Ақаев сияқты елден қашуға мәжбүр болды. Нақтырақ айтсақ, Тараз қаласында биліктен бас тартатыны туралы қағазға қол қойып, ары қарай Беларусь астанасы Минск қаласына ұшып кетті.
Құрманбек Бакиев Асқар Ақаевтан қарағанда қандықол болып шықты. Үкімет үйі алдына митингіге шыққан адамдарға полиция оқ атып, 87 адам қаза тапты.
Былтыр қазан айында Қырғызстанда кезекті төңкеріс болып, Жиенбеков биліктен кетуге мәжбүр болды. Күні кеше көрші елдің тізгінін Садыр Жапаров алды. Өкінішке қарай Қырғыз елінде Грузия мен Украинадағыдай толыққанды демократия орнамады. Садыр Нұрғожаұлы осы олқылықтың орнын толтырады деп сенеміз.

Ниязов пен Кәрімовтің жұмбақ өлімі

Авторитарлық саяси режимнің бір көрінісі ел басшыларының жұмбақ өлімі болса керек. Бұл ретте Сапармұрат Ниязовтың кенеттен өмірден озуы күдік тудырмай қоймайды. 1985 жылы Түрікменстан КП ОК-нің 1-хатшысы болып сайланған азамат ел Тәуелсіздік алған кезде президент болып шыға келді. Ниязов ел басқарған жылдары жеке басқа табынушылық үстемдік құрып, оның алтын жалатылған ескерткіші ел астанасында орналасты.

Елді 21 жыл басқарған Сапармұрат Атаұлы 2006 жылы кенеттен қайтыс болды. Экс-президенттің тағына оның жеке тіс дәрігері Гурбангулы Бердімұхамедовтың отыруы күдік тудырмай қоймады. Гурбангулы Бердімұхамедов Ниязовтың кезіндегі жеке басқа табынуды тыйып, өзі екінші Сапармұрат Ниязовқа айналды. Бір сөзбен айтқанда, елде ештеңе өзгерген жоқ.

Жұмбақ өлім сериясы Сапармұрат Ниязовпен аяқталмайды. 2016 жылы өмірден өткен Ислам Каримовтың кенеттен көз жұмуы әр түрлі әңгімелерге арқау болды. Елді 1989 жылдан бері ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған автократ басшы өз ажалынан өлді ме? Бұл сұраққа «Иә» немесе «Жоқ» деп жауап беру мүмкін емес. Алайда ол басқарған жылдары оппозициялық көзқарастағы азаматтар түрмеге қамалып, шет елге қашуға мәжбүр болды.

Ислам Каримовтен кейін билікке келген Шавкат Мирзиёев биыл өтетін прзеидент сайлауына қатысуы мүмкін. 64 жастағы прзеидент екінші мерізіммен тоқтамай үшінші, төртінші мерізімге сайлауға қатысып жатса таңғалмаймыз. Өйткені Орта Азияда демократия жуыр арада орнамайтын секілді.

Назарбаев Каримов өлімінен сабақ алды

Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы биліктен «кетті». Бір қызығы ол билікті Тоқаевқа тапсыруды 2016 жылдан бастап ойластыра бастағанын айтқан болатын. 2016 жылы Өзбекстанның экс-президенті кенеттен өмірден өткенін ескерсек, Назарбаев Каримов өлімінен сабақ алғанға ұқсайды. Әйтсе де Елбасы көрші елдің басшысының өлімінен қаншалықты сабақ алды?

Күні кеше Қырғыз елінің президенті Садыр Жапаровтың ұлықтау рәсіміне Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан ҚХА Төраға орынбасары Жансейіт Түймебаев барды. Әлеуметтік желідегі азаматтар «Ұлықтау рәсіміне Назарбаевтың емес, Тоқаевтың өкілі баруы керек еді. Елбасы Тоқаевты қуыршақ президент етіп, елді өзі басқарып отыр» деп жатыр.
Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болғанымен елді іс жүзінде Нұрсұлтан Назарбаев басқарып отыр. Елбасы ел тізгінін 1989 жылдан бастап қолға алғанын ескерсек, оның билікте отырғанына 32 жыл болды. Мұның салдары қалай болмақ?
Өткен аптада Навальныйдың қамалуына байланысты Ресейде саясаткерді босатуға арналған жалпыхалықтық наразылық өтті. Путин Навальныйды ұзақ мерзімге түрмеге қамайтыны анық. Сондықтан да алдағы уақытта саясаткерді босату талабы Путиннің отставкасын талап етуге ұласуы мүмкін. Оның үстіне АҚШ-қа Байденнің президент болып келуі Путиннің тағын шайқалтуға түрткі болады.

Айтпақшы, Беларусияда өткен президент сайлауында Александр Лукашенко Светлана Тихановскаядан оңбай жеңілді. Алайда жалпыхалықтық наразылық Лукашенконы тақтан тайдыра алмады. Себебі Батьканы Путин қолдап отыр. Жалпы Путин тұрғанда авторитар басшыларды орнынан ешкім қозғай алмайды. Бұл тұжырым – Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты. Демек Ресейде Путиннің Кремльден кетуі біз үшін өте маңызды.

KzNews.kz