Дербес деректерді Ресейге берсек, цифрлы бодан боламыз

0
746

«Электронды үкімет», «Цифрлы Қазақстан» атты мемлекеттік бағдарламаларды белгілі бір деңгейді сәтті жүзеге асырған Үкімет Ресейдің Сбер компаниясына дербес деректерді бермек. Тап осы мәселе ІТ саласының мамандары мен қарапайым азаматтарды алаңдатып отыр. Дербес деректеріміз Ресейдің қолына өтсе, ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келмей ме?

ІТ мамандары не дейді?

Алайда отандық ІТ мамандары «Ресейдің ІТ саласының мамандары елімізідің нарығына енсе, өзіміздің мамандар жұмыссыз қалуы мүмкін» деп алаңдайды. Мұндай жағдайда білікті мамандарымыз шет елге кетуге мәжбүр болады. Жұмыссыз қалудан бұрын еліміз Ресейге цифрлы тәуелді болып қалу қаупі жоғары.  Бұл  ІТ саласы бойынша сарапшы Тимур Бектұровтың пікірі.

«Сбербанк технологиясында негізделген бұл говтех платформасы толықтай венгерге бақытталған яғни, венгердің өзінің қарауында ғана басқарылатын технология деп айтылған. Бұл деген сөз қандайда бір өзгеріс енгізіп, қосымша жасағымыз немесе өзіміздің ыңғаймызға лайықтап алғымыз келсе, оны істей алмаймыз. Біз мемлекет ретінде келесі бір мемлекеттің технологиялық компаниясына цифрлық бодан болып қалуымыз мүмкін», – дейді ІТ сарапшы.

Ал Цифрлық құқықтар жөніндегі сарапшылар тобының үйлестірушісі Әрсен Әубәкіров электронды Үкімет бойынша Ресейден қарағанда Қазақстанның тәжірибесі жоғары екенін айтады.

«Негізі көршіміздің ұсынып отырған плаформасы былтыр ғана жасақталған. Біздікінен артық деп айта алмаймын. Сондай-ақ Ресейдің тәжірибесіне қарасам талай халықаралық келісімдер мен конфецияларда қабылданған ережелерді елеп ескеріп жатпайтыны белгілі. Тіпті Еуропалық соттың адам құқығына байланысты талабында орындаған жоқ. Оның ішінде жеке бас деректерді сақтаудағы қателіктерін түзеуге ықылас танытпады да. Сөйте тұра дербес деректерге қол сұқпай, өзінің ақпараттық қорушы ретіндегі міндетін адал атқарады дегенге сену қиын», – дейді ол.

«Сберден» компаниясынан «Каспи» артық

Ал Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменовтың айтуынша, Қазақстан электронды үкімет бойынша Ресейден алда тұр. Нақтырақ айтсақ БҰҰ-ның соңғы рейтингісі  бойынша Қазақстан 29, ал Ресей 37 орында тұр.

«Екіншіден, еліміздің Каспи банкі технология тұрғысынан аймақтағы өзге қаржы ұйымдарынан алда деп есептеймін. Үшіншіден, біз 29 орыннан да алға жылжимыз десек, таяуда ғана президент барған Оңтүстік Корея мен Кеңес үкіметінен шыққан Эстонияның тәжірибесіне назар аударуымыз керек. Олар электронды үкімет бойынша әлемдегі алғашқы үштікке кіреді. Егер біз қазіргі орыннан алға жылжимыз десек, өзімізден кейінгі емес, алдыңғы қатарлы елге қарап бойтүзеуміз керек. Келесі мәселе қазірдің өзінде көптеген қазақтың балалары Microsoft, Google, Amazon секілді компанияларда ақпараттық технология бойынша табысты жұмыс істеуде. Менің ойымша, олардың Қазақ еліне келіп жұмыс істеуіне мүмкіндігі бар. Бірақ ол үшін жастардың осы жақта білімін қажет ететін жобаларды ұйымдастыру керек. Егер кешегі айтқан меморандум шын мәнінде қабылданып кетсе, біз олардың көңілін су сепкендей басамыз. Сондықтан да олар өздері еңбек еткен елде қала беретін болады. Егер Үкімет «Біз сіздерге жақсы қаржы береміз. Бізге мына платформаны одан әрі жақсартып беріңдер. Егер осы жоба сәтті болса, бонстарыңызды төлейміз» деп ұран тастаса шет елде жүрген жүздеген азамат елге келіп, жұмыс істейтін еді. Өйткені олар өздерінің мықты екенін шетелде дәлелдеген», – дейді ол.

Дербес дерекке қатысты қоғамдық тыңдау өту керек

Сондай-ақ ол жолдауда президенттің «Біз ІТ саласы бойынша мамандар дайындауымыз керек» деген сөзін еске алды.

«Осыған байланысты олар болашақта елде жұмыс істей ме, жоқ әлде басқа жаққа кетуге тура келе ме? Біз осыны да ойлануымыз керек. Біз өзіміздің ІТ саласының мамандарының ТМД көлеміндегі әлеуеті жоғары екенін дәлелдеген елміз. Сондықтан осының бәрін ескере келе, Ресеймен ынтымақтастықты сақтай отырып, бірақ адамдардың деректері мен ұлттық қауіпсіздікке қатысы жүйелерді өз елімізде жасағанымыз дұрыс.

Сонымен қатар тағы бір ескеретін жайт, бізде күрделі мәселелерге қатысты Үкіметтің шешімі сайтқа салынып, қоғамдық талқылаудан өтеді. Сондықтан да бұл меморандумды жүзеге асыру үшін ІТ мамандары мен кәсіби қауымдастық және жұртшылықпен ақылдасып барып іске асырған дұрыс деп есептеймін. Мысалы ҚР Мемлекеттік қызмет агенттігінің болашақта қабылданатын мемлекеттік қызметкердің қазақ тілін білу талаптарының концепциясы талқылаға ұсынылды. Оған қарағанда бұл мәселе ұлттық қауіпсіздігімізге қатысты мәселе болғандықтан білікті мамандармен ақылдасып барып шешім қабылдаған жөн», – деді ол.

Соңғы кездері Ресеймен ортақ жобалар көбейіп кетті. Бұл  Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтіп отырған Үкіметке сын болса керек. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген тәмсілді біздің билік қашан түсінеді?

Серғали Асланбек