Депутат: «Футболымызда гол жоқ, ауылдарда жол жоқ»

0

Футболдан Қазақстан құрамасының Парижде Франциядан 0:8 есебімен ойсырай жеңілуі Мәжіліс қабырғасында да айтылды. Бүгін депутат Қазыбек Иса осы мәселені көтеріп, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды kznews.kz сайты Express Qazaqstan порталына сілтеме жасап.

«Баспасөзде еліміздің футбол клубтарына 71 миллиард теңге жұмсалатыны туралы жазылып жатыр. Бір «Астана» клубына өзіне бір кездері 15 миллиард бөлінді. Бірақ содан нәтиже бар ма? Федерацияның бас хатшысы енді бюджеттен қаржы алмаймыз деп жауап беріпті», — дейді Қазыбек Иса.

Депутат соңғы 3 жылда облыс әкімдіктерінің кәсіби клубтарға бөлген қаржысының өзі аз емес деп отыр (111,2 миллиард теңге).

Ал федерацияға республикалық бюджеттен, УЕФА-дан, «Самұрық-Қазынадан» демеушілер бөлген қаржыларды қосар болсақ, оның есебі жоқ. Өйткені ресми мәлімет жоқтың қасы деп күйінді.

Ол отандық жоғары деңгейлі ойыншылардың аз болуы — еліміздегі легионерлердің көптігінен деп санайды.

Өйткені жергілікті футболшыларға көп мүмкіндік берілмейді. Премьер-лигадағы 371 футболшының 150-і — легионер деген дерек келтірді.

«Халық қазынасы қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшыларын байытуға жұмсалуда. Қазақстан 30 жылда бір ғана стадион салса, Өзбекстан 10 стадион тұрғызға. ФИФА-ның әлемдік рейтингінде Қазақстан 125-орынға жайғасқан. Ал ТМД көлемінде бюджеті ең аз Қырғызстан 96-орында тұр. Бразилияға алақалайлап жіберген 78 баланың бірде-бірі қазір футбол ойнамайды. Есепсіз миллиардтарды шашамыз, бірақ гол жоқ. Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ», — дейді мәжілісмен.