Цой: Соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар 39 пайызға көбейді

0
47

29 мамырда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар 39 пайызға көбейді деп мәлімдеді. Науқастардың 44 пайызы Алматы мен Нұр-Сұлтанның үлесінде.

«Соңғы аптада коронавирусқа шалдыққандардың 39 пайызға көбейгені байқалады. 29 маусым күнгі ақпарат бойынша, инфекциялық орындардың – 27 пайызы, реанимациядағы орындардың 24 пайызы бос емес» деді министр.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтанда инфекциялық стационардағы орындардың – 65 пайызы, реанимациядағы орындардың 74 пайызы бос емес. Алматыда бұл көрсеткіш 32-31 пайызды құрап отыр.

Бір күн бұрын Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау саласы шенеуніктері қалада коронавирус жұқтырғандарды емдейтін қосымша орындар ашылып жатқанын хабарлаған.

Қазір екі қалада қосымша шектеулер күшіне енген. Сауда орталықтары жәй күндері сағат 17.00-ге дейін жұмыс істейді, сенбі жексенбі жұмыс істеуіне тыйым салынған. Қоғамдық тамақтану орындары да демалыс күндері істей алмайды. Жұмыс күндері 20.00-ге дейін ашық болады. (Ashyq қосымшасы жобасына қатысатындар үшін басқа ереже қолданылуы мүмкін).

Алексей Цой сейсенбі күні вакциналау науқаны коронавирус жұқтырғандар санын екі есеге азайтуға мүмкіндік берді деп мәлімдеді.

«Вакциналаудың тиімділігі зерттелді. Сәуір мен маусым аралығында вакцина алғандардың 1,3 млн-нан 3,2 млн-ға дейін өсуіне орай, ауру өсімінің екі есеге азайғаны байқалды» деді министр.

Оның айтуынша, қазір елде коронавирусқа қарсы вакцинаның 5,2 млн дозасы пайдаланылған: 3 246 795 адам вакцинаның алғашқы дозасын, 1 954 372 адам екінші дозасын алған. Ол екпе пунктерінде вакцина жеткілікті екенін жеткізді.

Ресми мәлімет бойынша, соңғы аптада вакцина алғандар қатары 1,6 есе яғни, 254 мыңнан 405 мыңға дейін өскен.

28 маусымда Қазақстанда 1300-ден астам науқас анықталды. Бұған дейін билік науқастардың көбеюін «үндістандық штамның» таралуымен байаныстырған еді.