«Бұл ашкөздік пе?»: Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қорына қаржы аудармаған танымал бизнесмендерді сынады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қорына қаржы аудармаған танымал бизнесмендерді сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қорына ақша аударған кәсіпкерлерге алғыс айтты. «Бұл арқылы сіздер еліміздің қайырымдылық көмекке мұқтаж азаматтарының алдында азаматтық жауапкершілік танытып отырсыздар», — деген Президент бастамаға атсалысуға асықпай жүрген қалталыларға тоқталды. «Сонымен бірге, олигополияның құрамына кіретін және тіпті оның бет-бейнесіне айналған бизнестегі кейбір танымал адамдар Мемлекет басшысы бастаған қайырымдылық акциясына қатысуға асығатын емес. Бұл не: ашкөздік пе, нигилизм бе, әдепсіздік немесе немқұрайлылық па? Қалай болғанда да, мемлекет бұл сұраққа толық жауап алу үшін қажетті барлық өкілеттіктерге ие. Өз тарапымнан ірі бизнестің қайырымдылық процесін реттейтін арнайы Жарлық шығаруды жоспарлап отырмын», — деді Мемлекет басшысы. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының Төрағасы болып сайланды.