«Бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді»: Тоқаев Токио Олимпиадасы туралы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода өткен Олимпиада ойындары жайлы пікір білдірді. Өз сөзінде ол ұлттық құраманың ойыны бөлінген қаражатқа сәйкес келмейтінін атап өтті.
Президент бірінші кезекте Олимпиада жүлдегерлеріне алғысын білдірді.
“Токиода өткен Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 93 спортшы қатысты. Жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсеткен атлеттерге алғысымды білдіремін. Олимпиаданың қола жүлдегерлерін құттықтаймын. Бұл ұзақ уақыт бойы жүргізген табанды жаттығулардың жақсы нәтижесі”, – дейді Тоқаев.
Сөзінше, Токиода өткен сайыс спорт саласында түбегейлі өзгерістер жүргізу керектігін көрсеткен.
“Ұлттық құрамның Олимпиададағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екенін көрсетті. Бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөліп, сол арқылы әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізуге ұмтылу қажет”, – дейді ол.
“Алайда 8 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 83-орынға табан тіреген Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді. Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізу керек.”, – деді мемлекет басшысы.
Еске салсақ, Қазақстан Токио Олимпиадасынан алтын да, күміс те ала алмады. Қоржынымызда тек сегіз қола медаль бар. Жалпы командалық есеп бойынша еліміз 83-орынға жайғасты.