Бір топ адам Еуроодақтан Назарбаев және өзге де шенеуніктерге жеке санкция салуды сұрады

0
629
Сурет: Сания Талкен

Азаматтық белсенді Санавар Закирова бастаған сот шешіміне наразы бір топ адам 16 наурызда Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігіне арыз тапсырып, Қазақстанның бірқатар лауазымды тұлғаларына жеке санкция салуды сұрады.

Олар арызда көрсетілген шенеуніктер «азаматтардың конституциялық құқығын, азаматтық және мүліктік құқықтарын дөрекі, негізсіз түрде бұзды» деп санайды.

Жиналғандардың атынан елшіліктердің ғимаратына қабылдауға Санавар Закирова кірді. Ол шыққаннан кейін 13 адамның атынан арыз тапсырғанын айтты.

Түрлі істер бойынша шыққан «әділетсіз» сот шешімдеріне наразы топ бұған дейін ақпарат құралдарына «сот және құқық қорғау органдарынан көрген құқайларын» баяндап, әділдікке қол жеткізгісі келетінін айтқан. Олардың бірі заңды мүлкін қайтара алмай жүрсе, енді бірі «жұмыстан заңсыз қуылдым» дейді. Қазақстанның бас прокуратурасына, жоғарғы сотқа, президент әкімшілігіне талай барып «әділдікке жете алмадық» дегендердің ендігі үміті – Еуропарламент депутаттары мен олардың биылғы ақпанда қабылдаған «Қазақстандағы адам құқығы ахуалы жайлы қарары».

Арыз тапсыруға келгендердің бірі – Алматы қалалық апелляциялық сот алқасының бұрынғы судьясы Күлпаш Өтемісова. Ол өзін «Қазақстандағы өзінің әділ шешімінің құрбаны болған алғашқы және жалғыз судьямын» деп таныстырды.

– Мен апелляциялық шешім шығарарда ірі өндіріс ошағын тартып алғысы келген биліктің жоғары истеблишментінің мүддесін көздеген өз басшыларымның заңсыз нұсқауына бағынбадым. Сол үшін 2013 жылы жоғарғы соттың резервінде тұрғанымда жазықсыз күйіп кеттім. Сондықтан әділдік іздеп сот жүйесінде істеген және істеп жатқан 18 адамның аты-жөнін жаздым, – деді ол.

Ол арызда көрсеткен адамдардың арасында Алматы қалалық сотының бұрынғы төрағасы, қазіргі жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы, жоғары соттың бұрынғы төрағасы, қазіргі конституциялық кеңестің төрағасы, бұрынғы бас прокурор да бар екенін жеткізді.

Санавар Закирова өзінің саяси іспен бір жылға бас бостандығынан айырылғанын, саяси ашық бәсекелестік жоқтығын, партия құрғысы келгені үшін қудаланғанын айтып, «Нұр Отан» партиясының жеткшісі мен лауазымды мүшелеріне санкция сұрап арызданғанын мәлімдеді.

– «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен оның орынбасары Бауыржан Байбекті атадым. Оның үстіне жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов, ішкі істер министрі Ержан Тұрғымбаев та – «Нұр Отан» партиясы мүшесі. Олар партия мүддесін көздеп, маған қатысты заңсыз шешім қабылдады. Осы адамдар Қазақстандағы азаматтар құқығын бұзады, сондықтан мен «Нұр Отан» партиясының басшылығы мен оның бірқатар мүшелеріне санкция салуды сұрадым, – дейді Санавар Закирова.

52 жастағы белсенді Санавар Закирова түрмеден 22 қаңтарда бостандыққа шыққан. Ол Алматы қаласы Медеу аудандық сотының 2020 жылғы 15 шілдедегі үкімімен Қылмыстық кодекстің «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бабы бойынша бір жылға бас бостандығынан айырылған еді. Бірақ Санавар Закированың өзі айыбын мойындамай, «істің саяси астары бар» деп санайды. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар» тізіміне енгізген. Ол өздері әділетсіз деп санайтын сот шешімдерінің күшін жоюды талап етіп, наразылық акцияларына шығып жүрген топтың жетекшісі. Закирова Facebook-те «Нұр Отан» партиясын жиі сынайды.

11 ақпанда Еуропа парламенті басым көпшілік дауыспен «Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі» қарар қабылдады. Қарарда елдегі азаматтық қоғам аясының тарылуын, адам құқықтарының бұзылуы, сайлаудағы әділетсіздік, түрмедегі азаптау, белсенділерді қудалау сияқты адам құқығын бұзу фактілері айтылған. Бұл қарарды жергілікті сарапшылар мен құқық қорғаушылар «кейінгі жылдардағы ең объективті құжат» деп атаса, билік «теріс ұстанымдағы саясаткерлер ұсынған» деген.