Бауыржан Байбек сайлауалды уәделердің Алматы облысында орындалуын тексерді (ВИДЕО)

0

«Nur Otan» Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Саяси кеңестің кеңейтілген отырысы қарсаңында партияның сайлауалды уәделерінің Алматы облысында орындалу барысымен танысты.

Оның айтуынша, Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Nur Otan»-ның әр облыста, қалада және ауданда 217 жол картасының іске асырылуына жүйелі бақылау жүргізілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламасы Алматы облысында 27%-ке орындалған. 757 мың шаршы метр тұрғын үй, 12 мектеп пайдалануға енгізілді, 538 км жол салынып, жөндеуден өтті, 27 мың тұрақты жұмыс орны ашылды және т.б.

«Партияның азаматтарды ауылдық жерлерде тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша сайлауалды уәделері аясында филиал төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге Қарасай ауданы Әйтей ауылындағы «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенін араладым. Онда биыл 200 пәтерлік 50 үй салынған. Таяу уақытта олардың бір бөлігін ауданда кезекте тұрғандар, оның ішінде «көпбалалы отбасы» санатындағылар алады», – деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Бауыржан Байбек атап өткендей, жалпы 5 жылда еліміз бойынша 1 миллиондай қазақстандыққа, оның ішінде 284 мың аз қамтылған отбасыға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жетім балаларға арнап 103 млн шаршы метр тұрғын үй енгізіледі. Бұл үшін мемлекет шығындарды субсидиялау арқылы кәсіпкерлердің ауылда жалдамалы тұрғын үй салуын ынталандыратын болады. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушылары үшін жеңілдетілген несие бөлу көзделген. Жыл соңына дейін 4,5 мың жас маман осы шарамен қамтылатын болады.

Бұдан кейін партия Төрағасының Бірінші орынбасары Жамбыл ауданы Сарыбай би ауылында «Nur Otan» бағдарламасына сәйкес салынған жаңа дәрігерлік амбулаторияда болды.

«Партия еліміздің барлық тірек және серіктес ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер ашуға ықпал ететін болады. Аудандық ауруханаларды заманауи компьютерлік томографиялармен, рентген-аппараттармен және тағы да басқа қажетті жабдықпен жарақтандыру шаралары қолға алынады», – деді ол.

Сол күні Бауыржан Байбек Ұзынағаш ауылында таяуда тікелей халық сайлаған ауылдық округтер әкімдерімен, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттар фракциялары жетекшілерімен кездесті.

Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу барысында сайлауалды міндеттемелерді сапалы орындау және қажетті қаражатты уақтылы бөлу бойынша міндеттер талқыланған. Сонымен қатар, Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында сайлауалды уәделердің іске асырылу барысы онлайн-форматта қарастырылды.

https://www.youtube.com/watch?v=3hf5GmGbl2w