Бас мүфти «телеарна аштым» деп елді қалай алдады? (Фото)

0
805

2021 жылы шілденің 28-інде ҚМДБ басшылығы «OTAU TV» ұлттық жерсеріктік телевизия желісінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы базасында құрылған «MUNARA TV» республикалық рухани-ағартушылық телеарнасы (49-арна) ашылғанын қуанышпен хабарлады.
Елден сүйінші сұраған діни басқармаға қарайтын сайттар «Өздеріңізге белгілі, Қазақстан
мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елімізде жарияланған пандемиялық жағдай кезінде «Халық арна» телеарнасы ашылған болатын деп дабыл қаққан еді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осыған дейін «Халық арнаның» құрылтайшыларымен ынтымақтаса отырып, нәтижелі жұмыс атқарды. ҚМДБ «Халық арна» телеарнасының құрылтайшыларына айрықша алғыс білдіреді. Бұдан былай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының телевизия саласындағы ақпараттық-насихат жұмыстары осы «MUNARA TV» телеарнасы арқылы таратылады»,- деп беттері бүлк етпестен көпеккөрінеу жалған ақпарат таратты.
Неге жалған дейсіз бе? 2020 жылдың қараша айында ҚМДБ «Асыл арнаның» орнына «Халық арна» дейтін арна аштық деп жария етті.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғар: «Халық арна» ашылғандықтан, «Асыл арна» телеарнасы жабылады»,- деп мәлімдеген.
«Халық арна» ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен мүфтияттың 30 жылдығы қарсаңында ашылды деді. Бас мүфтидің орынбасарының айтуынша, Наурызбай қажы Тағанұлы халықтың өтінішімен мүфтияттың медиа саласындағы әлеуетін ескере келе «Халық арна» телеарнасын ашу туралы шешім қабылдапты. «Өтірігіңе береке берсін» дейді халық. Дін адамы осылай дүйім жұрттың алдында қып-қызыл өтірікті қысылмастан айта салу үшін беті қаншалықты қалың, қаншалықты имансыз болуы керек?
Өйткені Бас мүфти өзім аштым деген «Халық арна» 2017 жылдан бері осы атпен эфирге шығып, жұмыс істеп келе жатқан жекеменшік арна екенін ел біледі. Білмегендер сол арнаның сайтынан ақ оқып білер еді. Бұл арнаның құрылтайшыларына Наурызбай Өтпеновтен келген делегация «бірге жұмыс істейік, арнаның көрермені де, рейтингі де өседі, арнаның техникалық жабдықтауына ақша бөлеміз» деп уәдені үйіп-төгіп жекеменшік телеарнаның 52 пайыз акциясын ҚМДБ-ға беруге келістіреді. Біреудің дайын телеарнасын «біз аштық» деп арланбастан жария қылған ҚМБД басшысы телеарнаның бас директоры етіп Нұржан Дарқұловты тағайындайды. Наиб-мүфти Ершат Оңғар оны таныстырғанда «Ол өз мамандығының білгірі», – деді. «Өз ісінің қандай білгірі» екенін Нұржан Дарқұлов АлматыныңТаугүл-3 ықшамауданында бас имам болғанда көрсеткен. Жамағат оның дөрекі сөйлейтінін, көркем мінез түгілі елмен тіл табыса алмайтын одағай мінезін де, діни сауатының шамалы екенін де көрген. Бірақ Н.Өтпеновтің сенімді серігі имам болып жарытпаса да, кейін «Асыл арнада» шариғи редактор болып істеді.
Бізге белгілі дерек бойынша, ҚМДБ басшылығының нұсқауымен мүфтиятқа қарайтын мекемелер ай сайын «Халық арна» телеарнасының мұқтажына деп миллиондаған теңге беріп отырған. Көл-көсір ақшаға мықты арна жасауға болар еді. Бірақ Нұржан Дарқұлов бұл жерде де дарынсыз басшы екенін тағы дәлелдейді. «Халық арнаның» басшылығына берілген уәде сол күйі құрғақ сөз болып қалыпты. Арнаға құйылады деген ақшаның көп бөлігі құмға сіңген судай жоқ болған. Мұның зардабы телеарна эфиріне бірден әсер етті. Керемет болады деген хабарлардың орнын сапасыз, шалажансар дүниелер басып кеткен. Оның сыртында ҚМДБ телеарнаның басшылығына берген қаржылық қолдау жөніндегі уәдесінен де тайқи бастайды. Сөйте тұра, Атырауда «Халық арнаның» аймақтағы филиалын ашып, мұны да бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ерен еңбегі ретінде жарнамалап жатты.
Ақыр соңында телеарнаның директоры Нұржан Дарқұловтың кейбір қылығы мен әрекеті «Халық арнаның» нағыз қожайындарының да шыдамын тауысып тынады. Сөйтіп арнаның нағыз иесі телеарнаның жұмысын құлдыратқан, шығынға батырған ҚМДБ басшылығынан келісім бойынша мойындарына алған міндеттемені дереу орындауын талап ете бастайды. Нағыз діндар адам «Уәде – Құдайдың бір аты» екенін, аманат пен міндеттеменің жүгі ауыр боларын сезсе керек еді. Бірақ, мүфтиятағылар нағыз мұсылманға тән қасиеттен жұрдай екен. Сегіз ай сергелдеңнен кейін Бас мүфти «Халық арнадан» жеріп шыға келді. Ақырында осы оқиға туралы материал жарық көрген соң, ҚМДБ тағы да шу шығып кетпесін деп жанұшырып «Халық арна» иесінің алдындағы қарыздарын беріп құтылыпты.
Ал «Асыл арнаның» орнына мүфтияттың 30 жылдығының қарсаңында құрдық дген мүфтияттың жеке «Халық арна» дейтін телеарнасы қайда кетті?» деген жамағаттың заңды сұрағынан құтылу үшін, бас мүфти шұғыл түрде басқа телеарна ашу туралы тапсырма береді. Міне, «Мұнара» атты телеарнаның шығу тарихы осындай. Айтпақшы ақпарат министрі Аида Балаева ханым қысқа уақытта екі телеарна «ашқан» мүфтидің бұл әрекетінің себебін білуге талпынды ма?
Әлде Хазіреттің сөзін Құранның аятындай қабылдады ма екен?
Жеке телеарна аштық деп елді бір, бәрін қатырамыз, бірге пайда табамыз деп «Халық арна» иелерін екі алдап кеткен білдей бір Бас мүфтидің осы әрекетінен соң дінбасыға, ҚМДБ-ға қалай сенуге болады? «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деп дана қазақ қалай айтып кеткен? Бірақ жалған сөйлеу, жалған куәлік ету ең ауыр күнә дейтін Құдай сөзі – Құраннан қаймықпаған дінбасыдан енді не күтуге болады?
«Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?» дегенді қазақ осындайда айтса керек.

«Демос»ҚБ төрағасы
Құсайынов Тұрарбек